Аты аңызға айналған Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы туралы, оның даналығы мен көрегендігі жайлы тек біздің елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде оның көзін көрген, соғыста бірге болған азаматтардың әңгімелері бар. 1944 Жаңа жылды қарсы алғанда И.Сталин соғыста аса ерлік көрсеткен он бес республиканың өкілдерімен кездесу кешін өткізеді. Бұл қабылдауға Қазақстан атынан Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Муса Сәдібеков қатысқан.
Баукеңнің қол астында болған омбылық соғыс ардагері Николай Петуненко полк командирі туралы бірнеше эпизодты былайша баяндайды.
– Мен Бауыржан Момышұлының қолынан «Ерлік үшін» медалін алдым. Басқа полкке ауысқанда, өзі басқарған полкін сапқа тұрғызып қоштасты. Жауынгерлердің омырауларындағы орден-медальдарына назар аударып келе жатты. Барлығында бар екен. Тек менің омырауымда ешқандай награда жоқ. Қарап тұрды да:
– Солдат, сен соғысқан жоқсың ба? – деді.
– Неге соғысқан жоқпын? –деп, қолымды жайып ишарат білдірдім.
Сол кезде Бауыржан:
– «Даңқ» орденінен кем емес, медаль әкеліңдер! – деп, бұйрық берді. Сол жерде бұйрық шығарды. Табылғаны «Ерлігі үшін» медалі болды. Сол медальді Бауыржан өз қолымен кеудеме тақты, – дейді соғыс ардагері Н.Петуненко.
Өз басынан өткен бір жағдайды былайша баяндайды:
– Майданда сәл қол боста жергілікті тұрғындарға барып, қолғабыс беретін едік. Осындай сәттерде көмегіме риза болған үй қожайыны дастархан жайып, спирт ішімдігімен сыйлады. Мен қызу күйде штабқа өзімнің келгенімді баяндамақшы болдым. Қызу екенімді көрген күзетшілер жібермей жатыр. Әйтеуір штабқа кірдім. Қасында бір офицер бар Бауыржан Момышұлы отыр екен. Мені көрген бойда әлгі офицер:
– Мынаны тұтқындаңдар, әскери трибуналға беріңдер! – деп айқайлады. Бауыржан оны тоқтатып:
– Егер оны құрметтеп сыйласа, ол кінәлі емес қой, несіне жауапқа тартамыз, – деп әлгі офицерді сабасына түсірді. Осылайша Б.Момышұлының адами қасиетінің арқасында мен жазадан аман қалдым.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<