Жауынгер жолы

493

0

Ол жүрегінің жылуы мол адам еді.  Сондықтан көзінің тірісінде жазған естелік кітабын «Әке жүрегі» деп атап кетті. Иә, осы кітапқа алғысөз жазған Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшесі  А.Сопыбеков «Расында,  бұл  кітапты  оқыған  жан  әке  жүрегінің  өмірге  деген  соғысын,  ұрпағына  деген  жылуын  ұғады.  Анасының  ыстық  жүрегін  сезінеді» деген еді.

Мәткәрім  Досжанов 1924  жылдың   көктемінде  Қызылорда облысы,  Жаңақорған  ауданы  «Бесарық»  ауылдық  кеңесіне  қарасты «Ақтас» (мешіті) елді  мекенінде  орта шаруаның отбасында дүниеге келіп, балалық шағы «Келінтөбе» жерінде өтеді. Ата-анасынан жастай жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленіп өскен ол өзіндей азаматтармен бірге 1942 жылы майданға аттанып, 1945  жылдың жазында жеңіспен   оралады.

Елге келген соң алғашқы  ұстаздық  жолын «Жайылма» жетіжылдық  мектебіне әскери жетекші және соғыс ісі пәнінің мұғалімі болып бастап, 1947 жылы осы мектептің, 1952 жылы «Детдом» жанындағы жетіжылдық мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болды. Ал 1957 жылы «Бөрітескен» елді мекеніндегі №165 «Тақыркөл» жетіжылдық мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі,  мектеп директоры болып тағайындалады.

1970 жылы «Төменарық» станциясында ашылған №223  сегіз жылдық  мектепке директор  болып тағайындалып, жаңа үлгідегі білім ошағын қалыптастырады. Білікті ұстаздың бойындағы жауапкершілік пен тиянақтылық, іскерлік пен ұйымдастырушылық қабілеті бағаланып, 1975 жылы Жаңақорған ауданы «Келінтөбе» ауылындағы №192  орта мектебіне директор болып барады. Жалпы оқу-ағарту саласында 45 жыл қызмет атқарған ұлағатты ұстаз 1986 жылы дербес зейнеткерлікке шығады.

Мәткәрім Досжанов Жаңақорған ауданы халық депутаттарының «Келінтөбе» ауылдық кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сайланған. Сол  кезеңде ауылға алғаш типтік мектептің салынуына қол жеткізеді. Сөйтіп ауыл сыртындағы бірқабатты жатақханада оқып келген балаларды типтік мектепке көшірген. Сонымен қатар, «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнін үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласа білген жоғары сынып оқушысына әр тоқсан сайын өз қалтасынан шәкіртақы тағайындаған бірден-бір білім қайраткері екенін айтпасқа болмас.

Майдангер ұстаз М.Досжановтың оқу-ағарту саласында атқарған үздік қызметі бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медальмен марапатталады.

Білім беру және тәрбие жұмысын жүргізудегі үздік еңбегі үшін Қазақ ССР  Оқу министрінің «Қазақстан Республикасы  халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен,  КСРО Білім министрлігінің «КСРО оқу-ағарту ісінің озығы» төсбелгісімен марапатталады. Аудандық халық ағарту  бөлімінің бірнеше құрмет грамоталарымен, сондай-ақ, Жеңіс  күніне орай Президенттің, облыс әкімінің құттықтаулары табысталған.

Мәткәрім Досжанов қоғамның талабын, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға  белсене араласты. Ауыл, аудан өмірі мен тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелерді шешуде ақылын  айтып, жастарға жол көрсетті.

Майдангер ұстаз өмірден өткен соң мектеп мұғалімдерінің бастамасымен қоғам қайраткері Мәткәрім Досжановты еске алуға арналған аудан және облыс ұстаздары арасында патриоттық-спорт турнирін өткізіп келеді.

А.ҚАЗБЕКОВ.

Жаңақорған ауданы,

Келінтөбе ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<