Желтоқсан қаһармандары

610

0

Сол бір Желтоқсанда қаншама ұлтжанды ұл-қыздарымыздың тағдыры тәлкекке салынды.

Қайрат Рысқұлбеков – Қызыл империяның озбыр үстемдігіне қасқайып қарсы шыққан қазақ батыры. «Мен алаңға Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым» деген жалынды, рухты сөзі әлі күнге ел жадында.

Ләззат Асанова қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы бас көтеруіне белсене қатысқан. «Қазақтар! Кіріптарлық, құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» деп қайсар мінезімен жастарға қуат берген қазақтың қаһарман қызы.

Сәбира – тәуелсіздік жолындағы алғашқы құрбандардың бірі. Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджанова жиырма қыздың өмірін арашалап қалған. Тергеушіге «Ешкімге тиіспеңдер, оқудан шығармаңдар, барлығын мен ұйымдастырдым және мен алаңға алып шықтым» деген.

Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда алған соққыдан көз жұмған Ербол Сыпатаев болатын. Шаяхмет Оразымбекұлы есімді азамат өз мақаласында «Сырт киімдері жыртылып, иықтарына төгілген шаштары қобыраған қос бойжеткенді ығына алып қорғаштай шегінген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетіп келіп, оңды-солды келтегін сермеген сауыттыны аяқтан шалып құлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық» деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көп қабатты үйлердің қалқасына қарай жүгірді» деп Сыпатаев туралы мәлімет жазған болатын.

Жаңашыл жастарымыздың бұл оқиғаға көзқарасы айрықша. Өйткені  батырлардың ерен ерлігін жалғаушы қаһармандар – жастар. Желтоқсанда мұзда жанған алау жас ұрпақтың отаншылдық сезімін арттырмақ.

Айғаным Нұрлан,

дарынды қыз балаларға арналған білім-инновация лицейінің 11 «А»

сынып оқушысы.

Астана қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<