Жеңіс жауынгері

736

0

Кісіліктің бет-бейнесін кішілік арқылы таныта білген, бекзада болмыс иесі Ерман Бекжанов төрт жыл соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатқандардың бірі. 1902 жылы Шиелі ауданы, қазіргі Бала би ауылында дүние есігін ашқан ол сол уақыттың ауыртпалығын жан-тәнімен сезініп өсті. Жастайынан ата-анадан айырылды.

Содан болар болаттай мінезімен, бейнеткештігімен көзге түсті. «Жорға аттың қадірін тақым менен бел білер, азаматтың қадірін – жақыны емес, ел білер» деген даналықты қазақ халқы қалай дөп басып айтқан дерсіз. Расында, Ерман атамыз мал шаруашылығына бейім, көрші-қолаңға үнемі қолғабыс етіп жүретін өте ақжарқын кісі еді. Ел ішінде еңбек етіп, төрт түліктің бабын тапқан оның табандылығына ауыл халқы тәнті болатын. Ел енді ғана ес жиып, қайтадан тұрмысын түзеу үшін тынбай тіршілікке кіріскен тұста жігіт ағасы 20 жасқа енді ғана толған Мәулен Дүйсенбайқызын кезіктіреді. Ақын қыз қара өлең ұйқастырудың шебері болатын. Сұлу бейнесі, көркем мінезімен жараса кеткен жұп үлкен өмірге қадам басып, отау тігеді. Екеуінен Гүлжан, Ұлжан есімді екі қыз дүниеге келеді.

1941 жылы тату-тәтті күндердің тынышын ұрлаған Ұлы Отан соғысының оты тұтанып кетті. Еркек кіндік атаулы елін, жерін қорғау үшін қару асынып, қан майданға аттанды. 39 жасқа қараған шағында Ерман Бекжанов та Отан қорғау үшін ұрыс даласына барды. «Елі үшін кеудесін оққа тосқан қаншама бауырларымыз ажал құшып жатты. Жау басынбасын деп, қазақы намысқа салып, алға ұрандаған да біздің бауырларымыз. Тіпті, кей кездері окопта мерт болғандардың қасында жаттық» деп зұлматты жылдарды еске алғанда жанары жасқа толып кетуші еді атамның. Оны тыңдаған біздің де денеміз тітіркеніп сала беретін. Ерман атамыз 4 жылға созылған соғыста бірнеше рет жарақат алып, госпитальда жатады. Бірақ, ауыр жарақатына қарамастан ұрыс даласына қайта сұранып барған ерлігі ешқашан өшпейді. Артиллерияда арбамен зеңбіректерді сүйрете жүріп, неміс басқыншыларына бірнеше рет тойтарыс береді. Ерман атам миллиондаған майдангерлер көре алмай кеткен жеңісті көрді. Сталиннің қолы қойылған марапаттау қағазын алды. ІІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені мен Ұлы Жеңістің 20, 30, 40 жылдық мерекелік медальдарын кеудесіне тақты.

Ұлы Отан соғысының ардагері елге келген соң, еңбек майданына кірісіп кетеді. 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударып, қайтадан мал шаруашылығын жандандыруға атсалысады. Отбасымен аман-есен қауышқан оның шаңырағынан Ұлман, Зина және Жаңабай есімді ұл-қыздары өсіп-өнеді. Оларды еңбекке баулып, бейбіт күннің қадірін бағалауды үйретті. Осылайша, 1959 жылы Шиелі ауданына қарасты Жеміс-жидек ауылына қайтадан қоныс теуіп, жетім-жесірлерге көмек беруге кіріседі. Ауыл тұрғыны Бекнұр ағамыз әлі күнге «Ерман көкемнің жақсылығын ұмытпаймын. Ашаршылықты, соғысты көрген кісі болғаннан соң ба, ішерге ас таппай қиналған біздің шаңыраққа үйіндегі бұзаулы сиырын алып келіп, балаларыңа ағарған бер дегені бар. Бұл қайырымды ісі бүкіл өміріме азық болып келеді» деп жиі айтып отырады.

Жеміс-жидек ауылындағы әрбір бау-бақшада да атамның іздері сайрап жатыр. Ол үнемі «ағаш егіңдер, жеміс көшеттерін отырғызыңдар» деуден танған емес. Жеміс-жидек ауылындағы алма бағының ғұмырлы болуы үшін тынбай еңбек еткен жанның бірі болатын. Ал, ақын Мәулен апамыздың  «соғыс жақында бітеді, біз жеңеміз» деп келтірген әніне ауыл басқармасы бір мал атап берген деп айтып отыратын. Өнегелі ғұмырдың ғибраты біздерге, Тәуелсіз елдің ұрпағына асыл қазына болып қала бермек. Бейбіт күннің де бақытына бөленген Ерман атамыз 2000 жылы 3-желтоқсанда 93 жасында  өмірден өтті. Майдангер есімі ел жадында сақталып қала бермек.

Гүлнұр ШІЛМАНОВА,

шөбересі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<