Жеңісті жақындатқан Нұраға

843

0

Облыс орталығынан шалғайлау орналасқан Аманкелді ауылына қарасты Қызылту бөлімшесінде 1907 жылы өмірге келген Нұрғали Нақыпбаев екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ордабұзар отыз жастан асып бара жатқан-ды. Неге екені белгісіз, Нұрғали соғысқа өз қатарларымен қабат шақырылмады. Тепсе темір үзетін шағында қолына қару алып, Отан қорғауға аттанбағанына іштей намыстанса да сырт көзге сыр бермейтін. Анасы Айтолқын атпалдай азаматтың елге көмегі ересен екенін, қашанда қол күшін, ердің қаруын қажет ететін істен бас тартпауы тиіс екенін ескертіп, үнемі басу айтатын. Көңілі алаң болса да, “Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін” деп еңбек еткен ауылдастарының қатарында уақытпен санаспай еңбек етті. Қайда ауыр жұмыс бар, ер азаматтың күші қайда керек Нұрғали сол жерден табылатын. Қысқасы, ауылдың бар шаруасын өз қолынан өткерді.

Соғыс өрті қаулап тұрған 1942 жылдың 15 ақпанында көп күттірген шақырту қағазы да қолына тиді. Өзімен бірге шақырылған әртүрлі жастағы жандармен бірге Ресейдің Новосібір облысындағы Татарка стансасына келді. Осы арада сегіз ай соғыс өнеріне машықтанды. Одан кейін Смоленск облысы аймағында арнайы жасақталған №7 гвардиялық барлау эскадроны құрамында Украинаны азат ету мақсатында Харьков бағытындағы соғысқа қатысты. Жауды өкшелей қуып, Житомир қаласына дейін жеткен-ді. Сол арадағы екіжақты жан алып, жан беріскен соғыста ішінен ауыр жарақат алды. Сөйтіп Нұрғали Өтеуліұлы қырық төртінші жылдың алғашқы күнін Ленинград қаласындағы госпитальда қарсы алды. Одан шыққаннан кейін №372 жаяу әскер құрамында Нарва қаласын азат етті. Одан кейін әскери қала атанған Гарбольда ерекше бөлім бас­тығы Иван Шумиловтың арнайы қыз­метшісі болды. Ол жұмыс айтуға жақсы болғанымен, командирдің атшабары болу оңай емес-ті. Оның қас-қабағын ба­ғып, ойындағысын айтқызбай ұғу да шеберлікті, шалттықты қажет етеді. Қызметінің ұнағаны болар кіші сержант Нұрғали Нақыпбаев ерекше бөлім басты­ғы­мен соғыстың соңына дейін бірге болды. Солай жүріп Выборг қаласын фин­­дерден азат етуге, Варшаваны не­міс басқыншыларынан тазартуға атса­лысты. Польшаның астанасы үшін айқас үш тәулікке созылды. Неміс әскері шегіне-шегіне өз аймағына енді. Жан беру оңай ма, кескілескен ұрыстар жүріп жатты. Нұрғали Өтеуліұлы Германияның Штитен мен Дансег қалаларын алуға қатысты. Ұлы Жеңіс ме­ре­кесін неміс жеріндегі жан жағын су қоршап жатқан бір аралда қарсы алғаны есінде. Отанды қорғау жолындағы үш жылға созылған жанқиярлық еңбегі еш кетпеді. Бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталды. 1944 жылы майдан даласында коммунистік партия қатарына қабылданды. Ажал оғы зуылдап, адам қаны судай төгіліп жатқан соғыс аймағында партбилетін жүрегіне басып тұрып берген антына өле-өлгенше адал болып кетті. Ел үшін, туған жердің бір уыс топырағы үшін жан алып, жан беріскен бірнеше миллион кеңес әскерлерінің қатарында қарапайым ауыл жігіті Нұрғали Нақыпбаев та Ұлы Жеңісті жақындатуға бір кісідей атсалысты.Ел Жеңіс мерекесін тойлап жатқанымен кеңес жауынгерлерінің басым бөлігі соғыс жайпап өткен аймақтарда қалпына келтіру жұмыстарымен айналысты. Нұрғали да өз полкімен бірге одақтас республикалар аумағында сондай жұмыстармен айналысып жүріп, қырық бесінші жылдың қыркүйегінде елге 45 күндік демалысқа оралды. Қызылордаға келісімен ең алдымен әскери есепке уақытша тіркелуі тиіс-ті. Демалыс деген аты ғана, тек жеңіс үшін, майдан үшін деп еңбек еткен ауылдың ахуалы да оңып тұрғаны шамалы. Ыңыршығы айналған ауыл шаруашылығы, ер азаматтың қарулы күшін қажет ететін құрылыс саласы алақан мейіріміне шөлдеп тұрған сыңайлы. Үй-іші тірлігі өз алдына. Нұрғалидың демалысы егін жинау науқанымен тұспа-тұс келді. Алғашқыда сағыныштары басыла қоймаған Өтеулі ақсақал мен Айтолқын ана, өзінің жары Бегайым қырғын соғыстан аман қайтқан солдатты төрге отырғызып қоймақшы да болған. Алайда, көзге көрініп, ер азаматтың қолын керек етіп тұрған сан тірлік, туғандарына деген жанашырлық сезім Нұрғалидың алаңсыз демалуына мүмкіндік бермеді. Білек сыбана іске кірісті. Есік алдындағы жердің күтімі, ауыл сыртына еккен қауын-қарбыздың жиналуы мен жүгері, бидайдың бастырылуы, азын-аулақ малдың қора-қопсының жөнделуі мен қыстық жем-шөбінің дайындалуы секілді жұмыстар бірінен кейін бірі келіп тұрды. Үш жылдай оқ пен оттың ортасында жүріп, әскери қатаң өмірге әбден төселіп қалған қызыләскер ауылдың күйбең тірлігін сағынып-ақ қалған екен. Әр істі қуана, құлшына атқарды. Уақыты бітуге жақындағанда өз полкіне оралу үшін әскери комиссариатқа барды. Олар ер азаматтың көмегі мұндағы елге де қажет екенін, өзінің әскер қатарынан босатылғанын, енді осында еңбек ететінін айтты.Нұрғали Нақыпбаевтың соғыстан кейінгі өмірі Сырдария ауданының Жетікөл ауылында басшылық қызметтен басталды. Бес жылға созылған алапат соғыс тұралатқан ауыл экономикасын жандандыру, халықтың әл-ауқатын көтеру, ел болашағы балалар мен жастардың жағдайын жасау барысында бірқатар жұмысты атқаруына тура келді. Атқарды да. Кейін ел басқаруға білімді жас буындар келгенде өзі өзге жұмысқа ауысты. Облыстық қаржы бөлімінде абыройлы қызмет етті. Содан кейін аймақтағы орман шаруашылығын дамыту бағытына біраз еңбек сіңірді. Қай жерде еңбек етсе де өзінің бір сөзді әділдігімен, тура айтар мінезімен көзге түсіп, айналасындағыларға сыйлы болды. Партия ұйымдары тарапынан үнемі алғысқа, марапаттауларға ұсынылып отырылатын.Нұрғали – жары Бегайыммен бірге он бала тәрбиелеп өсірген бақытты жан. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған берекелі отбасы туған-туыстың, ағайын-жекжаттың бас тіреп келер қарашаңырағы еді. Бегайым ана жарын соғысқа аттандырып, өзі елдегі бар шаруаға бел шеше кіріскен-ді. Атасы мен енесінің, кішкентай баласының күтімі, үй тірлігі бәріне де үлгіретін. Кейін ойлап қараса соғыс жылдарындағылар демалудың не екенін ұмытқандай екен. Түннің бір уағына дейін колхоздың шаруасын бітіріп келіп, таңертең ерте өздерінің қорасындағы санаулы малын жайғап, шағын егістігін баптайтын. Өйткені, соғыс жылдарында үкіметтен еш көмек берілмейтін еді. Жүгері мен бидай егіп, дәнін бастырып алатын. Дәнді қыс бойы диірменге тартып, ұн, одан нан дайындайтын еді. Қауыннан қақ тіліп, қауынқұрт қайнатып алатын. Сиыр сүтінен қыстық жейтін құрт, май, сүзбе, жент дайындайды. Осының бәрі қыстық азық. Сондықтан үй тірлігінен үлкен-кіші бәрі де бас тартпайтын.

Нұрғали Өтеуліұлының қызы Қалимаш ата-анасы жайлы мынадай естелік айтады: – Анамыз Бегайым өз жанынан өлең шығаратын, үнемі ыңылдап ән салып жүретін-ді,– дейді.– Майданға өлеңмен хат жазып, ауыл-үй арасында қайныларымен өлеңдете айтысатын. Қалаға алпысыншы жылдардың бас кезінде көшіп келдік. Бойында ерекше қасиет болғаны болар, анам кейін сынықшы болды. Қолы шыққан, буыны тайған, аяғы зақымданған жандар анама жиі келетін еді. Әкем бес уақыт намазын оқып, әркез бізге біреудің ала жібін аттамау, өтірік-өсек айтпау, тек қана адалдықпен өмір сүру қажеттігін ұғындыратын. Е-е, қазір осының бәрі ертегі секілді. Ал Шымкент қаласында тұратын үлкен қызы Патима әкесінің майдан, одан кейінгі еңбек жолдарын еш жаңылмай еске алады. Өзі де қарттықтың ауылымен қоныстас болған жан үшін жүзден әрі асқан, әлдеқашан бақилық болған әке-шешесі әлі қасында, өзімен бірге секілді. Өйткені, жаны таза жақсы адамның соңында жақсы естелік қалады. Өздері жоқ болса да оны сағынышпен еске алатын үрім-бұтағы бар, айбыны асқақ елі бар. Демек, олардың есімі еш ұмытылмайды. “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген осы болар, сірә.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<