Дәл қазір бірімізді біріміз жоқтай білетін, бірімізді біріміз ардақтай білетін жаста тұрмыз. Сондықтан туған-туыс, бауыр, ағайындар арасында тіршілік ағымында жіберіп алған кемшілікті түзетуге тырысамыз. Мен де ағымнан жарылып Айтбай жездемнің барында өзім жіберіп алған кемшілігіме өкініш білдіріп отырмын.
Менің Жүнісбек, Мәкен, Жеңіс атты үш ағам болды. Олар мені баланың кенжесі болған соң ба, алақандарына салып, ерекше қарайтын. Тіпті бетіме тік келмейтін. Еркелікпен айтқан қай сөзімді де көтеретін. Қысқасы, менің пікіріммен үлкен бастарымен келісіп отырушы еді. Өз ағаларым өзімді аялап, мәпелеген соң ба, туған жездем Айтбайды қашықтау көрдім. Оның бірнеше факторлары болды.
Бірінші, бір көрпенің астында бірге жатып жүрген жалғыз апам Қазынашай ерте (17 жасқа толмаған) Айтекеңе қашып кетті, яғни Айтбай алып қашты. Екеуінің өзара сүйіспеншілігін білетін жаста емеспін (10 жас) үйден қашып кеткен Қазынашайды, ұрлап алып қашқан Айтекеңді жақтыра қоймадым. Екеуіне де өкпеледім. Ренжідім. Сондықтан бала кезімнен Айтбай жездемнің маған көрсеткен жақындығын елемедім. Бұл да ешнәрсе емес, кейде тіпті осы жездемнен қарадай мін табуға бейім тұрдым.
Екінші, Айтекең үйлене сала әскери міндетін өтеу үшін (ол кезде 3 жыл) түу Саратов қаласына кетті де қалды. Қазынашай қайнысы Аман мен қайынсіңлілері Есен, Әсеммен қалды. Бұл да маған ұнамады. Бұрынғы-бұрынғы ма, жақтырмаудың үстіне жек көру қосылды.
Уақыт алға жылжыды. Айтбай жездем мен Қазекең балалы-шағалы болды. Өсті. Өнді. Әке-шешеме, ағаларыма ұнады. Тіпті елдің бәріне ұнады.
Айтекең өте намысшыл болатын. Намысқойлығы сол, жетім өссе де қарауындағы іні-қарындастарын ешкімнен кем еткен жоқ. Барынша көмектесті. Мұны көзім көрді. Менің де материалдық жағдайыма шапағаты тиді. Басқа да ағайындарына өз көмегін аяған жоқ. Мұндай жоғары азаматтығы әркімнің есінде.
Ұмытпасам, 1960 жылы болар, туысы Қараманның жалғыз Өлмес атты ұлы тракторден аударылып, қайтыс болды. Әке-шешесі зар жылап қалды. Әскерден аз күн демалысқа келген Айтбай жездем осы оқиғаның үстіне түсті. Сонда жүрегінің кеңдігін айтсайшы. Өзінің бір жарым жастағы (әрі емізулі болатын) тұңғыш ұлы Мақсұтты Қараман ағасы мен Бибайша жеңгесіне берді.
– Көздеріңнің жасын тыйыңдар! Өлместің орнына Мақсұтымды берем. Бауырларыңа салыңдар, – деп жездем жұбатуды осылай жасады. Бұл ерлік емес пе?! Керемет қой! Міне, ақ жүректілігі, азаматтығы! Қазір сол Мақсұт Қараман шаңырағын берік ұстап отыр. Үбірлі-шүбірлі.
Айтбай жездем мал шаруашылығында (қой өсіру, ірі қара бағу аралас) еңбек етті. Тер төкті. Талай марапаттауларға ие болды. Жездемнің өзгелерде жоқ, өзіне тән бір қалыпқа сыймайтын мінезінің өзі ерекше. Әттең, оқымай қалғандығы, әйтпесе шығар шыңы өте биік еді.
Жездемнің өмірден өткеніне биыл 10 жыл. Айтекеңнің алым-аясы, кең ауқымды зердесі, қабілет-қарымы, мол адамгершілігі, түгесілмес мейір-шапағаты, таным-түсінігі жоғары екенін біле тұра, осы қасиетін тірі кезінде БАҚ саласында қызмет еткенде неге дәріптемедім, неге бір қалам түртпедім, неге істеген ісін жарқыратып көрсетпедім деп қазір өкінем. Бәлкім, оның кезеңі енді келген де шығар.
Өріс Яшүкірқызы,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<