Жүректен дәремет, жүзінен шапағат шашқан

832

0

Әр адамның өмірі – бір тағдыр, бір тарих. Сол адам тағдырын өзі арқалап, тарихын еліне арнайды. Бірақ, оны көбіне қимас жақсымыз жанымыздан алыстай бергенде сеземіз. Іздейміз, ізгілігін кейінгі ұрпағына жеткізуді парыз тұтамыз. Біз бүгін Сыр елі денсаулық сақтау саласының дамуына кәсіби біліктілігімен бірегей үлесін қосқан провизор маман, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ердәулет Оразбеков туралы әңгімелемекпіз.

Ердәулет 1942 жылы 17 наурызда майдангер Оразбек пен қарапайым отанасы Қалбибіштің отбасында дүниеге келген. Әкесі соғысқа аттанғанда сәби іште қалған екен.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалың жетпей өлмейсің» деген, қан майданның қасап даласында үш рет оқ тиіп құлап, үш рет қайта сапқа тұрған солдат Оразбек Сапарбаев күллі Еуропаны етігімен басып өтіп, Берлинге жетеді. Жоғарғы қолбасшылық оны соғыстан соң да Польша мен Чехославакияда бейбіт өмір қалыптастыру қызметіне қалдырады.

 Отан алдындағы борышын өтеп, омырауында «Ерлік көрсеткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» секілді бірнеше медалі жарқыраған жеңіс жауынгері 1947 жылы елге оралады. Бейбіт күннің еңбегін Шиелі аудандық газет баспаханасындағы қара жұмыстан бастайды. Мұнан соң «Гигант» совхозының мал шаруашылығында қызмет етеді. Еңбек майданында да өзінің күш-жігерін аямаған Оразбек соғыстағы үш рет денесін көктеп өткен қорғасын оқтың зардабынан 1964 жылы алпыс жасқа да толмай өмірден өтті.

Он үш құрсақ көтерген Қалбибіш ананың жеті нәрестесі шетінеген. Ол заманда медицина әлсіз, дәрі-дәрмек қат. Қызылша, оспа деген аурулар қазақ ауылының балаларын қынадай қырған. Азанда бір баласын, кешке бір баласын жерлеген аналар болған.

Әкесі қайтыс болғанда Шиелі стансасындағы Ломоносов атындағы №47  мектепті үздік бітірген үйдің үлкені Ердәулет Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медицина институтының 1-курсында оқып жүр еді. Үш қарындасы мен інісі Әшім мектеп оқушысы, ал, отбасының кенжесі Тәшім төрт жаста болатын.

Бұл кезде Оразбек отбасы Жаңақорған ауданының Байкенже ауылында тұратын. Бар ауыртпалықты арқаға салған Қалбибіш ана бес баласымен тіршілік теперішін тартты. Атқа аяғын енді артқан Ердәулет оқуының бірінші жылын аяқтап, ауылға келіп үй салды. Қазіргі кезбен салыстырсақ, осы жастағы балалар әлі ата-анасының әлдиімен жүретін кез. Студент жасындағы бозбаланың бозалатаңнан тұрып, белі бүгіліп, қолы майысып, кетпендеп лай жатқызып, кесек құйып жүргені – сол заманның зіл салмағы мен ауыр хәлінің бір дәлелі.

Ердәулет 1968 жылы институтты провизор мамандығы бойынша бітіріп, Қызылорда қаласындағы №33 дәріханада еңбек жолын бастады. Екі жыл ішінде алған білімі мен адами қасиеттерін жақсы таныта алған жас маман қалалық перзентхананың дәріхана меңгерушілігіне жоғарылады. Ал, 1974 жылы Шиелі аудандық №34 дәріхана меңгерушісі және аудандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып бекітілді. Ол осы қызметті жиырма жылдан астам атқарды. Кәсіби біліктілігін, азаматтық қарымын халықтың денсаулығын сақтауға арнады. Уақытпен санаспады, жеке жағдайымен есептеспеді, қажыр-қайратын елдің қызметіне жұмсады. Абырой иеленді, алғыс алды.

Кеңестік заманда жоспарлы экономикаға негізделген қоғамның өз жетістіктері болды. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс жан-жақты нәтиже беретін. Ердәулет провизор маман ретінде ауданда қанша тұрғынның қандай аурумен ауыратынына сараптама жүргізді. Осыған орай жылдық жоспардың дер кезінде және тиімді жасалуын қамтамасыз етті. Сол еңбектің арқасында қажетті дәрі-дәрмектер әр жылдың басынан бастап дәріханаға жеткілікті мөлшерде түсіп тұрды. Ел ішінде ауырғандар Ердәулетке бар дейтін дәрежеге жетті. Өйткені, ол дәрі жеткізумен және сатумен ғана айналыспай, науқастармен арнайы байланыс орнатты. Есепте тұратын науқастар үшін қажетті дәрілерге тапсырыс жасап, олардың кеселден айығып кетуіне себепші болды. Жұртқа дәрімен ғана емес, жылы сөзімен де дәремет берді. «Дерт көп, денсаулық біреу» деп сақтандыра жүрді. «Жақының ауырып жатқанда – елемей селсоқ жүрерсің, әлекке ауру салғанда – қадірін жанның білерсің» дейтіндер қатарынан емес-ті. Әрбір ауырған адамның жай-күйіне алаңдап, жақсылық жаршысына айналды.

Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары қоғам нарықтық экономикаға қарай қадам басты. Дәріханалар жекешеленіп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласы ыдырап, бұл қызмет облыстық денсаулық сақтау басқармасының бір бөліміне қарап қалды.

Дәл осы кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымының кандидаты Тұрғанбай Маханов дәрі-дәрмек саласының құлдырамай аяққа тұрып кетуіне қауқарлы маман деп Ердәулет Оразбекұлын таныды. Сөйтіп, оны Шиелі ауданынан өзі басқаратын денсаулық сақтау басқармасына қызметке шықырды.

Ердәулет Оразбекұлы бұл қызметінде де басқарма басшысы күткендей, кәсіби шеберлігін, қызметке деген тазалығын көрсетті.  Жерлестерімізді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі қиын кедергілерден алып шығуға үлкен үлес қосты.

Ердәулет Оразбекұлының кәсіби біліктілігі туралы: «Облыстың медицина ұйымдарындағы дәрілік заттардың, профилактикалық препараттардың есебін жүргізу, сақталуын қадағалау, тиімді пайдалануы жөнінде ұйымдастыру-әдістемелік көмек жүргізе білді, – дейді 1998 жылдан бастап  облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс істеу бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқарған Еркебай Аяпов, – Ерекеңді көп шәкірті біздің ұстазымыз осындай деп мақтан етеді. Ол кісінің бойындағы адами қасиеттері үлгі тұтарлық болатын. Ешкімді алаламайтын, жатырқамайтын. Ағамыз әсіресе отырыстарда ерекше көңілді болатын, әдемі даусымен ән айтатын. Әлі күнге дейін сыңғырлаған үні құлағымыздан кетпейді», – деп сағына еске алады ардагер.

Адам қызметте тек іс үстіндегі іскерлігімен танылса, өмірде күллі қазына кенін ақтарады. Еркебай ағамыз айтып отырған Ердәулет Оразбекұлының үлгілі бет-бейнесі, ешкімді жатырқамайтыны, тіпті жанындағыларға қуаныш сыйлап, ән салатыны, бұл – адам болмысындағы мейірбандық һәм тазалық сипат. Адамды мұндай қалыпқа түсіретін – ең әуелі ататек қасиеті, сосын өмір сабағы.

Әкеден жастай қалып, анасы мен бауырларына қамқор, қорған болған Ердәулет ерте есейіп, мойнына артылған жүкті қары талса да көтеріп, сүйегін сырқыратқан соғыс жарасын жаныма батты демей, тағдырмен күрескен жан.

Қызметіне қылдай қиянат жасамай, міндетін адал атқара жүріп, ағайын-туыс балаларының жоғары мектепте білім алуына да қолынан келгенше ықпал жасауы жарқын болашақты көбірек ойлауы екені анық. Өзінің туған інісі Әшім Оразбекұлын ауылдан Қызылорда қаласындағы орта мектепке ауыстыруы орыс тілін меңгерсін, қалалық мәдениетке үйренсін, жоғары оқуға қиналмай түссін деп келешегінен көп үміт күткені еді. Сол бауыры аға сенімін ақтады. Көп жыл жауапты қызметтер атқарып, аудан басшылығы лауазымына дейін көтерілді. Шиелі ауданының өсіп-өркендеуі жолында өз қолтаңбасын қалдырған елдің құрметті азаматына айналды.

Мәскеуден институт бітірген інісі Тәшен Оразбекұлы да бүгінде түрлі қызмет жолдарынан өткен білікті маман. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті әкімшілік-шаруашылық департаментінің директоры болды. Қазіргі таңда Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжінде басшылық қызмет атқарып келеді, техника ғылымдарының кандидаты.

Ердәулет ағаларының қамқорлығымен іні-қарындастарының бәрі де жоғары мектептерде білім алған. Сол оқудағы жастар сәті түсіп, Ердәулет ағаға сәлем бере келгенде: «Ең алдымен тәрбиелі болыңдар, тәртіпсіз білім адамның қас жауы», – деп екінші ұстаз әл Фарабидің сөзін еске салып отырады екен.

Бұл ол кісінің  сәулелі сана, терең ақыл иесі болғанын көрсетеді.

Ердәулет аға өмірде дос жиған адам. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болған Аманжол Садуақасов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері болып қызмет еткен Базарбай Атабаев, республикалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету басқармасының басшылығына дейін өскен жерлесіміз Ержан Қалекеев, денсаулық саласының майталмандары – Өтеген Жәленов, Ыбырай Ахметов, Серік Мәуенов, басқа салалардан – Елтай Әбішов, Жақсылық Ахметов, Ырыс, Амангелді, Өміртай, Жұматай секілді белгілі азаматтар Ердәулет ағаның етене жақын достары болған.

Жақсылармен дос болудың өзі де – тәрбие. Әкенің жанындағы ізгі жандарды көрген балалары соларға қарап еліктейді, бой тіктеп ержетеді. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген аталар сөзінің астарында осындай тәрбиелік мән бар.

Ердәулет Оразбекұлы тәлімді әке болды. Зайыбы Дәреже Закарияқызы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Дәреже Шиелі ауданындағы өнер мектебінде фортепианодан дәріс берген музыка маманы еді.

Үш баласы әке жолын қуды, екеуі анасының ізін жалғады. Үлкен қызы Үлде мен ұлы Нұрбек білім саласында еңбек етіп келеді. Маржан мен Асылбек орта медицина қызметкерлері, ал, кіші қызы Сәуле Нұр-Сұлтан қаласында дәрігер-гинеколог болып қызмет атқарады.

Бақытты отбасы немере сүйіп, шөбере көрді, ағайын-туыспен, құда-жекжаттарымен өмірінің соңына дейін сыйласып өтті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<