Қазіргі Тереңөзектің маңында «Ақтүйе» деген ауыл болған. Табиғаты көрме секілді. Күлгін гүлді жыңғыл, қызыл қоңыраулы шеңгелдің отаны осы ара. Қоян дегенің қойша шиырлайды. Адам мен малға үйреніскені сонша, үркуді қойған қырғауылдар палуан күресте жеңген жеңгейдің жүрісін салып бара жатады.
Яхия атамыз осы жерде 1921 жылдың қазан айында өмірге келді. Ал он жылдан соң бұл жердің көркі көзден бұлбұл ұшты. Қоянның тезегі, қырғауылдың қауырсыны ғана қалды. Аштық деген апат келді. Адам дегенің топалаң келген қойдай әр жерде томпайып қалды. Жұт бай-кедейге қарамады. Сандығына алтын салып, керегесін күмістеген талай үйлі жанның айқасып-айқасып жатқанын көрген көзден қан ақты. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген сол заманның сөзі. Бұл кісінің екі әйелі болды, бәйбішеден – Асан мен Үсен, олардан үлкен екі қыз ұзатылып кеткен, тоқалдан – Шәрікүл мен Яхия, сосын бір ұл бала бар еді.
Көш азабатын айту қолдан келмес, оны басынан кешкен сол кездегі он жасар бала, бүгінгі ғасырлық ғұмырдың төрінде отырған қарт Яхия ғана біледі. Ташкентте те мырғай емес екен, әйтеуір қолың қимылдаса, аузың қимылдайды. Жол азабы соққан әкесі мен інісі Ташкентке барған соң көп ұзамай бірінен соң бірі ақыретке аттанып кетті. Бала Яхия базарға барып біреудің арбасын итеріп, біреудің жүгін түсіріп жүрді. Жұмыс болмай қалған күндері қол жайып отырды. Ол да тамақ табудың бір жолы, біреу алма, біреу бір түйір өрік ұстатады, соны жемей үйге әкеледі. Өйткені, шешесі аурушаң, Шәрікүл де күйеуге тиген, олардың да үйі өздерімен қоралас. Жездесінің мінезі жаман, үкіметтің беретін 200 грам нанын шешең мен ініңе бересің деп Шәрікүлді шырылдатып жатады. Сонда Яхия еңгезердей еркекті сабағысы келеді, «күресерге дәрмен жоқ», әлі кішкентай. Яхияның үйінде тағы бір қыз бар, ол – шешесі Палайымның апасының қызы. Оның әке-шешесі аштықтан қайтыс болған, сосын бұлар оны да тастамай алып кеткен.
Бір күні бала Яхия базарда екі өзбектің Үштөбе деген жерде сиыр фермасы бар, соған сауыншы керек деген сөзін естіді. «Әмәкә, ол жер қайда?» деді. Олар жөн сілтеді. Жүгіріп шешесіне келді, естігенін айтты. Бұған шешесі де қуанды, өйткені сауыншылық өнері – оның қолы.
Сонымен үй жүгін бір арбаға тиеп, одан пойызға ауысып мініп, Әмудың арғы жағындағы Үштөбеге көшті. Бұл жерде құлақ та тыныш, қарын тоқ болды, бірақ күндіз-түні дамыл таппайтын шешесінің ауруы қозып кетті, содан безгекке ұшырады. Амал жоқ, Ташкентке қайтуға тура келді. Өкпеге қиса да, өлімге қимас бауырлары сол жақта. Бұл отыз алтыншы жылдың шамасы. Осы кезде өзбек, қырғыз жеріне көшкендердің алды елге қайта орала бастаған. Ол жақта заман өзгере бастапты, әр оттың басына бес уақ малдан беріпті, жұрт айлық алып жұмыс істейтін көрінеді. Содан бұлар да елге кетті, «екі әйелдің баласы екі рулы ел» деген, бәйбішенің балалары қалып қойды. Яхия мен шешесі Палайым Қараөзекке келіп түсті. Ағайындары отыратын бір тоқал тамның бір жағы бұларға тиді. Яхия әлі мектеп көрмеген еді, мектепке барды. Төрінде қызыл шүберек пен Лениннің суреті тұр демесең, мектеп деген аты, ол да бір есігінен еңкейіп кіретін жаман там. Үш кластың баласы жерге отырып қатар оқитын.
Яхия бұрын атын да жаза алмайтын. Қырық екі әріпті таныды, атын жазуға төрт-ақ әріп керек екен. Бұл мектеп ештеңеге тереңдеп барған жоқ, барса Яхия алғыр бала еді. Өзбектің тілін бір-ақ аптада сөйлеп кетті, орысшаны осы жақта меңгеріп алған.
Он бес жасқа толғанда Ташкенттен Үсен ағасы келіп, оқытамын деп алып кетті, есейген бауырын бауырына тартты. Асан да қайтыс болған.
Сонымен, Ташкентке барып, текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасты.
Ал 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынды. Алпыс баланы тізіп, бір эшелонға артты. «Мінгізді» демей, «артты» дегеніміз не, өйткені, эшелон деген вагон емес, оның екі қабырғасына тақтай салған, оны нар дейді, адамның көбі эшелон еденінде малдас құрып отырады. Сөйтіп, топырлап, тоңып, соқтығысып, Новосібірге жетті. Бұл жерде елу екі градус суық екен. Мұндай ауа райын көрмеген жоғары жақтың балдары тұншығып қалды. Беттері шүберек болып үлбіреп кетті, оны қанын шығарып қармен ысқылады.
Ертеңіне өздерімен келгендердің бәрін одан әрі алып кетті. Солардың арасынан он екі баланы, енді солдатты дейікші, бөліп алып қалды. Өздерін ерекше дәрігерлік тексерістен өткізді. Сол он екі солдатқа ішкі әскер қатарында қызмет етесіңдер деді. Солардың бірі – Яхия.
Бұл солдаттар зауыттарды, вокзалдарды қарауылдады. Яхияны Новосібірден сегіз жүз шақырым жердегі Ишим қаласына жіберді. Одан соң Пензаға апарды. Қолында винтовка, теміржолдың бойында тұрады. Тоқтаған пойызға мысық жүгірсе де атып тастайды, тәртіп солай.
Мұнан әрі екі апта соғысқа машықтанды, сосын Мәскеуге әкетті. Осы кезде неміс-фашистері Мәскеуге жақындап қалған екен. Кей-кейде саңылау тауып өтіп кеткен жау самолеттері көзге түседі. Гитлер Мәскеуді бомбаламаңдар деп бұйрық беріпті, өйткені Герман рейхінің фюрері бүлінбеген қызыл Мәскеуде жеңіс шеруін жасаймын деп жоспарлаған.
Яхия түскен рота Мәскеу түбіндегі қалың орманды кесті, окоп қазды, ағаштан блиндаждар соқты. Тереңдігі үш, ені алты метр окоптар неміс танктерінің жолын кесуге арналды. Оған түсіп кеткен танк шыға алмайды.
Осы ауыр жұмыстан соң солдаттар сапқа тұрып: «На всю оставшуюся жизнь, нам хватит подвигов и славы, победы над врагом кровавым…» деп әндетіп бара жататын. Жоқ, бұл өзі ән бе, кек пе, әйтеуір кесілген қайыңдардың өзі сұлқ түсіп жатып, дір ете қалатын.
Содан окоптар қазылып болып, бұл рота тағы Мәскеу орталығына келді. сол жерде Яхия пойыздың үш ашық вагонына ендей тиелген пушканы көрді. Оның оғы үш жүз шақырымға жетеді дейді. Сол пушканы өз қолымен атқысы келді, кеудесін бір шер кернеді. Ауылда қалған анасы, ағасы… ен қаракөз қазақ көзіне елестеді! «Жаудың жағасын жыртпай өлмеспін» деді іштей.
Алып пушканы атқысы келіп еді, Сталинград түбінде пулеметшілер ротасына түсті. Сталинградты қорғау шайқасы ең сұрапыл соғыстың бірі болды. Қаланы алу үшін жау әр қайсысында 20 мыңға жуық адамы бар 14 дивизия әскерін төкті.
Міне, осы сәтте Сталиннің өзі Сталинградты қорғауға сол кездегі Бас штаб бастығы Василевсий, генерал-полковник Еременко, армия генералы Жуковпен қатар, түрмеде отырған Рокоссовскийді шығарып, қолбасылық жасауға жіберген. Сондай мықты қолбасылар арқасында немістер осы қандыөзекте бір жарым миллион адам шығынымен бірге бір мыңнан аса танкісінен, мың жарым ұшағынан айрылып, генерал-фельдмаршал Паулюс қолға түсті.
Соғыстың теңіз толқыны секілді көрінісі болады. Жағаны жайпап лықсып келеді, борық, шылауын қалдырып кері қайтады. Сондай бір кездің оқиғасы бар: Пулеметтің қос дөңгелегі жетпіс кіләға жуық, ұңғысы алты кілә, оған құйылатын судың салмағы тағы бар. Пулемет су құймасаң қызып кетеді, атпай қалады. Пулеметшілер осы темірлерді бөліп-бөліп арқалайды. Бірде Яхия мен екі пулеметші алдыңғы шепте қалып қойды. Қалған солдаттар шегіну бұйрығымен алыстап кеткен. Немістер де тынышталып қалған сыңайлы еді. Бір кезде бір танк қарсы салды, бірақ оқ атпады, шамасы оғы таусылған сияқты. Ойы түсінікті болды, мына үш пулеметшіні басып, таптап өлтірмек. Бұлар пулеметті тастай алмайды, бірі дөңгелегін, бірі ұңғысын бөліп-бөліп алып, арқалай қашты. Яхияның арқасында отыз кілә темір дөңгелек, қара терге түсіп келеді. Танк таяп қалған. Сонда әлгі бір серігі айқайға басты, естілгені «таста дөңгелекті» дейді. Яхия сонда да дөңгелекті тастамады. Танктегі неміс мынау өлсе де қаруын тастамайтын жаужүрекке жетем деп жүріп майым да таусылар деді ме, бір кезде кілт бұрылып кері кетті. Сөйтсе, өзімен қарайлас жүгіріп келе жатқан екі солдат арқаларындағы темір-терсекті әлдеқашан тастап кеткен екен.
Яхия арқасынан темір дөңгелекті тастағанда бір жағына қисайып қалды. Тоны да, пимасы да термен жабысып, шешілмейді. Енді жүгірмек тұрғай, жүре алмайды. Ойпырмай, адамға жеме-жемде алып күш пайда болады екен-ау.
Сталинград майданынан кейін жауынгер Яхия Тасыров барлаушылар отрядына жіберілді. Қандай тапсырма алса да, мүлтіксіз орындады. Талай адам аман шықпайтын жорықтан тірі оралды. «Сенің құдайың бөлек» дейтін майдандастары. Солар біліп айтқан шығар, мұнан әрі Яхия Курск доғасындағы шайқасқа түсті. Бұл алапат шайқаста екі жақтан төрт миллионнан аса адам қаза болған.
Осы кезде кіші сержант Яхия Тасыров зеңбірек отрядының командирі, бір зеңбіректе алты-жеті адам болады. Командир ат десе атады, жат десе жатады. Оны бұйрық беруші дәрежесіне жайдан-жай көтерген жоқ. Яхия әр нәрсенің мәнін, жөнін болжай алады, болжамы дұрыс шығады. Оған командирлері: «Әттең, жетікластық білім алғаныңда үлкен командир болар едің» дейтін. Расында, мектептен алғаны төрткластық, сосын текстиль курсы.
Осылайша, Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғаған Яхия Тасыров 1944 жылдың аяғында онбір мың адамдық дивизия құрамымен Германия жеріне кірді. Данциг қаласы маңында ауыр жараланды. Көзім көрмесін дейтін шайқастың бірінде снаряд оғы тиіп, бір аяғы етіне ілініп салбырап қалды. Мұндай жаназабын көтеру үшін де мықты жүрек пен берен шыдам керек қой.
Дереу госпитальға жөнелтілді. Сонда қасына генерал келіп, қарап тұрды да: «Москваға жеткізіңдер» деді. Генерал оның қандай жанкешті жауынгер болғанын түр-түсіне қарап таныды.
Москвада күрделі ота жасағанмен кәрі жілікке кіріп кеткен жарқыншақты ала алмады, оны алу үшін бір аяқты кесу керек болды. «Тұра берсін, – деді Яхия, – соғыстың қанша қасіретін көтеріп, бір жарқыншағын көтере алмаймын ба?»
Елге қайтарда әскери басшылар қасына бір медбикені қосып берді. Қолына командирлерге тиісті жалақысын ұстатты. Бір орыстың қызын сонша жерге сүйретіп қайтсін? «Сен қала бер, Ташкентке барған соң аман-сау табыстадым деген анықтамаңды алып, поштамен салып жіберейін», – деді Яхия. Өзі Ташкентке барамын деген. Шешесі Найман руының азаматына күйеуге шыққан. Енді Қараөзекке барғысы жоқ, Ташкенттегі Үсен ағасының жанында текстиль жұмысын жалғауды ойлады.
Жирен шашты жас медбике қуанып, Яхияны үйіне алып барып, қонақ қылды. Шешесімен бірге тұрады екен, анасы да рақмет айтты. Жалғыз қызы Орта Азиядан оралмай қалса күні не болмақ.
Туған жер құдіреті деген бар. Ақыры, Мәскеуден жалғыз шыққан Яхия Ташкентке бармады. Әркімнің кіндігі өзінің туған жеріне байланған. Ана құрсағынан шыққан соң адамның ең бірінші денесінен ағатын қаны – кіндік қаны. Осы қан сіңген топырақ пен дене иесінің арасында сол шақтан бастап көзге көрінбейтін тартылыс күші орнайды.
Кіндік пен адамның арасында көзге көрінбейтін нәзік байланыс бар екенін медицина енді ғана анықтап жатыр. Ал ата-бабаларымыз бұл байланысты ертеден-ақ білген. «Кіндік қаным тамған жер», «кіндігімді кескен жұрт» дейтін қастерлі сөздер соның айғағы. Білгір ғалымдар кіндіктің адам денесінің орталығы екенін дәлелдеген. Қытайлықтар бұл ішектің сезімтал екенін ескере отырып, оны мүлдем ашпауға кеңес береді. Даоисттер кіндікті энергия көзі деп есептейді.
Мұны бір қыстырма сөз деңіз, сымдай тартылған солдат Яхия сонда туған жерін көктей өтіп кете алмады.
Елдің топырағы ем болды, ауруын ұмытты. Өмірден жас кеткен немере ағасының әйеліне, яғни жеңгесіне үйленді. Әмеңгерлік салтты ұстанған үлкендер солай ұйғарды, кішілер қарсы болған жоқ.
Бейбіт өмірге араласқаннан кейін жергілікті әскери комиссариаттың шешімімен ауыл мектебіне әскери жетекші болып бекіген. Кейін өзі оқу бітіріп келгендерге орын берейін деді. Аудан орталығындағы сүт зауытында қойма меңгерушісі болып он алты жыл жұмыс істеді. 1960 жылы Жалағаштың сүт зауытында өндіріс шебері болды, 1982 жылға дейін аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде еңбек етіп, зейнетке шықты.
Кейде-кейде аяғын ауырсынады, жау жарқыншағының сүйегіне сіңіп алып, еріп келе жатқанына сексен жылдан асыпты. Ол жарқыншақ – өзі ғана сезінетін, басқаға сездіргісі келмейтін соғыстың суық белгісі.
Яхия ата терезе алдында ой арқалап тұр, мен де оның жүзінен сыр оқығым келеді. «Осы жарқыншақпен бірге кетсе бәрі, енді соғыстың жарқыншағы болмаса екен…» дей ме? Бәлкім, іштей Мұқағалидың өлеңін оқып тұр ма екен:
Ойым бар менің, ойым бар менің ерекше,
Жақсылық жауып, дүниені мынау сел етсе.
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын,
Көрге алып кетем, керексе.
Адамның бүкіл айыбын,
Арқалап алып, азабын өзім көрер ем,
Жамандық басқан денемен.
Жандырып жатқан, тоңдырып жатқан тамұққа,
Жамандығыммен төнер ем.
… Жүз төрт жыл жасаған жүректегі жауһар сырлардың бірі ғана ғой, бұл.
***
Соғыстың соңғы солдаттарының бірі, сұрапыл жылдардың тірі куәсі, «Қызыл жұлдыз», «І-ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарының иегері, еңбек ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы, биыл 104 жасқа толып отырған Яхия ата қазір Тереңөзек кентінде, немересі Ержанның қолында тұрады.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<