20 мың доллар! Мәһрге қымбат сый сұрау қалыпты ма?

25

0

Сурет ашық дереккөзден

– Мәһрге не сұрайсың?

– 20 мың доллар.

Иә, иә. Қағыс естіген жоқсыз. 20 мың доллар! Жақында әлеуметтік желіде мешітте қалыңдықтың күйеу жігіттен мәһрге осынша сома сұраған видеосы тарап кетті. Видеодан имамның «20 мың доллар, мәссаған!» деп таңданыс білдіргенін көресіз. Содан кейін оны теңгеге шаққанда қанша болатынын, күйеу жігіттің сұрағанын беруге мүмкіндігі бар-жоғын нақтылаған. Көбіміздің тіліміз күрмелетін сома теңгемен 9,4 млн теңге екен. Әлеуметтік желі қолданушылардың пікірі әдеттегідей екіге жарылды. «20 мың доллар түк емес» дегендер де табылды, «қалыңдық қатты кетті» дегендер де болды. Пікірлерге жауап ретінде қалыңдық «аспандағы айды сұрап отырған жоқпын» деп қана қайырыпты.

Мәһрге аса қымбат дүние сұраған жағдайлар жетерлік. Бірер жыл бұрын қалыңдықтың болашақ жарынан «Hummer» көлігін сұрағаны жыр болған. Жігіт үнсіз ғана орнынан тұрып, «той болмайды» деп, ешкімге қарамай шығып кеткен.

Дінтанушы Нұрлан қажы Байжігітұлының «әйелге салсаң, «Lamborghini», пентхаус, пәтер деп кете береді» деген сөзінің жаны бар. Жігіттің жағдайына қарамай ойына не келсе, соны сұрау – енді шектен шыққандық.

– Мәһрге елу миллион теңге сұрағандар да бар. Елу миллион, ойлаңызшы?! Мен бірде неке қиғанда келіншек бес миллион теңгеге дейін сұрады. Сол кезде ерінің көңіл-күйі бірден түсіп кетті. Мұны түсінген әйелі «кешірдім» деп күліп жіберді, – дейді дінтанушы.

Осы күні трендке айналған түсінікке қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында: «Мәһр – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай, қалыңдықтың құны немесе ақысы емес. Ер адам мәһрді беріп, қалыңдықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһр ер-азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалыңдығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалыңдығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды» деп анықтама берілген.

Қармақшылық Базаш Шамшатованың жасы бүгінде 85-ке таяп қалды. Ол кісі басқа әжелеріміз бен аналарымыз сияқты мәһрдің не екенін білмей тұрмысқа шыққан.

– Шалыма 17 жасымда қосылдым. Өзі діни сауаты бар, көзі ашық адам болса да біз мәһрдің не екенін білмеппіз. Қазір ғой естіп жүргеніміз. Ислам дінінде құпталса, қарсылығым жоқ. Бірақ енді отау құратын жастар бір-бірінің жағдайына, тұрмысына қараса екен. Ақша мен дүние екеудің арасын бұзбаса болды, – дейді кейіпкеріміз.

Мәһр туралы сөз болғанда «баяғыда үлкендер соны білмей-ақ отбасын құрып, ұрпақ жалғастырды» дейміз. Бірақ ол кезде ислам дінінің Кеңес одағының қатаң бақылауында болғанын естен шығарып аламыз.

– Біз мәһр түсінігіне кешегі кеңес дәуірі тұрғысынан қараймыз. Бірақ ол кезде дін ұстануға қатаң тыйым салынып, ата-әжелеріміз ислам дінінің қадір-қасиетінен алыстап қалды. Шариғи құндылықтар ұмытылды. Неке деген аты болғанымен, орындалу шарттары көбіне сақталған жоқ. Десе де, арғы бабаларымыз өз заманында шариғат үкімдерін, оның ішінде отбасы құндылығы мен неке шарттарын сақтап келгенін жоққа шығара алмаймыз. Бабалар ұстанған көне діни әдебиеттерден неке шарттары жөнінде қамтылған мәліметтерді кездестіруге болады. Өкінішке қарай көптеген кітап өртеліп, жоғалып, көміліп қалды. Қазіргі күнге жеткендері өте сирек. Кешегі әжелер, аналар кеңес дәуірінде ғұмыр кешкендіктен әрі ол уақытта мұсылмандық некеге қатаң тыйым салынғандықтан, оған көп мән берілген жоқ. Ол дәуірде заңды неке ғана үстем тұрды. Тәуелсіздікке қолымыз жеткесін мешіттер ашылып, дініміз оралып, ұмыт қалған шариғи үкімдер қайтадан орындала бастады. Соның бірі – неке қию кезінде мәһрдің сұралуы. Мұны ешкім ойдан шығарған жоқ. Трендке айналдыратындай жаңа да дүние емес. Мәһр – бұрыннан ислам шариғатында бар үкім. Ұмытылып барып, бізге қайта жаңғырып жетіп отыр. Сондықтан оған жаңа дүние ретінде үрке қараудың қажеті жоқ. Құран аяттары мен хадистерде мәһр мәселесі анық жазылған. Біз оған илануымыз қажет, – деді Қызылорда қаласындағы «Мүсірәлі ата мешітінің» бас имамы Қайырбек Отызбаев.

– Қыз баланы әке-шешесі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өзге үйге ұзатқан соң оның ақысы берілуі тиіс деп есептеймін. Осы орайда көбі қалыңмал мен мәһрді шатастырып жатады. Қалыңмал – қалыңдықтың отбасына беріліп, ғұрып бойынша қыздың жасауына жұмсалатын ақша. Ал мәһр – жігіт жас келінге беруі тиіс сыйдың бір түрі. Мәһр әйелге күйеуімен ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған жағдайда өзін асырауға көмек болады деген мақсатта берілген. «Мәһрді неге еркек береді?» деген сұрақ туады. Әйелдің негізгі міндеті – отбасының берекесін келтіріп, бала мен күйеудің бабын жасау. Әйел адам дәл еркек сияқты табыс таппайды. Тапқан күнде де оның ақшасы ерінікіндей берекелі болмайды. Еркек отбасының асыраушысы болғандықтан мәһр талап етілген шығар деп ойлаймын, – дейді Сырдария ауданы Амангелді ауылының тұрғыны Раушан Жүсіпова.

Дінтанушы Қайырбек Отызбаев ер адамның қалыңдығына мәһр сыйын беруі уәжіп, міндет екенін айтты. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Үйленетін әйелдеріңе мәһрлерін шын көңілден тарту етіңдер» деп бұйырады («Ниса» сүресі, 4-аят).

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы: «Мәһрдің ең жоғары өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 20-аятында: «Олардың біріне мол мәһр берген болсаңдар, одан ештеңе де қайтарып алмаңдар» дейді. Ал мәһрдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 грамды құраған. ҚМДБ ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһрдің құны аталған мөлшерден төмен белгіленген жағдайда оны сол мөлшерге толтыру керек» деп жазды.

Мәһр мөлшері ер-азаматтың материалдық деңгейіне, отбасының әлеуметтік жағдайына қарай белгіленгені жөн. Қалай болғанда да ол күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай кем болмауы керек.

– Жоғарыда келтірілген пәтуаға, пәтуа маманының сөзіне жүгіне отырып, мына нәрсені айтқымыз келеді. Біріншіден, шариғатта мәһрдің төменгі мөлшері белгіленген. Екіншіден, мәһрдің ең жоғары өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Мәһр сұрау керек екен деп, әлеуметтік жағдайын ескермей, шамасы жетпейтін (мәселен, үй-көлік алып бер деу секілді) дүниені сұрау түсініспеушілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан мәһр мүмкіндікке қарай сұралып, берілгені дұрыс. Қалыңдық қажет болса, жергілікті әдет-ғұрыптан аттамай, мәһр мәселесінде ер-азаматтың отбасын ескеріп, оларға салмақ түсірмегені маңызды, – дейді Қайырбек Отызбаев.

Әлеуметтік желіде мәһрге бағалы көлік, баспана сұраған жағдайлардың жиі ұшырасуы білместіктен болса керек.

– Мұндай кезде қалыңдықтан неге қымбат дүние қалайтынын сұрағанымызда, «ортақ мүлкіміз болады» деп түсіндіреді. «Мәһр – қалыңдықтың жеке мүлкі. Тіпті екі жас ажырасып кеткен жағдайда, күйеуі берген мәһрін «қайтып бер» деп дауласуына еш құқығы жоқ. Өйткені ислам мәһрді жаратылысынан әлсіз әрі жаны нәзік әйелдің жеке мүлкі етіп белгілеген. Әйел баласы алған мәһрін жалғыз, қорғансыз, яғни жесір қалған, ажырасқан немесе материалдық тұрғыда мұқтаждық көрген жағдайда қажетін өтеуі үшін жаратуы мүмкін. Ал егер бір шаңырақ астында тату ғұмыр кешсе, мәһр ер-азаматтың қалыңдығына жасаған сыйы болып қалады. Өзінің игілігіне қолданады» дегенімізде жағдайды түсініп, қалыңдық күйеуінің шамасына қарай қалауын өзгертеді. Алланың үкімі болған мәһрді «жаман ырым» деп, оны жоққа шығару немесе оған қарсылық білдіру дұрыс емес. Алла Тағала пендесіне нені әмір еткен болса, ол жерде игілік пен жақсылық бар. Сондықтан шариғат үкіміндегі мәһр мәселесін дұрыс түсініп, орынды қолдана білу маңызды, – дейді имам.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<