Абай мұрасы – адамзаттың рухани азығы

3966

0

«…Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақа­ласынан.

Мемлекет басшысының Жар­лығымен өткен жылы қазақтың Бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Бұл орайда елді қуантқан ерекше маңызды шешім – Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып мемлекеттік мерекелер санатына енді. Әлемге мәшһүр ақын тойы Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) және Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекеленді.

Ұлтымыздың ұлы ойшылы, ғұлама ақын, ағартушы Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы 1845 жылдың 23 тамызында (ескі жыл санау бойынша 10 тамыз) Шығыс Қазақстан облысы, қазіргі Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде өмірге келген. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы – өз заманындағы атақ-даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі. Тумысынан зерек бала Құнанбайдай  әкенің талабын танып, тәрбиесін алды. Зередей әулетті аузына қаратқан әженің, Ұлжандай ақылды да парасатты ананың жан жылуына бөленіп өсті. Әуелгі кезде отбасы, ағайын арасы, одан әрі әулет, руластар, болыстық арасындағы кейбір кереғар әрекеттер албырт жас Абайдың көңілін алаңдататын. Бірте-бірте ол қоғамдағы күрделі қайшылықтардың себеп-салдарын талдап, таразылауға тырысатын болды. Осылайша ол өз ортасын замана ағымынан қалыс қалмай, ғылым-білімді игеруге, өмірдің ақиқатын танып, адами қасиеттерді ұлықтауға ұмтылды. Содан болар, ақынның ғибратты ғұмыр-баяны мен шығармашылығын тереңірек тану арқылы сол дәуірдің саяси-әлеуметтік сипатын аңдағандай боласыз. Әсіресе, сол бір қайшылыққа толы кезеңнің жүгін көтеріп тұрған ақын шығармаларының дәл бүгінгі күні де өзекті болып тұрғаны таңғалдырады әрі ойландырады…

Өмірдің алғы шарттары мен адами құндылықтар хақында жазған өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, аудармалары сынды кемел ойдан туған  көркем дүниелері көңілдің шарқ ұрып іздеген қалауын тап басады. Ақын шығармаларының басты ерекшелігі – өлеңдерінің өнбойы ұлттық тәрбиеге тұнып тұр. Содан болар, үлкен-кіші демей, әрбір оқырманның ішкі жан дүниесімен үйлесе кетеді. Айталық:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз, – деп басталатын туындысында ақын адам баласын адастыратын «бес дұшпанды» атап көрсетіп, оған қарсы тұратын бес бірдей «адами асыл қасиетті» айқындап берген. Ойлап қарасақ, ақын өмір сүрген дәуірден бері бір ғасыр өтсе де, бұл тақырып өте өзекті. Бүгінгі уақытпен үндесіп тұр. Өмір жолындағы ұлы мұрат дегеніміз осы шығар, бәлкім…

Иә, алғашында ауыл молдасынан қаріп таныған Абай, мұсылманша оқумен шектелмей, өз бетінше Шығыс әдебиетін зерттеп,  араб, парсы тілдерін жетік меңгеріп алады. Шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми шығармаларын оқып, танымын кеңейте түседі. Одан соң орыс әдебиетіне ой бөліп, батыс ғалымдарының еңбектерін зерттейді. Осынау әдеби көркем дүниелерді оқып, ой елегінен өткізген Абай, жалпы адамзат жаратылысына ортақ құндылықтарды айқындап, өз шығармаларына арқау етті. Бүгінде Абайдың өлеңдері мен қара сөздері ұлт әдебиетіндегі орны бөлек рухани қазынаға айналып отыр.

Ұлт тарихындағы ұлы Абайдай тұлғаны танып-біліп, оның адамзат баласының ой-сана өлшемімен қарағанда әлдеқайда терең шығармашылығын талмай зерттеп, қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиет әлеміне құнды еңбек қалдырған заңғар жазушы М.Әуезовтің орны әркез биік. «Абай жолы» роман-эпопеясында М.Әуезов ұлы ойшыл, ғұлама ақын Абай образын сомдай отырып, қазақ халқының ұлттық дәстүрін, мәдени-рухани құндылықтарын, табиғаты мен танымын тамаша бейнелеген.

М.Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай», онан кейін мұның жалғасы болып табылатын екі томдық «Абай жолы» романын жазды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін, яғни 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. 

Зерттеушілердің айтуынша, Абай 170-тен астам лирика, 30-дай аударма өлең, 3 поэма, жалпы 200-дің үстінде өлең жазған. Сонымен қатар, 45 қара сөзі, бұдан бөлек,  прозалық шығармалары, мақалалары, 40-қа жуық әндері бар. Ал ақынның мерей­тойы аясында шығармалары әлемнің 10 тіліне: ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдеріне аударылды. Әр тілдегі жинақтың таралымы – 3 мың данадан, осы тілдерде сөйлейтін жүзден аса елдің ірі кітапханалары мен әдеби және ғылыми орталықтарына жеткізілді.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай тарихи драма жанрында «Абай жолы» сериалы түсірілген болатын. Телехикая мақсаты – ақынның ұлт руханиятындағы орнын айшықтау. Алты тараудан тұратын сериалдың сценарисі әрі қою­шы-режиссері Мұрат Есжан. Ал Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының алтын қорынан көрермен назарына үш фильм ұсынылды. Олар: «Абай. Өмірі мен творчествосы» деректі фильмі, режиссері: Тимурлан Арганчеев,  «Абай әндері» көркем фильмі, режиссерлар: Ефим Арон мен Григорий Рошаль, «Абай» кинолентасы, режиссері: Ардақ Әмірқұлов және «Құнанбай» биографиялық фильмі, режиссері – Досхан Жолжақсынов. Ұлы ақынды ұлықтау шараларына Сыр өңірі де сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда, «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» атты республикалық онлайн конференциясы, «Абай – адамзат тарихындағы ұлы тұлға» тақырыбында мектеп оқушылары арасында Абай оқулары өткізілді. Қазақстанның халық артисі Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклінің онлайн көрсетілімі қойылды. Ақын мерейтойына орай  республикадан бастау алған «Абай жолымен» атты ақындар айтысы Сыр елі – жыр елінде жалғасын тапты.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақты жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым,кінә қойма, –

дейді ақын. Өлеңнің алғашқы екі жолы ақынның табиғатын танытып тұрса, кейінгі жолдары ол кешкен дәуірдің жүгін көтеріп тұр. Иә, Абай тумысынан дүние-мүліктен кенде болған жоқ, алайда оның дүниауи өлшемнен әлдеқайда биік рухани әлемге құлаш ұруы ақындық болмысының асыл мұраты ­сынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында:

«…Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз» деп ұлы ақынды ұлықтай түседі.

Осы сөзде адамзаттың Абайын танудың тек ұлтымыз үшін емес, әлемдік өркениет көшінде маңызы зор екенін бағамдаймыз.

Абай күні құтты болсын!

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<