Абай құрастырған заң

1364

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында әділетті қоғам құру идеясына тоқталған. Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім құрастырған заң өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі.

Біз айтқалы отырған «Қарамола» жәрмеңкесіне келсек, 1815 жылы Шипабай деген татар байы Қытаймен қарым-қатынас жасап, осы жәрмеңке арқылы Қытайға малдың терісі мен жүнін қыста шанамен, жазда арбамен тасыған. Тарихта аты қалған жәрмеңке туралы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында былай суреттеледі: «Абай «Қарамолаға» көп жолдас еріткен жоқ. Қасына алған Ербол және Көкбай, Баймағанбет, жастардан Мағаш, Дәрмен ерді. «Қарамола» басына Абай елеусіз ғана түсті. Абайдың қасына қара халық адамдарынан арыз-мұңдары көп кісілер ғана келді. Ұлы сәске кезінде «Қарамола» жәрмеңкесінің басы ың-шың, у-шу, әбігер қарбаласқа ауысқан. Шаңдатып шапқылаған жүздеген аттылар жосыды». Бұл – 1885 жылы мамыр айында Семейден бері жетпіс шақырым Шар өзені бойында, Делбегей округіне қарасты Ұзынжол ауылы Суықбұлақ кентінің арасында орналасқан Қарамола деген жерде өткен патша ұлықтарының төтенше жиыны. Кейіннен тарихта «Қарамола» съезі деген атау­ға ие болды.

Осы съезге дейінгі қазақ халқының саяси өміріне көз салсақ. Батыс генерал-губернаторы М.Спиранскийдің «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір-біріне ұрып жарады. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды бір-біріне ұрып жаруымыз керек» деп патшаға ой тастауында Ресей империясы ұстаған отаршылдық мақсаттағы басты саясатының негізі жатыр.

Ел билеудің Кіші жүзде сұлтан-правитель, Орта жүзде аға сұлтан түрі енді. Бұл ХІХ ғасыр­дың бірінші жартысында өтіп жатты. Сұлтан-правительдер бойынша тек төреден шыққан сенімділері ғана билік тізгінін ұстады. Орта жүзде де аға сұлтандық билікте әуелі төрелер отырды. Кенесары көтерілісінен кейін төрелер саяси сенімнен шығуы себепті аға сұлтандық билікке қарапайым халық өкілдері қойыла бастады. Құнанбайдың билікке келуінде осындай сыр жатыр. 1867 жылы «Жаңа низам» заңын  енгізе отырып, ел билеудің болыстық сайлау жүйесін енгізді.

Генерал-губернатор ел билеудің жетілдірілген болыс­тық тәсілін енгізуде руларды бір-біріне айдап салуды мақсат еткені белгілі болды. Бұл үшін болыстық биліктегі ауылдың біртұтас рудан құралмай, әртүрлі атадан тараған болуына назар аударды. Болыстық билікте екі мыңға тарта түтін болды. Әртүрлі рудан тұратын он екі ауылдан құралды. Олардан төрт ауылнай, төрт би сайлады. Болысты шар салып сайлайтын қырық шамалы елубасы болды. Бақталастықтың  отын лаулата қыздыратын екі жүзге жуық онбасы қосылады. Осылайша бір болыстың адамдарын өзара тартыстырып, жан беріп, жан алысып, қу сүйекке аш ит таласқандай күйге ұшыратты. Болыстық билікті алуға, он екі ауылға төрт би мен төрт ауылнай сайлауға таласқан жұрт. Осы елді бүлдіретін болыстық сайлау жүйесі бүкіл қазақ даласына тарады. Бұл қазақты бауыр­мал қалпынан арызқойға, жала жапқышқа айналдырып, іштен ыдыратып, жікшілдікке әкелді. Жүйе бес болыс тобықтыға да жетті. Міне, ойшыл ақын Абайдың бар саналы өмірі осы болыстық билік заманында өтті. Ол он сегіз жыл болыс, би, төбе би болып сайланып ел билеу жүйесінің құпия сырына жастай қанығып өсті.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым,

Айқаймен өтті амал жоқ… –

деп күйініп қасірет шекті.

Осы сайлауға қарсы ретінде Абай патша ағзамға жазған хатында: «Қазақ даласында болыс сайлауды қойсаңыздар, губернатор сайлаусыз-ақ болысты өз указдарын шығарып назначить етсе. Себебі болыс сайлаймыз деп халық арасында әдейі ­дау-дамай туғызып іріткі салынып жатыр» деп халыққа жат саясатты, әдейі жасап отырғанын меңзеп айтып, налыды. Ал Абай «Қарамола» съезінде оязбен сөйлесіп, орыстың қазақ дауы туралы шығарған заңы тура келмейтінін айтып дәлелдеу­дің нәтижесінде ояз оны мақұл алды. «Олай болса Абай, сен қазақтың ғұрпына, әдетіне, тұрмысына байланысты лайықты заң шығарып жаз, сосын осы съезге жиналған билерге, елге оқып бер. Егер оларға ұнамағаны болса, түзет, сол көптің ұнаған заңын мен бекітейін, бұдан былай қазақ ортасына белгілі заң болсын» деген. Оған үш күн уақыт берді. Сонымен айтқан үшінші күні, ел түгел жиылып, Абай халықтың алдына шығып, қыр даласының тыныс-тіршілігіне қатысты жаңа заңды жария етті. Тек жазып қана қоймай, «Қарамола» съезінде бес дуанның би болыстары мен жиылған ел-жұрттың алдында талқыға салып, бірауыз­дан мақұлдатты. Ояз халықтың алдына шығып: «бұдан былай Ибрай Құнан­баевичтің заңы бекіді, енді билер, болыстар, осы заңмен билік айтасыңдар» деп бекітті. Тіпті Абайды осы съезде төбе биі қылып сайлады. Абай шығарған заң 93 статьядан тұрды.

Енді осы заңның бірнеше бабына талдау жасап көрейік. 1-бабында: «Болыстық съезде  даулар үлкендігіне, сомасына қарай бітіріледі. Төтенше съездерде ұлықтардың әмірі бойынша әрбір уезд өзді-өзі арасындағы дауларын кезектесіп бітіреді». Бұл жерде екі дуан арасындағы дауды бірігіп, съезде қаралатыны, оған төбе би Абай қатысып шешетіндігі айтылған. Екінші бабында «ұрының ұрлаған малы көп болса, өз қолындағы малы елдің ақысына жетпесе, онда қалған малды кім төлеу керек дегенде, бұрынғы орыс заңында ұрының туысқаны тартсын деген. Ал Абай заңында «ұрының малы жетпесе ұрыға ат беруші, ұрлығына сүйеуші тартсын» деп жазылған.

Демек Абай сол уақытта байлар мен болыстардың ұры ұстайтынын біліп-көріп жүргендіктен, осындай шешім шығарды. Алтыншы бабында «байы өлген әйел, қалған әмеңгердің мүлкін алады, ол ала алмаса, біреуге сатса да ерікті» деген бұрынғы заңның орнына Абай «байы өлген әйел басы бос болсын, ­жасау-жабдықпен келген қалың малды төлеген, сондықтан екінші рет сатылмасын деді». 35-бапта «ұрыс-төбелес шығарғандар билердің билігі бойынша ат-шапаннан үш тоғызға дейін жәбірленушінің пайдасына айып төлейді. Ал ұрыс-төбелестің басшысы өзге сыбайластарынан гөрі айыбын артығырақ төлейді. Бұзықтық шығарған адамдар өз болысының немесе осы положение бойынша билердің билігімен ақша төлейді немесе абақтыға жабылады» деген. Бұл – 9 заттан 3 есе айып деген, яғни, 27 ірі қара немесе т.б. ұсақ мал төлеу деген сөз. 35-бапта «суға кетіп бара жатқандарға, өрт уақытында, боранда немесе сол тәрізді апатқа ұшырағандарға көмек етпегендер бас тоғызбен айыпталады және көмек беру жалпы халыққа міндеттеледі» деген. Былтыр Өзбекстандағы су қоймасы бұзылып, Түркістан облысының 7 ауылы су астында қалып, көп шығынға ұшырады. Сол кезде Қазақстан халқы зардап шеккендерге су астында қалған егін шығындарын өтеуге көмектесті. Бұл Абай шығарған заңның өміршеңдігін көрсетеді. 55-бапта «біреудің жерін басып алған дауларды билер жер пәленшенікі деген елубасылардың куәлігіне қарай тексереді. Тексерген уақытында жерді билер өзі барып көреді немесе сенімді кісінің куәлігі бойынша басып алған жердің сомасына қарай билік айтады. Жер иесінің шығынын төлеп, және үстіне айып салады» – деп көрсетілген. Қазіргі уақытта да жерге, жылжымайтын мүліктерге талас­ты өзара келісіммен медиатор (яғни, екі жақты бітістіруші) арқылы бітістіріп жатқанын теледидар не баспасөз арқылы көріп те, оқып та жүрміз. Демек Абайдың жазған заңдары қазіргі кезде де маңызын жоймай тұрғанын және жүзеге асырып жатқанын көреміз.

Бұл заң қазақ халқы үшін керек болғандығы сонша ол араб, парсы, ноғай тілдерінде жазылып кейіннен Қарқаралы дуанының тілмашы Айтбакин орыс тіліне аударған. Зерттеу­шілердің тұжырымдарына қарағанда бұл заңды Абайдың өзі орыс тілінде жазған. Қалың қазақ сол уақытта сауатсыз болғандықтан, съезге жиналғандарға қазақша түсіндіріп берген. Қазақ тарихында «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Әз Тәукенің жеті жарғысы» заңдарының болғанын білеміз. Абайдың бұл заңымен Семей губернаторы танысып, оған бес дуанның елуден астам билеріне, болыс­тарына қол қойғызып, Қазан қаласының баспасынан бас­тырып шығарды. Кейін Қытай мен Ресей арасындағы шекара тұрғызылып бекіді. Осы кезде жаз жайлауға көшкен 200 мыңға тарта қазақ Қытай жағында қалып, заңды пайдалану мүмкіншілігінен айы­рылып қалды. Абайдың 1885 жылғы «Қарамола» съезіндегі Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесін адамды соттап, абақтыға отырғызу емес, оны тәрбиелеу деп түсіну керек. Қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің заңдары сол Абай заңымен мазмұндас.

Қадірбек БЕКЕТ,

ардагер-ұстаз.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<