Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Сыр бойындағы діни-ағартушылар мұрасын кешенді зерттеу» жобасы аясында ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Батыс Сібірдің бас имамы, Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі болған Марал ишан Құрманұлының (1780-1847 жж.) үлкен ұлы Қалмұхаммед (Қалқай) ишанның немересі Абдулхамит ишан Әбдірахманұлының (1905-1960 жж.) пайдаланған кітаптары зерттелді.
Ел ішіндегі деректерде Абдулхамит ишан туралы аңыз-әфсаналар сақталған. Оның бірінде Әбдірахман мақсұм Меккеге қажылық сапарында Осман сұлтаны Абдулхамитпен бірге қажылық парызын өтейді. Қазақ баласының білімдарлығын мойындаған Абдулхамит сұлтан Әбдірахман мақсұмға қажылық сапардан кейін Осман империясының астанасы Стамбулда қалып, діни қызметпен айналысуына өтініш жасайды. Алайда, Әбдірахман мақсұм бұл өтінішті орындай алмайтынын білдіріп, рұқсат сұрап, елге қайтуға дайындалады. Қоштасар сәтінде Осман сұлтаны мақсұмға достығының бір белгісі ретінде ұлды болса, өз есімін беруге қолқа салады.
Сөйтіп, Әбдірахман мақсұм 1905 жылы дүниеге келген ұлына азан шақырып Осман империясының даңқты сұлтаны, Еуропа билеушілерінің өзі мойындаған ІІ Абдулхамиттің есімін қойған екен. Кейін қазақтың тіліне ыңғайланып Әмит ишан аталып кетеді. Әмит ишан бес жасынан бастап Құран Кәрімді жүргізіп оқиды. Он үш жасқа келгенше Сыр бойындағы белгілі Убайдулла, Бәжім, Иманалы молдалардан, кейін өзінің әкесі Әбдірахман мақсұмнан діни дәріс алады.
1926 жылы Бұқарадағы Көгелташ медресесін үздік тәмамдап, жан-жақты терең білім алып шығады. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін еркін игеріп, діни әдебиеттерді оқып, қазақ тіліне аударма жасайды. Өзінің терең де жан-жақты білімдарлығының арқасында діни білім мен медицинаны үйлестіру арқылы тәбиб ілімімен науқастарды шөптен жасалған дәрілермен емдеп, жүйке ауруларын дұғамен оқып, екінші рет келмейтіндей етіп жазып жіберіп отырған.
Әмит ишанның аталас туысы Сүлеймен ишан: «Марал баба тірі кезінде «келешекте менен құдіретім дарыған, кереметтерім мен қасиеттерімді қайталайтын ұрпақ келеді» деген. Марал бабаның көрегендігі дәл келіп, қасиеті шөбересі Әмит ишанға дарыды.
Кеңес өкіметі орнаған уақытта Әмит ишан большевиктердің қысымына шыдамай, біршама уақыт шетелге кетуге мәжбүр болады. Өткен ғасырдың 40-жылдарының аяғында қайта оралады. Өмірінің соңына дейін халыққа қызмет етеді.
Қазіргі таңда Әмит ишанның пайдаланған кітаптары Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі тікелей ұрпақтарының қолында сақталған. Жоба барысында музей қызметкерлері А.Сайлау, Л.Жалғасбайқызы және Каирдегі Әл-Азһар университетінің оқытушысы, дінтанушы-ғалым Мәлік Төлебайдың қатысуымен араб-парсы тілдерінде жазылған 4 кітаптың қазақ тіліне жалпы мазмұндары аударылып, электронды көшірмесі музей қорына алынды. Бұлар – имам әл-Бәззазия, имам әл-Махбуби, имам әл-Кидани және башқұрт қайраткері Мұхаммед Мұрад Рәмзидің еңбектері.
Талфик ал-Ахбар кітабы. Еңбектің авторы башқұрт ұлтынан шыққан ислам дінінің көрнекті өкілі, тарихшы Мұхаммед Мұрад Рәмзи (1855-1934 жж.) Ол аталған еңбекті 1892-1907 жылдар аралығында жазып бітіреді. Троицк қаласындағы Расулийя медресесінің ректоры, ұлты башқұрт Шейх Зайнулланың қаржылай демеушілігімен Орынборда 1908 жылы «Каримов, Хусаинов және К» баспаханасында жарық көреді. Көп ұзамай билік тарапынан «Автордың христиандар әлеміне және жалпы орыстың бәріне арам пиғылы және жеккөрушілік қатынасы» деген желеумен тәркіленеді. Алайда, кедергілерге қарамастан кітап Шығыс елдеріне тез тарайды. Көлемі 270 бет. Кіріспеде түркілердің шығуы мен даму тарихы және олардың көршілермен қарым-қатынасы баяндалады. Бірінші бөлімінде Еділ Бұлғариясының тарихы және оның моңғолдар жаулап алғанға дейінгі халқы сипатталады. Екінші бөлімінде моңғол шапқыншылығы, Алтын Орданың құрылуы және олардың исламды қабылдау тарихы қамтылады. Үшінші бөлімінде орыс патшасы Иван Грозныйдың Қазанды жаулап алуына дейін және оның кезінде болған оқиғаларды сипаттайды. Төртінші бөлімде орыстар татар-башқұрт халқын жаулап алған сәттен бастап, қазіргі уақытқа дейінгі Қазан және оның тұрғындарымен байланысты оқиғалар айтылады. Сонымен қатар, Мұрад Рәмзи жұмысының соңғы бөлімінде өз заманының жүзге жуық қоғамдық, саяси, діни, мәдени қайраткерлері туралы қысқаша биобиблиографиялық ақпарат береді.
«Әл-Жәми Уәлжуз» кітабы (5 том). Кітаптың авторы ХІV-ХV ғасырларда өмір сүрген ұлты түркі Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Жихаб ибн Юсуф әл-Кердери Хауарезми, лақап аты – Имам әл Бәззазия. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, ғалым Арал өңірінен шыққан. Юсуф әл-Кердери – Ханафи ағымының ұлы ғұламасы. Ғалым Осман империясы кезеңінде Қырым, Болгария және Сауд Арабиясында өмір сүрген. Кітап 6 томнан тұрады. Кейінгі баспаларда 2 томға біріктірілген. Біздің қолымыздағы кітап 6 томнан тұратын көне нұсқаның 5 томы, көлемі 256 бет. ХХ ғасырдың басында Египеттегі әл-Халаби баспасынан жарық көрген. Негізгі мазмұнына Ханафи ағымының шариғат заңдары, фикһ мәселесі, Ислам ғұламаларының оның ішінде Имам Әбу Юсуф (731-798 жж.), имам Хасан аш-Шайбанидің (749-805 жж.) діни пәтуалары, намаз, зекет, ораза, қажылық, неке, талақ, құлды босату, сауда-саттық туралы, жалға алу, қазылардың әдебі, куәлік беру, қылмысты мойындау, жазалау, өсиет, мұрагерлік, өкілдік, жетімді асырау, татуласу, қарызға алу, сыйлық алу, бірлестіктер құру, құрбан шалу, аң аулау шарттары, т.б. кірген.
«Хуласи әл-Кидани» кітабы. Діни еңбектің авторы ХІV ғасырда өмір сүрген көрнекті ғалым Лутфулла ән-Насафи әл-Кидани. Ғалым Өзбекстанның бұрынғы Насаф (қазіргі Қаршы қаласында) дүниеге келіп, 1349 жылы дүниеден өтеді. Кітап 1893 жылы Ташкентте басылған. Лутфулла моғолдар кезінде бірте-бірте жоғалып бара жатқан фикһ ілімін жандандыруға тырысқан. Сол себепті де ол еңбектерінде ғибадат мәселелерін көбірек сөз еткен, көлемі 140 бет. Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, кітап көлемді болмаса да, мазмұны терең болып саналады. Әл-Киданидің еңбегіне үш ғалым түсіндірме (шарх) берген. Біріншісі – Бадруддин ибн Ибрагим әл-Астарханди, екіншісі – Мұхаммед Әмин ибн Мұхаммед Хусейн әл-Хасими, үшіншісі белгісіз. Бұл еңбекті көбінесе Үндістан мұсылмандары пайдаланған.
«Мұхтасар әл-уахая фи масаил әл-хидая» кітабы. Кітаптың авторы ХІІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген Убайдулла бин Масуд бин Махмуд бин Ахмад әл-Махбуби (қайтқан жылы 1346 ж.). Ислам әлемінде ғалымды «Содруш-шариаһ» яғни «заңның төресі» деп атаған. «Мұхтасарлы уахая» Убайдулланың атақты еңбегі саналады, көлемі 100 бет. 1895 жылы Санкт-Петербург қаласында арнайы цензурадан өтіп, 1896 жылы Қазан императорлық университетінің типо-литографиясында жарық көрген.
Кітапта Ханафи ағымы бойынша мұсылмандардың күнделікті өмір сүру ережелері баяндалған. Кітап 49 бөлімнен тұрады, негізгілері – «Тазалық кітабы», «Дұға кітабы», «Зиярат кітабы», «Неке кітабы», «Талақ кітабы» және «Татуласу кітабы». Кітаптың ерекшелігі фикһтың барлық тармағы қамтылып, жаттауға арналған. Жарық көргеннен бері Орта Азия медреселерінде шәкірттердің білімін ұштап келе жатқан оқулық болып табылады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған еңбектер – Әмит ишанның ұрпақтарында сақталған құнды жәдігерлер. Жоба барысында алдағы уақытта Сыр бойындағы діни ағартушылар пайдаланған сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар құпиясы ашыла түсетіні анық.
Л.Жалғасбайқызы,
облыстық музейдің ғылыми қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<