Әр жылы мереке есебінде тойланып келе жатқан Елорда күні – бейбітшіл еліміздің әлем алдындағы айбынын асырып, беделін асқақтата түседі.
Өйткені, ел астанасында болып жататын халықаралық жиындар мен маңызды оқиғалардың негізгі мақсаты барлық елдердің өзара ынтымақтастығын нығайтуға негіз болатынын барша жұрт мойындайды.
Ел астанасының осылайша пайдалы келіссөздер өткізетін алаңға айналғаны ең біріншіден, қазақ ұлты мәртебесінің биіктегені деп білемін.
Қазір ақпарат құралдары арқылы кейбір елдерде бүлік болып, оқ атылып жатқанын естіп отырмыз. Біз адамзатқа төнген нәубетті көрген буынбыз, қиындықтың қандай болатынын ұмытқан жоқпыз, сондықтан соғыс деген суық сөзді ұрпақ естімесе екен деп тілейміз.
Еліміздің тәуелсіздігін бекітіп, бейбіт дамуын қалыптастыру кезеңінде аянбаған Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлік пен ұлылыққа тән еңбегі – бүгін үшін де, келешек үшін де аса бағалы. Араздасқанды татуластырып, алыстағанды жақындатып, қазақтың ғана емес, барлық халықтың бейбітшілігін баянды етуге күш жұмсаған тұлғаның атымен Елорданың Нұр-Сұлтан аталуы тарих пен тағылым жолында жасалған шешім болды. Мәңгілік Ел ұрпақтары өз тарихын таразылай біліп, өткенінен сабақ алуы тиіс.
Мен бір ғасырлық ғұмырымды еліміздің болашағы жарқын болса екен, балаларым бақытты болса екен деген арманмен еңсерген жанмын. Бүгін сол арманға жетіп отырған қартпын.
Елордамыздың көркем келбеті жарқырай берсін, елорда келбеті – еліміздің бейнесі. Әр адам өз елінің астанасын мақтаныш етеді. Өйткені, ол – әрбіріміздің ақ ордамыз, жүрегіміздің алтын сарайы. Алтын сарайымыздан бақыттың ақ сәулесі шартарапқа тарасын.
Ақ батамды берейін, халқымыз аман болсын, келешегіміз кемел болсын, Елордамыздың еңсесі биіктей берсін!
Бөрібай ҚҰЛМАНОВ,
соғыс және еңбек ардагері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<