Сүлеймен де су құйған
Жақында қадірлі бір жерге қонаққа бардық. Амандасып болған соң «қолға орыс келін су құяды» деген сөз естілді. «Келінге су құйғызғаны несі…» деді ауылдан келген ағам. «Кәдімгі қолжуғыш қой» дедім мен күліп. Екеуміздің сөзімізді естіп қалған үй иесі өз қонақтарының мысқылына қалдым ба деген болу керек: «Төрге өте беріңіздер, суды апарып құяды» деді.
Әдеттегідей, кең үстелге жасалған дастарқанға рет-ретімізбен жайғасып отырдық. Бір кезде төргі бөлмеге легенін бір жамбасына салбыратып, құман ұстаған жасы қырықтың шамасындағы жігіт кірді. Сірә, қолға су құю мәселесіне дайындықсыз келгені көрініп тұр. Үстелдің басындағы ақсақалға қарай ұмсына беріп еді: «Су – етектен, бата – төрден» деген, төменнен, оң жақтан бастай бер» деді ол кісі де қарап отырмай. Содан құманды «болды, болды» дегенше сарылдатып, ұмытып кеткен сүлгісін айқайлап алдырып, құйып шықты, әйтеуір.
Аз уақыттан соң ағаш табақпен бұрқыраған ет келді. Әжік-күжікпен бас мүжіліп, ет желініп, сорпа ішілді.
Табақ алынған соң әлгі жігіт қайта кіріп, бағанағы етек жақтан су құймаққа оңтайлана берген. «Су құюды бата берген кісіден бастау керек» деп бұл жолы қасқамаңдай ағам тағы да қыстырылды.
«Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген, үй иесінің құрметінен қазақтың дәстүрін биік қойған ағама іштей риза болып қалдым.
Шынында, ата дәстүріміз қымбат құндылығымыз ғой. Бұрын қалай еді?
Негізі қонақтың қолына су құю – баланың жұмысы. Өйткені, бұл дәстүрдің бірінші жағы – баланы қонақты сыйлап, қызмет қылуға үйрету, екінші жағы – үлкеннің батасын алу.
Баяғыда үйге қонақ келсе, бала біткен қолға су құюға таласатынбыз. Бір қолыма леген ұстап, екінші қолыма құманымды алып, оң иығыма таза сүлгіні іліп, талай қонаққа су құйғанның бірі өзім едім. Су құюдың да әдеп, тәртібі бар. Үйдегілер: «Бір қолыңмен құманның шүмегінен ұстап, сарылдатпай суды үзіп-үзіп үш рет құй. Төртінші мәрте қонақтың өзі сұраса ғана құясың» деп қырағаттап қоятын. Оның себебі құманды үзбей сарылдатып құю жаман ырым саналады. Себебі, қайтқан кісінің денесін жуындырып, мейрам суын құйған кезде ғана ожаудағы суды таусылғанша үзбей құятын салт бар. Сондықтан қолға су құюды мәйітті жуындыру салтына ұқсатып жібермеу керек.
Дәуіт пайғамбар отыз ұлынан айырылған соң, Алла қайғыдан қан жұтқан пайғамбарды жұбатып, оған тағы бір ұл береді. Сол кезде Жәбірейіл періште уахи әкеледі.
– Дәуіт, Алла саған бір ұл береді. Бірақ ол баланың қызығын тоғыз жыл ғана көресің. Алла ісіне ризасың ба? – дейді.
– Алла ұлық, ризамын, – деп Дәуіт көзіне жас алады.
Содан Сүлеймен өмірге келеді.
Дәуіттің сарайы күн сайын қонақтан арылмайды екен. Сүлеймен бес-алты жасынан сол қонақтардың қолына су құйып, алғыс-батасын алады. «Ғұмырлы бол», «патша бол», «екі дүниенің сырын біл», «басыңнан бақ кетпесін» – осы сөздерді Сүлеймен күніге естіп өсе береді. Жасы тоғыздан асып, он беске толады. Дәуіт дұға жасап, Жәбірейілмен тілдеседі.
– Алла ұлыма тоғыз жыл ғана өмір берді деген едің, бұл не хикмет? – деп сұрайды.
– Сенің үйіңе келген жақсылар балаңа күн сайын Алланың тоқсан тоғыз есімін айтып, алғыс жаудырды, ақ батасын берді. Алланың бір аты – Халық. Раббым халық тілегін қашан да қабыл етуші. Сол тілектерге сай Алла бүгіннен бастап Сүлейменге адам баласында болмаған қасиеттер дарытып, оған ғаламның тілін түсінетін даналық пен патшалық берді, – дейді Жәбірейіл.
Бұл айтылып отырған әпсаналар қасиетті кітаптарда келтірілген. Шын мәнінде, Сүлеймен патшаны Інжілде «Исаның ұстазы болуға лайық» деп дәріптеген.
Адам өзінің көзі жетпеген нәрсені өтірік дей салады, баяғы бір апамыздың «Құдайдан ойбайым тиыш» дегені сияқты. Осы замандағының біразы Сүлейменнің аң- құстармен еркін сөйлескенін ертегі деп есептейді. Кім айтты сізге, аң-құстар сөйлеспейді деп?
Кез келген аң да, құс та түсініседі. Құстар жемтік тапқанда үйірін шақыру үшін бір бөлек дыбыс, ол жердің арақашықтығын түсіндіру үшін басқа бір дыбыс шығарады екен. Ал қауіп төнсе, төрт-бес дыбыс белгісімен хабар береді-міс. Иттердің «сөз қорында» 19 дыбыс болса, иттұқымдастар ішіндегі «мылжыңы» түлкі болып шықты. Одан 30 дыбыс белгісі байқалған. Өйткені, ол – қу, қулар өтірікші болады, өтірікті дәлелдеуге көп сөз керек қой.
Мына бір дерекке зер сала кетіңіз. Қазір шетел ғалымдары егінді жайпап кететін зиянкестерді «өз тілдерінде» шақырып, бір жерге жинап алатын әдісті табуға жақынбыз деседі. Сонда оларды қырып салу оп-оңай.
Бірді айтып, бірге кеттік-ау. Сүлеймен пайғамбар аң-құстардың аузындағы дыбыстардың бәрін жатқа біліп, оларға сол дыбыспен жауап қатқан дегенді діттей алсам, негізгі әңгімем қолға су құю жайына келейін. Осыған орай қазақта «Сүлеймен де су құйған» деген сөз бар. Ал «Су иесі – Сүлеймен» дейтініміз, бұл патша Құдай берген құдіретпен судың да тілін білген және қазіргі шлюздер арқылы реттелетін су ағысын басқа арнаға сөзбен бұрған.
Мен енді сөзді бұра бермей, тоқтайын. Айтпағым, қонақ келгенде «орыс келін» орнын босатсын, қазақ баласының өз міндетін қайтып алғаны абзал. Өйткені, су құю дәстүрі біздің атамыздан қалған мирас еді.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<