Адамдардың еңбегін бағамдау мен бағалауға келгенде кеңпейіл де жалпақшешейлігімізге басып, бүгінгі күні республиканы, облысты, тіпті ауданды немесе сол деңгейлердегі мекемені басқарған кісілерді мемлекет және қоғам қайраткері деп бағалап жүрміз. Мәселе сол адамның жоғары не төменгі лауазымда болғаны емес, оның қай қызметте болмасын бойындағы күрескерлік қасиетінің болуы не болмауында.
Қайраткер адам – қоғамның даму жолын терең зерттеп түйсінген және сол қоғам үшін не ол қоғам адамзатқа, елге залал келтіретін болса, оны не жақтап, не қарсы жатпай-тұрмай жанкештілікпен ерекше еңбек ететін, жолында кездескен қиындықтардың жеке басына, карьерасына тигізуі мүмкін залалдарынан тайсақтамайтын, сол мақсатқа айналасындағыларды жұмылдыра білетін, қызмет бабын жеке мүддесіне пайдалану деген ұғым бойында болмайтын, нәтижесінде саясатқа, экономикаға, әлеуметтік салаға орасан өзгеріс жасап, адамдардың ойлау жүйесіне түбегейлі серпіліс әкелетін күрескер тұлға. Біздің қайраткер атап жүрген адамдарымыздың көбі осы биіктен көріне алды ма? Әрине, ол кісілер кезінде хал-қадірінше қызмет жасады, өз қатарластарының алды болды. Дегенмен, біліктілігі жетсе, батылы жетпей немесе жеке мүддесін күйттеу, пендешілікке баруы көп адамның сол деңгейден шығуына кедергі болды. Оны көбіміз көре тұра, біле тұра қайраткер деп қолпаштай берсек, шындап келгенде, бұл теңгермешілігіміз қайраткер деген саф алтындай бағасы бөлек атаққа қиянат болар еді.
Ал Еркін Нұржанұлы Әуелбеков болса, шын мәнінде мемлекет және қоғам қайраткері болып туғандай, бала кезінен сабаққа зерек болып, Москвадағы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп, біліммен сусындап алғаннан кейінгі басталған еңбек жолының қай сатысында жүрмесін, қай қызметте болмасын мәселені мемлекеттік деңгейде ойлады, сол деңгейде шеше білді. Осы жолда кедергі де аз болған жоқ, өмірі қақтығысқа, күреске толы болды. Көп ретте жеңді, өзінің қойған мәселесінің елдік іс екеніне қарсыластарының да, жоғарыдағылардың да көзін жеткізе білді.
Осы жерде басын ашып айта кететін жай қазіргі кезде Темірбек Жүргенов, Жұмабек Тәшенов, Еркін Әуелбеков сияқты қоғам қайраткерлеріне баға бергенде олардың күрескерлік қимылын мемлекеттің сол кездегі саясатынан бөлек алып, тіпті сол қоғамдық жүйеге қарсылас етіп көрсетуге тырысу белең алуда. Олай ету олардың ұстанымына қиянат, аруағын құрметтемеу болар еді. Сондықтан оған түсінік бере кеткенді жөн көріп отырмын.
Біздің қайраткерлеріміз өмір сүрген социалистік жүйе адамзат дамуында өзіне дейінгі кезеңдері еңбек адамын қанаумен, билік басына келген ат төбеліндей топ пен қарапайым адамдар арасына жік туғызып келгендіктен, онымен күресуді бастаған, әлеуметтік әділеттілікті, адамдардың теңдігін ту еткен, мүлде жаңа қоғамдық құрылым болғандықтан, бұрынғы байлығынан, билігінен айырылғысы келмейтін ескі қоғам өкілдері оны жау санаса, ол қоғамды әлі де қабылдай қоймағандарды былай қойғанда, сол қоғамды құрушылар арасында да дұрыс жол іздеу үстінде үнемі күрес болуы заңды құбылыс екенін ұмытпау керек.
Ленин «марксизм дегеніміз қатып қалған долбар (догма) емес, ол адамзат дамуының әр кезеңіне сәйкес дамып отыратын күресу құралы» деген. Ол көзінің тірісінде-ақ жоспарлы экономиканың аяқ алысы адамдардың белсенділігін тежей бастағанын сезіп, жаңа экономикалық саясатты енгізіп, өз тұжырымының дұрыстығын өзі дәлелдеп кеткен еді. Бірақ өзінен кейін мемлекет басына келген жаңа басшылардың ол қағиданы ұмытып, Сталиннің жеке басқа табынушылығы, Хрущевтің волюнтаризмі, Брежневтің кезіндегі тоқырауы, Горбачевтің социалистік мақсат-мүддеге сатқындығы ол қоғамды, Ленин айтқандай, дамытудың орнына түбіне жетіп тынды. Ал жоғарыда аты аталған Жүргенов, Тәшенов, Әуелбеков сияқты сол қоғамдық жүйеге берілген талай майталмандарымыз мемлекет басындағы басшылардың қателігінің құрбаны болды, зиянын шекті. Жүргенов лениндік ұлт саясатына сүйене отырып, қарапайым қазақтарды сауаттандыруға, қазақ тілін мемлекеттік етуге, қазақ елін бұрын ешқашан болып көрмеген мәдениеттендіруге барын салды. Бірақ айналасы байдың баласы, ұлтшыл атандырып, нәтижесінде Сталиндік репрессияға ұшырады. Тәшенов советтік конституциядағы одақтық республикалардың өз жерінің тағдырын өздері шешетініне сілтеме жасап, партия жарғысындағы өз пікірін кімнің алдында болмасын ашық қорғайтын бабына сүйене отырып, Хрущевті Қазақстанды бөлшектеу әрекетінен тоқтатты. Горбачевқа одақтық республикалардың қуаттанғанынан гөрі олардың ыдырағаны, кеңестік жүйенің күйрегені керек болғандықтан, Қонаевтың орнына орыс Колбинді әкеліп, 1986 жылғы қанды қырғынды ұйымдастырды. «Тоқырау» мен «қайта құру» зардаптары республикаға да жайылып, елде трайбализм белең алды. Географиясы келмегендіктен Әуелбековті Алматыдан қашық ұстады. Соған қарамастан, желтоқсаншы-жастар Колбиннің орнына қазақ басшыларының ішінен Әуелбековті ұсынған болатын. Осы ұсыныстың қаупінен Әуелбеков Қызылорда басшылығынан Москваға депутаттық қызметке ауыстырылды. Сөйтіп ол кісінің бойындағы орасан зор қабілет, тәжірибе өзі жанын салып құрысқан сол қоғамға, кейін Одақ тарағанда тәуелсіз Қазақстанға керек болмай қалды. Бүкіл еңбектерінің ішінде ерекше тер төккен ауыл шаруашылығының күйреп жатқанына жаны төзбей, ең болмаса өзінің туған ауылын құрдымға жібермей сақтап қалуға әрекет етті…
Ерекең 1985 жылы қаңтар айының аяғына таман Қызылорда облысына басшылық жасауға келген сәтінен бастап, 1989 жылдың ортасында Москваға қызмет ауыстырған аралықта өзінің мынадай ерекше жұмыс істеу тәсілімен жұртты тәнті етті:
-алғашқы күндері-ақ қаланың сауда нүктелері мен базарларын өз көзімен көріп, бәрімізді (мен қалалық партия комитетінің 2-хатшысы едім) қалалық атқару комитеті төрағасының кабинетіне жинады. Қала тұрғындарының тұтынатын ішіп-жемінің адам басына шаққандағы мөлшерін, калориясын, нені сырттан, нені өзіміз өндіретінімізді бүге-шігесіне дейін сұрап толық мәлімет алып, ол көрсеткіштердің республиканың басқа қалаларымен салыстырғанда өте төмен екеніне қала басшыларының көзін жеткізді. Мұндай жағдайға төзбейтінін, оны түбегейлі өзгерту бағытында жұмыс істеуді талап ететінін білдірді;
-бірер күннен соң Жобалау институтының ғимаратына облыстың құрылысшы, архитекторларын жинап, қаланың бас жоспарымен танысып, облыстағы құрылыс индустриясының мүмкіндігімен танысты. Силикат қыш шығаратын зауыттың өз қуатында жұмыс атқармай отырған себептері нақтыланып, қаладағы үй комбинатының республикада жоқ құрқылтайдың ұясындай бөлмелері мен 2,5 метрлік биіктіктегі төбесі қала халқының өскелең талабына сай еместігі әңгіме болды. Орталық алаң мен Ы.Алтынсарин кинотеатры аралығынан көлік жүргізуді тоқтатып, ол аралықты жастардың демалатын орны ету керектігі айтылды;
-алғашқы күндердің өзінде тұрғындардың 3 мыңнан аса шағым-арыздарымен танысып, 1,5 мыңдай адамды жеке қабылдады. Қойылған мәселелері мейлінше шешімін тауып жатса, шешілмегендерінің себебі түсіндірілді. Осыдан соң арыз жазатындар сап тыйылып, арызды жазып беретіндер жұмыссыз қалды. Тұрғындар біреуден қиянат көрсе, бұрынғыдай Москваға, Алматыға емес, «Әуелбековке жазамын» дейтін болды;
-сала басшыларынан ең бірінші Денсаулық сақтау басқармасының басшысын қабылдап, халықтың денсаулығына байланысты мәліметтерге қанығып, Арал теңізінің тартылуына байланысты қалыптасқан экологиялық ахуалдың облыс халқының денсаулығына адам төзгісіз әсер етіп жатқаны анықталып, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту алдағы күннің ерекше шаруасы болатынын жеткізді;
-осы және басқа да толғағы жетіп отырған экономикалық, әлеуметтік мәселелер осыған дейінгі партия-кеңес органдарында қалыптасқан жұмыс стилін түбегейлі өзгерту жедел түрде өткізілген облыс активінде жария етілді.
Ерекең келгенге дейінгі облыс экономикасы осылай тұралап қалғанына, тұрғындарының әлеуметтік жағдайы «шықпа, жаным, шықпаның», экологиялық ахуалдың ушығып тұрғанына қарамастан, ел басқарған басшылар не бітірген деген сұрақ өзінен-өзі туындайтыны рас. Таңғаларлығы сол, бұл жағдай оларды алаңдатпағаны былай тұрсын, тіпті олар өз жағдайларын күйттеудің қамына кірісіп, ол әрекеттері Одақтық партия органы «Правда» газетінде бірде «У обкома на виду» атты мақаланың шығуына түрткі болып, өздерін былай қойғанда, Сыр елінің халқын бүкіл Одаққа масқара еткен еді. Бірақ кейінгі басшыларға бұл да сабақ болмай, Ерекең келгенде жаппай мемлекет есебінен өздеріне коттедж типтес үйлер салуды үрдіске айналдырып, оларын биік қоршаулатып, жасынап-жайрап жүріп жатқан кезі еді.
Ерекең барлық облыс, қала, аудан көлеміндегі басшыларға артық аумағы бар тұрғын үйлерін балалар бақшасына, емханаға беруді талап етті, биік қоршауларын кестірді, кеңшарларға қонақ үй, асхана, жоқ жерлерге монша салғызды.
Қала басшыларының әр шағын аудандарда тұруы сол жердегі тұрғындардың қам-қарекетін білуіне, оны шешуіне көмектеседі деп, біздің солай етуімізге ықпал етті. Өзінен бастап, облыс, қала басшыларына қала көшелері бекітілді. Мәселе көшелердің тазалығы, көгал болуы ғана емес, сондағы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын, көңіл-күйін зерттеу, мүмкіндігінше көмек беру. Қаладағы үлкенді-кішілі мекемелердің бәрін дерлік өзі бірнеше рет аралап, жақсыларын басқаларға үлгі етті, кемшіліктері барларынан түзету міндетті түрде сұралды. Көп басшылар өз мекемесінің айналасындағы былықтарын білмейтін болып шықты. Ерекең сонда: «тәртіп қай жерден бітсе, сол жерден әрі қарай тәртіпсіздік басталады, сондықтан әркім өз шекарасына дейін тәртіп орнатуға міндетті, сонда ғана барлық жерде тәртіп болады» дейтін.
Шөл және шөлейт өңірлерде тұратын басқа облыстар әлдеқашан алып жүрген айлық, зейнетақыларына 15 пайыздық қосымшаны Ерекең келісімен қолға алып, кеткен есемізді қайырды. Осы 15 пайызды жұрт осы кезге дейін «Әуелбеков пайызы» деп атап жүр. Облысты ІІІ категориядан ІІ категорияға көтеру облыс жұртшылығының тұтынуына қаншама жеңілдік алып келіп, елді мекендер мен олардың инфрақұрылымдарын жобалауда стандарттар бір саты жоғарылады.
Арал өңірін апат аймағы етіп жариялауды заңдастыруға бастамашы болуына байланысты осы кезге дейін кей аудандар 50, қалған аудандар 30 пайыздық айлықтарына өтемақы қосылуы Ерекеңнің Сыр өңірі мен көршілес Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар аймақтарына жасаған ерен еңбегі мен нағыз қайраткерлігінің арқасы деп тануымыз керек.
Облыс халқының мүддесімен санасқысы келмеген «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдарияға өнеркәсіптерінің кәріз суын ағызуына, қалдықтарымен теміржол бойын ластауына жауап беруін Ерекең талап еткенімен, онымен санасқысы келмеген генералдарын Москвадағы партия органдары арқылы алдына келтіруі және оларды жарты сағат бойы қабылдамай күттіріп қоюы не деген ерлік десеңізші!? Ерекең бұл мәселені түбегейлі шешу үшін кейін Москвадан Герман Титов бастаған ғарышты игеру басшыларын қатыстыра отырып, облыстық партия комитетінің бюросында қарайды, бұл қылықтарына тиісті баға беріледі. Осыдан соң космодром генералдары «Әуелбеков қазақ емес шығар, 30 жылдан аса облыстың қазақ басшыларымен қызметтес болғанда дәл мұндай бізді аяғымызға тік тұрғызған ешбір басшы болған емес» деген екен.
Бұрынғы басшылар күріштен мол өнім алып, тек соның көрсеткішімен көрінуді мақсат тұтып, сырттан әскери автоколонна, облыстан тыс жерлерден де студенттер шақыртып, алашапқын жасаса, Ерекең күрішті жинау науқаны қарсаңында «облыс күрішінің көлемі тың өлкесінің бір кеңшарының егетін бидайы көлеміндей-ақ екен, сондықтан автокөлік басқармасы КамАЗ-дарға бірнеше тіркеме қосақтап қырманнан элеваторға өз күшімен тасысын, ал кеңшар өз көліктерімен қырманға тасуды қамтамасыз етуі тиіс» деген талап қойды. Сырттан студенттер алдырған жоқ. Сөйтіп күрішті артық шығынсыз жинауды енгізді. Аудан, кеңшар басшыларының жұмысы тек күріштің көрсеткішімен бағаланатын үрдісті тыйып, облыс экономикасы тек күріштік бағытты ұстанып қалмай, өнеркәсіпті, құрылысты дамытуға бағыт алды.
Жеңіл және жергілікті өнеркәсіпті дамытудың мүмкіндіктерін таба білді, оларға үйлерінде отырып қалған әйелдерді тартып, жұмыс күшін молынан пайдаланып, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарта түсті. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын техникаларды шығаратын «Рисмаш» зауытын қолға алып, алғашқы жаткаларды шығара бастады. Қызылордада, Аралда, Жаңақорғанда жаңа өнеркәсіп орындары ашыла бастады.
Ең бастысы, «Құмкөл» мұнай кенішінің игерілуі Ерекеңнің төл туындысы десек болады. Мұнайлы өлкеге айналуымыз үшін біліктілік танытып, оны Жезқазған облысынан 25 жылға жалға алудағы ерлігі, Одақтық мұнай министрлігінің «Құмкөлді» игеруді Ресейдің «Татарнефть», «Башқұртнефть» құрылымдарына беріп қойған бұйрығын бұздырып, оны «Маңғыстаумұнайгазға» бергізудегі жанкешті еңбегі үлкен көрегендік болған еді. Соның арқасында Одақ тарағанда мұнай кеніші Ресейдің билігінде қалып қоймай, облыстың қиын-қыстау кезеңдерде тарап кетпеуін сақтап қалған болатын. Дәл осындай қайраткерлік Ерекеңнен басқа адамның қолынан келмейтін іс дер едім.
ТМД елдерінде жоқ Облыстық медициналық орталық ғимараты мен республикада жоқ Диагностикалық орталығының кішкентай Қызылордаға салынуы Ерекеңнің Аралды апат аймағы деп жариялату үшін Одақтың екі, республиканың 3 қаулысын шығартуының және оларды келешек «Құмкөл» кенішінен алынатын мұнаймен есептесілетінін жобалап кетуінің арқасы. Айналасы 3-4 жылда осыншама өзгерістер, жаңа бетбұрыстарды енгізу бұған дейінгі облыс басқарған басшылардың бірде біреуінің қолынан келмеген еді. Сол кездегі атқарылған ауқымды істер жайлы, басқа өңірдегілер «Әуелбеков Қызылордаға совет үкіметін орнатып жатыр» деп баға берген екен. Ол нағыз шынайы баға болатын.
Осынау іргелі істер оңай жүзеге асқан жоқ. Көп күш-жігерді, дәлелдеуді, күресуді қажет етті. «Қайшы пікірлер арасында ақиқат емес, шешімін таппаған мәселелер жатады» дейді Бальтасар Грасиан. Іскер адамды қулықпен күн кешкендер жақтырмайды, ақкөңіл, ақпейіл адамдар таңдана қарайды, ал ақылы бар, бірақ өз ойы жоқтар пайдаланады. Күнделікті іс-әрекеттен әдет, әдеттен мінез, мінезден тағдыр туындайды. Ерекеңнің тағдыры оңай болды деп айта алмаймын.
Сыр елі Еркін Нұржанұлы Әуелбековті қашанда құрмет тұтады. Қызылорда қаласының теміржол вокзалынан басталып, «Мәңгілік алау» жанынан өтетін көшеге қайраткердің атының берілуі де тегін емес. Енді, міне, дарынды балаларға арналған №4 мектеп-интернатқа оның есімі беріліп, ауласына Ерекеңе мәрмәр тастан мүсіні қойылды. Биыл Ерекеңнің 90 жылдығы да ерекше аталып өтпекші болып, іс-жоспар жасалған болатын. Бірақ елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кідірістеп тұр.
Жүсіп Баласағұнның «Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыруы керек» деген сөзін Еркін Нұржанұлы Әуелбеков толық орындай алды деп есептеймін.
Елі барда Ерекеңдей қайраткер ағаның ұлылығы ұмытылмайды, әлі де ол кісінің қалдырған ізіне, қайраткерлік ісіне талай ескерткіштер орнатыла береді деп ойлаймыз.
Сәдуақас АҢСАТ,
халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ облыстық филиалының төрағасы,
Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының
Құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<