Қазақ «Заманына қарай адамы» десе, ғұлама Абай «Адамды заман билемек, заманға адам күйлемек» деп ауыр ойды ащы мысқылмен жеткізген еді. Бұл сөздің астарына үңілсек, заман қалай құбылса, соның ығына есіп, ыңғайына көне бермей, өмірлік маңызы бар кейбір құндылықтар үшін табандылық танытудың қажет екенін алға тартады. Ал енді өмірлік маңызы бар құндылық дегеніміз – ұлы дала ұлағаты, тарих тағылымы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық ұстын, бір сөзбен айтқанда, ел мен жердің тұтастығын құрайтын рухани, мәдени құндылықтар. Енді бұл құндылықтарды қалай қорғаймыз және сақтап қаламыз?
Басқа ұлтты білмедім, ал қазақ халқы «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп, шаңырақтағы ата-ананы (немере-шөбере үшін ата-әже) айрықша құрмет тұтады. Әсіресе, бала тәрбиесінде ата-әженің ықпалы бөлек болған. Өйткені өмірдің мектебінен өткен, ұлттық әдепті әбден бойына сіңірген қарт кісілер қашан да сөйлеген сөзімен, киген киімімен, жүріс-тұрысымен-ақ үлгі ғой. Айтпағымыз, ата-әженің бар жақсы қасиетін бойына сіңірген бала отбасының, ағайын-туыстың қадірін біліп, оның алдындағы өзінің жауапкершілігін сезініп өседі.
Шаңырақтың төрінде ата мен әже отырған жерде артық-ауыс әңгіме айтылмайды. Шектен шығып бара жатса, «тәйт» деп бір ауыз сөзбен тыйып тастап отыратын. Осы бір ауыз сөздің төркінін түсінген бала екінші рет ол қателігін қайталамайды. Әрине, баланың жеке қызығушылығы болады, ата-ана да онымен санасуы керек. Мысалы, өнерге, шығармашылыққа, спортқа немесе қол еңбегіне бейімі бар баланы сол бағытта қосымша тәрбиелеудің тиімділігі зор. Дегенмен жеке қызығушылығы дегенді желеу етіп, баланың бар айтқанын екі етпей орындау мүлде дұрыс емес. Баланың аты – бала. Жалт еткеннің бәріне қызығады. Солай екен деп оны отбасылық тәрбиеден тыс қалдыруға болмайды.
Бұл тақырыпты қозғап отырғанымыздың бір себебі, осы күні әдет-ғұрпымызға, тіпті ұлтымызға жат небір келеңсіз әрекеттердің куәсі болып жүрміз. Оның ішінде бүгінде өзекті мәселеге айналып отырған қоғамдағы діни ұстанымның кереғарлығы. «Балаға мұның қатысы қанша?» деп ойлайтын шығарсыз? Алайда қатысы болуы әбден мүмкін. Өйткені әр баланың қолында ұялы телефон, әлем жаңалығы алақанда тұр. Жаңалық деп сыпайылап айтып отырмыз, оның ішінде небір қисынсыз ақпарат, келеңсіз көріністер бар. Әсіресе, имандылық тәрбиеге баулыған болып, өз насихатын жүргізетін жат ағымдар жасөспірімдердің санасын оп-оңай «жаулап» алады. Олар, ең алдымен баланы ата-анасына қарсы қояды. Ал өзін «дұрыс жолға түстім» деп ойлайтын бала ата-анасының әр сөзінен, іс-әрекетінен ілік іздеп отырады. Осылайша атадан балаға жалғасып жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың бәріне қарсы шығады. Әкенің қабағынан қаймықпайды, ананың жүрегін жаралайды. Оған дәлел жетіп-артылады. Мысалы, «намаз оқымайсың» деп анасының әзірлеген асынан бас тартқан сұмдықты да естіп жатырмыз. Сонда ол бала өзін өмірге әкелген ананың ақ сүтін қалай ақтаймын деп ойлайды? Айта берсек, тойда келіннің бетін ашу да, жеті күлше таратып, аруаққа Құран бағыштау да «күнә», басқасын былай қойғанда, ұлттық аспабымыз – домбыраны тартудың өзін айып көретін «ағайын» бар. Осы күні қарттар үйін паналап отырған қаншама қарияларымыз осындай қатыгез ұрпақтың ата-анасы екенін жасырудың қажеті жоқ шығар…
Қазір үлкен-кіші, бала-шаға, бәрі әлеуметтік желіде отырады. Жақында осындай қат-қабат ақпараттар ішінде «Хэллоуин» мерекесі дегенді көзіміз шалды. Түп-төркіні үнді елінен шыққан бұл мерекенің мән-мағынасы адам қызығарлықтай емес. Islam.kz деректеріне назар салсақ, бұл мейрамның шығу тегі ертеде жатыр, яғни, өлілердің құдайын дәріптейтін ертедегі пұтқа табынушылардан қалған дәстүр. Сондықтан бүгінгі адамдарға ертегі ұқсағанымен, «Хэллоуин» – жер бетіндегі жаман атаулының (жын, шайтан, албасты, вампир және т.б.) мейрамы. Бұл күні адамдар от жағып, өлім құдайын разы ету үшін құрбандықтар шалған. Көріп отырғанымыздай, бүкіл болмысында ізгілік тұнған қазақ халқы үшін бұл үлгі алатын мейрам емес.
Әйтсе де ақпаратта айтылғандай, Кореяда осы мерекені тойлау кезінде қаншама адам ажал құшқан. Қарапайым ғана сұрақ, осынша адам табан астында өмірмен қоштасатын болса, мұның несі мереке? Біле білсек, мереке дейтін көңіл көтеруге арналған өзіндік эстетикалық тартымдылығы бар іс-шара болмас па еді? Ал әлгі «Хэллоуинда» олай емес, әлем-жәлем киініп алғандардың түрінен адам шошиды. Өкініштісі сол, мұны тойлаушылар біздің елімізде, тіпті өңірімізде де кездеседі.
Ойымызды қорыта келе айтпағымыз, қазіргі әжелер өз болмысына лайық па? Әрине, сауалымыз біртүрлі көрінуі мүмкін. Әйтсе де біз көрген әжелер мен бүгінгі әженің арасы жер мен көктей… Әже дегенде, ең алдымен, көз алдымызға келетін басындағы ақ жаулығы, ұзын етек көйлегі… Ал қазіргі әжелер басқаша. Әрине, заманына қарай киінген дұрыс шығар, бірақ әйел затының ар-намысындай көрінетін ақ жаулықтың қадіріне ештеңе жетпейді. Шынында, осынау ақ жаулығымыздың бағасына жете алмай жүргенімізде «қара жамылғандар» пайда болды. Ол өз алдына бөлек әңгіме…
Тағы да айтамыз, әлеуметтік желі деген бар, үлкен де, кіші де оған «тәуелді». Сондағы көріністерге зер салсақ, ақ сақалды атаның, ақ жаулықты әженің жастармен жарыса би билеп жүргені қызу талқыға түсіп жатыр. Бірі мұның еш әбестігі жоқ десе, бірі үлкен кісілердің жасына сай ұстамды болғаны дұрыс деп пікір білдірген. Иә, басқа ұлтты қайдам, бірақ қазақы қалыбымызға салса, ата-әженің салиқалы, пайымды, парасатты болғанын қалар едік. Бәз-баяғыша ұрпағының бойына ұлттық тәрбиенің нәрін сіңіріп, мәдениет пен өнердің, тарих пен тағылымның алтын тінін үзіп алмай, дәстүр құндылығымызды дарыта білсе екен дейміз. Ақиқаты да сол, кешегі мен бүгінгіні байланыстырып және оны ертеңгі күнге жеткізу – ата-әжеге жүктелген қастерлі аманат.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген ұлы жазушы М.Әуезов. Біле білсек, осынау бір ауыз сөздің астарында орасан зор мағына жатыр. Қазіргі қазақ әдебиеті классиктерінің қай-қайсысының да естеліктерін оқысақ, ата тәлімін алып, әженің мейіріміне қанып өскенін аңғарамыз. Кемел ой, кесек-кесек туындылар сол тәрбиенің жемісі емес пе?!
Иә, әженің әлдиі болмаса, ұрпағы әркімнің жетегінде кетіп адасады. Біз бұған жол бермеуіміз қажет. Ұрпағымыздың тәрбиесін уыстан шығарып алмайық, ағайын!
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<