Пенделердің әрқайсысы бір әлем, себебі түйсігіміздің деңгейі әртүрлі. Қызық, өзімнен екі-ақ жас үлкен осы кісіні ондаған жылдай үлкендігі бардай сыйлап, ағалап кеттім. Ол кісі кім десеңіз – биыл тірі болғанда 80 жасқа толатын, тәжірибелі, жоғары санатты дәрігер, талайларды сауықтырған Жаңақорған шипажайының негізін қалаушылардың бірі, осы ауданның құрметті азаматы – Егенберді Әмитұлы.
Мен ол кісіні Еген аға деп кеттім. Науқастанып ауруханаға түсті деген хабарды естіп, Сұлтан Махамбетов ініміз екеуміз жағдайын білуге бардық. Қасында Дариха жеңгеміз бар екен. Көз жанарынан аурудың жеңе бастағанын білсек те, көңілін көтеру үшін ойын әртарапқа жетелеп, көп әңгіменің басын шалып біраз отырдық. Білікті, тәжірибелі дәрігер болғандықтан, науқасының ауыр екенін білгенімен, өзінің ғана емес, біздің де жігерімізді жанитын салиқалы әңгімелер айтты. Кетерде сағынышты жүзімен, жылы шыраймен, ойлы көзімен бізбен қоштасқандай болды. Жүздесуіміздің соңғы сәті екенін, оған да зымыраған бес жыл өткенін енді сезінгендейміз. Артына қарайламайтын, талай өкініштерді көлегейлейтін қайран уақыт-ай!
Еген ағамен ауруханадағы соңғы жүздесуімді тебірене еске алғанда, алғашқы кездесуім ойыма оралды. Ол осыдан, он жыл бұрын жиен ағам Нағызхан Сейтеновтың қызы Айгүлді келін етіп алуға бас құда болып келген күні еді. Исатай Әбдікәрімов ағаның немересі Нұрмұхаммед пен Айгүл қызымыз бірін-бірі тауып, қазақи дәстүрмен құдалық басталған-ды. Еңбек Ері Исатай ағамен құда болғанымызға қатты қуандық, ағаның көзі тірісінде осындай жақындығымыздың болмағанына өкінгенімізді несіне жасырайын. Уақыттың пенденің дегеніне көнбейтіні де – өмір шындығы. Исатай аға үлкен лауазым иесі болғанмен, қарапайымдылығымен халыққа өте жақын болды. Менің Жақып Ыдырысов, Хамит Әбенов ағаларыммен ағалы-інілі араласты. Сол уақытта Исатай ағаға арнап төмендегідей өлең жолдарын жазыппын:
Еңбегімен ер таныған
тұлғалы,
Адамдықпен, адалдықпен
бір жаны.
Біздер үшін әрі мақтан,
қорғаныш,
Исатайдай ағамыздың
тұрғаны
Сырдан шыққан Сырдың
нағыз түлегі,
Еліменен бірге соққан
жүрегі.
Исатайдай ағамызды
қазірде.
Алты Алаштың бар баласы
біледі.
Бас құда болып келген Еген ағаға қарап, Исатай ағаның көшірмесін көргендей сезімде болдым. Құдалыққа келген делегация құрамында жеңгеміз Дариха, Исатай ағаның қызы Шәмшия, Нұрмұхаммедтің анасы Үмсын, Мұсахан ағаның жұбайы Бибіайша, ұлы Жүсіп, Еген ағаның үлкен ұлы Нураддин болды. Салиқалы құдалықтың нәтижесі жаман болған жоқ. Қазір Нұрмұхаммед пен Айгүл қызымыз Әлтайыр, Әмина, Сәпия, Тамерлан сынды перзенттерінің ата-анасы, үлгілі отбасының иесі. Тату-тәтті сыйластықпен ғұмыр кешуде. Алла тіл-көзден сақтасын деп тілейік.
Еген ағаның Жаңақорған шипажайында қызмет істеп жүрген кезінде жұбайым Гүлназиямен Жаңа жыл қарсаңында барып демалып қайтуды әдетке айналдырғанмын. Демалыстың соңында шипажайда демалушылар тілек жазатын дәптерге лебіз жазып қалдырдым.
Өмірінің соңғы күніне дейін, яғни отыз жылдан аса Жаңақорған шипажайында бас дәрігер, кейін дәрігер қызметін атқарған Еген ағаның шипажай тарихындағы орны ерекше. Өзі жұмыс істеген ғимараттың екінші қабатында Еген ағаның суреті салынған арнайы ескерткіш тақта қойылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден келетін емделушілер Еген ағаның ұзақ жылғы жемісті қызметінен хабардар болып қайтады.
Ол 1940 жылдың 15 қазанында Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1963 жылы емдеу факультетін тәмамдаған. Институт бітірісімен туған топырағы – Жаңақорғанға келіп, аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігері, кейін осы мекеменің жеті жылдай бас дәрігері қызметін атқарды. Ол кезде маманның біліктілігіне, біліміне, қабілетіне қарай қызметке қоятын. Осы қасиеттердің арқасында Еген аға он үш жылдан аса уақыт аудандық аурухананың бас дәрігері лауазымына көтерілді. Келінтөбе, Задарья кеңшарлары мен аудан орталығында емхана ғимараттарының салынуы, көптеген ауылдық фельдшерлік-акушерлік және медпункттердің ашылуы Еген ағаның ерен еңбегінің нәтижесі еді. 1985 жылдан бастап өмірінің соңғы күніне дейін республикалық дәрежедегі Жаңақорған шипажайында қызмет істеді. Еген аға Мәскеу, Қазан, Ташкент, Алматы қалаларында білімін жетілдіру институттарында оқып, медицинаның сан салалы сырына қанықты, білімін шыңдады.
Еген ағаның ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі атағына ие болды. Бірнеше мәрте аудандық Кеңес депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажын зерделеді, көпке көмегін тигізді. Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды.
Дариха жеңгеміз екеуі отбасында бес ұл-қыз тәрбиелеп, өмірде олардың лайықты орындарын табуына жағдай жасады. Ағаның ұлдары Нуриддин дәрігер-хирург, облыстық медицина орталығының директоры, Шәмшаддин полиция полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты, облыстық ішкі істер департаментінің бастығының бірінші орынбасары. Қыздары Сайда – дәрігер, Гауһар мен Бағдат – мұғалім. Еген ағаға 80 жасқа толып, абыз ақсақал болып ортамызда отыруды Алла жазбапты. Ағалықтың ақ туын төмендетпей өткен тұлға еді. Өкінішке толы өмір ғой. Бұған да шүкір дейік.
Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<