Жаңа кітап жарыққа шықты десе елең ете қаламыз. Өйткені шығармашылық еңбектің азабы мен ғажабы бірдей екенін жақсы білеміз.
Одан бөлек, дайын дүниені кітап етіп шығарудың машақаты тағы бар. Таяуда ардагер журналист, қарымды қаламгер Бейбітбек Бүркітбайұлының «Алаңжар» деп аталатын кітабы қолымызға тиді. Кітаптың аты айтып тұрғандай, қарапайым өмірдегі адамгершілік қағидаларының өзгеріске ұшырап, адам бойында мейірім-шапағаттың азайып бара жатқанына қаламгердің көңілі алаң екенін аңғардық. Автор өзіндік ой-орамын өлең жолдарымен өрнектей келіп, адамзат бойынан қазақы қалпымызға тән имандылық, адалдық, қарапайымдылық сияқты ізгі қасиеттерді іздейді.
Иә, кітап туралы автордың өзі былай деп жазыпты: «Рухани саланың өкілі ретінде журналисті жұртшылық көп жағдайларда ұлт құндылықтарының шырақшысы деп айтатыны бар. Бірақ көңілінің түбінде сәулесі әу баста бар адам ретінде осы кітапты ұсына отырып, оқырманыма айтарым, өлеңдерімнің бәрі бірдей төрт аяғын тең басқан жорғадай мінсіз дей алмаймын. Әрине, кемшіліктерім бар. Осы ретте басты ұстанымым Шәкәрім қажының «Сөнген ойды жандандыруға жан беретін сөз керек» деген пікірі болып отыр. Кітаптағы өлеңдер осындай міндет тұрғысынан табылып, кәдеге жараса, менің жүріп өткен жолдарымның қоламта іздері болып қалып жатса нұр үстіне нұр».
Кітапты парақтап, шолып шықсаңыз, автордың бұл сөзіне шүбә келтірмейсіз. Мәнді де мағыналы тақырыптарды арқау еткен туындылар оқырманға ой салып, көңіл төріне тәлім-тәрбиенің ұшқынын ұялатады.
Аймақ журналистикасының алдыңғы буын өкілі, ардагер журналист Бейбітбек Бүркітбайұлы қоғамда, қарапайым өмірде әл-қадірінше әділдіктің туын жықпауды мақсат етті. Қазақ журналистикасы саласында елу жылға таяу еңбек етіп, есімі аймаққа ғана емес, республика көлеміне де кеңінен танылды. Еңбек жолын аудандық газеттен бастаған ол республикалық «Заң», «Ана тілі», «Алтын орда», халықаралық «Қазақстан-Zaman» секілді беделді басылымдарда абыройлы қызмет атқарды. «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі» атанды.
Қарымды қаламгердің «Алаңжар» кітабы – жалпы оқырманға арналған туынды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<