«Алаш әдебиеті» музейі – жан жиһазы

6004

0

1925 жылы ақпан айында еліміздің саяси-әкімшілік орталығы болған Орынбор қаласынан мемлекеттік басқару органдары Ақмешітке көшіріліп, Кеңестердің бүкілқазақстандық V съезінде орысша «киргиз» аталып келген халқымыздың «қазақ» атауы қайтарылды. Республика астанасы болып белгіленген Ақмешіт қаласы Қызылорда болып өзгертілді. Қызылорда 1929 жылға дейін қазақ елінің астанасы болып тұрды.

Міне, сол тарихи оқиғаға келер жылы бір ғасыр уақыт толады. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» депті аталарымыз. Егер өткен өмір сабақтарын халық жадында жаңғыртпасақ қазынамызды қазан ұрмағанда, қайтеді. 

Сол кезеңде – Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, т.б. қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Қызылорда қаласында тұрып, шығармаларын өмірге алып келді, қызмет етті.

Бұл – Сыр елі үшін ғана емес, күллі қазақ үшін құнды тарих, болашақ ұрпақ санасына сіңіріп қалдыратын құндылық.

Осының бәрі жан байлығына қалай айналады. Ол үшін біздің музейлеріміз бай болу крек, ол үшін кітап оқуымыз қажет.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген болатын.

Біз аймағымызда кітап оқуға және тарихты жаңғыртуға қатысты іске асырылған көптеген игі шараның куәсіміз.

Осы жылдың 21 мамыр күні мәдениет қызметкерлері мерекесінің салтанатты жиынында облыс әкімі Н.Нәлібаев: «Сыр өңірінің жазба мәдениетін насихаттайтын «Алаш әдебиеті» музейін ұйымдастыру қолға алынып, жазба жәдігерлерін реставрациялауға арналған архив лабораториясы іске қосылады», – деген ақжолтай жаңалықтан хабардар еткен еді.

Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайта өрлеу дәуірін жасап, белсенді ғылыми-публицистикалық қызметімен ұлттық рух пен үмітті оятқан, ұлт мүддесі үшін күрескен алашордалықтарды және Сыр өңірі ақын-жазушыларының қазақ әдебиетіне қосқан үлесін, әлемдік деңгейде мойындалған әдеби шығармаларын халыққа насихаттау мақсатында «Алаш әдебиеті» музейінің ашылуы туралы хабар кеудемізге қуаныш толтырды. 

Қазір облыстық мәдениет саласы тарапынан жоспарланған бұл жұмыс қызу қолға алынған.

Біздің білуімізше, музей экспозициясы арқылы келушілер Қазақ мемлекетінің демократиялық, еуропалық және халықаралық стандарттар бойынша қайта өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып, бүкіл саналы өмірлерін Отаны мен халқының еркіндігі мен тәуелсіздігіне арнаған Алаш зиялылары мен Сыр өңірінің әдебиеті тарихынан мол мәлімет алатын болмақ.

Бір қуанарлығы, бәлкім сәттілігі, музей теміржол вокзалы маңындағы бұрынғы «Ақмешіт» музейінің ғимаратына орналасады. Алыстан келген Қызылорда қонақтары үшін тамаша тарту. Музейге кірген адам мол қазынаға кезігеді.

Қызметкерлердің айтуынша, музейде «Сирек  кітаптар мен қолжазбалар», «Халық ауыз әдебиеті», «Алаш әдебиеті», «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет» аталатын төрт зал болады. 

Енді бір ғана «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» бөлімінің қандай болатынына саяхат жасап көрейік.

Сыр өңірі әдебиетінің тарихы сонау Қорқыт дәуірінен бастау алады. Қазіргі уақытта Ватикан мен Дрезденде сақталған «Қорқыт ата» кітабы – соның дәлелі.

Алтын Орда кезеңіндегі шығыс әдебиеті жауһарларына енген Кутбтың «Хұсрау-Шырын» шығармасын ерекше атауға болады.

Сыр өңірінің жазба мәдениетіне ХІХ-ХХ ғасырдағы діни қайраткерлер өз үлестерін қосты. Олар Бұқарадағы Көкілташ, Мирараб медреселерінде білім алған ахун-ишандар болатын. Қалжан ахун Бөлекбайұлының Ораз ахунға жазған хаттары, Құлболды ишанның ұрпағы Хафиз Мұхаммед Шүкіридің 1900 жылы Меккеде жасатқан беті жібек тәрізді жіңішке жіптермен көмкерілген шежіресі – тамаша жәдігерлік.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербург, Қазан, Ташкент, Бұқара қалаларындағы баспаханалардан парсы, шағатай араб тілдерінде шыққан философия, поэзия, билік және шариғат заңдары жайлы – «Абу Муслим» «Төрт дәруіш», «Мухтасар», «Шархи уахая», «Сияр Шариф», «Ғиясыл лұғат», «Бахари дынни», «Шархи Мухтасар нихая», т.б. кітаптарды діни қайраткерлер өздерінің ағартушылық қызметінде пайдаланған.

Міне, біз айтқан осы қызықты деректердің бәрі музейдің бірінші залынан табылады. Музейдің «Халық ауыз әдебиеті» залынан да халық қымбат қазына таба алады.

Қазақ халқының тарихында зерттеуді қажет ететін ғылыми мәселелердің ауқымы өте үлкен. Сонымен қатар қазақ жерінде дарын мен даналық иелері қашанда көп болған. Сыр сүлейлері сол дарын иелерінің ажырамас бір бөлігі болып табылады.

Жалпы «сүлей» сөзінің мағынасына келер болсақ, тарихи тамыры тереңде жатқан ұлағатты сөз екен. Тәңіршілдік пен Ұмай анаға бас иген түркі дәуірінен бастау алған бұл сөздің түп мәнінде өнерге еш қатысы болмапты. Түркілерше «сүлей» сөзі соғыс құдайы деген мағынаны берсе, ертеректе соғысты болжау шарасының атауы болған деседі. Бертін келе бұл сөз түпкі мәнінен айырылып, өнер құдайы деген мағынаны берген. 

Сыр сүлейлерінің өмірі, тарихи кезеңдердің ең бір шиеленіскен уақыты патшалық Ресейдің отарлау саясатының өршіп тұрған кезеңіне тура келіп Кеңестер өкіметінің қылышынан қан тамған заманымен жалғасты. Сыр сүлейлері туған өңірге тән Қорқыт ата заманынан жалғасқан жыраулық өнердің дәстүрлі мектебін қалыптастырды. Бұлар – Ешнияз сал, Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын, Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет сынды тұлғалар. Олар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды.

Музейге келіп, қазынаға бас қойған адам осының бәрінің сырынан қанып ішетіні хақ.

Ал «Алаш әдебиеті» сөресі не сыр айтады? Ұлт бойындағы сан ғасырлар бойы жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тарихына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені белгілі.

ХХ ғасыр қазақ әдебиетінің жаңа өрлеу кезеңі болды. 1925-1929 жылдары ел астанасы болып тұрған Қызылордада Алаш-кеңес жазушыларының қайталанбас әдеби мұралары жарық көрді.

Сыр өңірінде басылымдар шын мәнінде тарихымыздың кеңестік дәуірінде өмірге келді. Әсіресе, 1925-1929 жылдары Сыр өңірі ұлттық басылымдарының қалыптасуы және шыңдалу кезеңі болды.

Осы жылдары өзінің жарық көруін Қызылордада жалғастырған «Жас Қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және «Еңбекші қазақ» сияқты басылымдарда көркем шығармалар жарияланып тұрды. 1926 жылы Қ.Кемеңгеров пен С.Мұқанов, Ә.Байділдин  арасында «Көркем әдебиет туралы» айтыс болып, оған қорытынды пікірді М.Әуезов пен Ж.Аймауытов «Екеу» деген бүркеншік атпен мақала  жазды.

М.Дулатов қызмет атқарған «Ауыл тілі» газетінде С.Мұқановтың «Қысқы кіреші» өлеңдері, Б.Майлиннің «Рахиланың көк тұсағы» әңгімесі, І.Жансүгіровтің «Қонақтар мен қожайын» сықағы алғаш рет жарық көрді.

1926 жылы шілде айынан бастап Қызылордада тұңғыш әйелдерге арналған «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Журналдың редакторлық қызметін С.Есова, Н.Сәнәлиева, Н.Арықова секілді білімді әйелдер атқарды. Журнал беттерінде әйел тақырыбына арналған қазақ қыздарының әңгімелері жариялана бастады.

1925 жылы Қызылордада Ресей пролетариат жазушылар қауымдастығының негізінде қазақ пролетарлық жазушылар қауымдастығы құрылды. Қалың еңбекші бұқараға арналған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. 1927 жылдың жазында Қызылордада «Жыл құсы» атты әдеби журнал дүниеге келді.

1929 жылы халыққа жаңа әліппені насихаттау үшін «Жаршы» журналы шығарылды. Оның алғашқы сандарын Т.Жүргенов бастаған редакция алқасы шығарды. Басылымның әдебиет бөлімінде Ж.Аймауытовтың, Б.Майлиннің әңгімелері жарық көріп тұрды.

Осындай қызықты дүниелермен бетпе-бет келу сіздің рухыңызды биіктетеді. 

Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінің дамуына Сыр өңірінен шыққан ақын-жазушылар да өзіндік үлесін қосты. Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, З.Шүкіров, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Оңалбаев, Н.Сералиев, Д.Досжан, Ә.Әлішев, А.Мекебаев, Ж.Рахматулла, т.б. қаламгерлер шығармалары қазақ әдебиетінің қорына қосылды.

Бұлар жайлы да музейге толық мәліметтер қойылады. 

Бізге таныс әрі жақыны – «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет» залы.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт аралығында қазақ әдебиеті дамудың жаңа белесіне көтерілді. Бұл тұста қазақ жазушылары тоталитаризм қыспағынан босап, еркін тыныстауға бет алды. Тәуелсіздік жазушыларға сөз бостандығын алып келді.

Қызылорда облысынан – Ә.Рахымбекұлы, М.Әміреұлы, Қ.Жаленова, А.Сәдібекұлы, С.Жұбатырұлы, Қ.Есімсейітова, Н.Рахмет, Ш.Әбдікәрім, т.б. қаламгерлердің шығармалары елімізге танымал болды.

Сыр өңірінің әдебиет саласындағы жетістіктерінің бірі – «Мәдени мұра» мемлекетік бағдарламасы аясында шығарылған 200 томдық «Сырдария кітапханасы» болды. «Сырдария кітапханасына» Қорқыт дәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі Сыр өлкесінен шыққан ақын-жазушылардың шығармалары енді.

«Алаш әдебиеті» музейі оқу-ағарту және шығармашылық орталық ретінде халыққа қызмет етеді. Алаш зиялылары, Сырдың ақын-жазушылары, халық ауыз әдебиеті өкілдеріне қатысты тарихи деректер зерттеліп, ғылыми айналымға қосылады. Алаш зиялылары мен  әдебиет өкілдеріне байланысты архивтік жәдігерлері жан-жақты насихатталады.

Біз айтып отырған бұл тамаша рухани қазына ордасының да айқара есік ашар күні алыс емес.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<