Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зымырап өтіп жатқан өмір-ай, десейші… Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегі бола білген марқұм, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаев болатын. Оның қашанда қарапайым қалпынан айнымайтын адами қасиетін, жаратылысындағы кісілік пен кішілік болмысын көргенде марқайып қалатынбыз. Жайсаң жандарды жақын тартып, жалғандықтан бойын әркез аулақ ұстап, тек елім, халқым деп жүріп еңбек еткенін көргенде ет жүрегіміздің елжіреп сала беретіні тағы бар.
Шынымды айтар болсам, 70 жастың биігіне шығып, өмірден көргендерім мен көңілге түйген жүрек жазбаларымды ақ қағаз бетіне түсірер сәтте ойыма Бердібек Машбекұлы еріксіз орала береді. Айтайын.
Адамды бірден жете тану қиын. Алғашқы әсер қашанда алдамшы келеді. Сондықтан бір ойшылдың «Өзгеге де сенбе, өзіңе де сенбе, істеген ісіңе сен» деген қағидасына сүйенген жөн секілді. Айтса айтқандай, Бекеңнің елі үшін сіңірген еңбегі мен істеген ісі ойға оралғанда, оның әрбір мәселені шешердегі сабырлығы, турасын кесіп айтар нақтылығы, кімге болса да қайырымдылығын көрсетер қамқорлығы көпке үлгі. Бүгінде асыл азаматтың орны ойсырап қалды.
Менің пайымдауымша, Бердібек Машбекұлын Қазақстанда білмейтін адам жоқ. Бекең отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын күйде жүріп, Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға орасан зор үлес қосты. Бекең – еліміз егемендігін жариялап, туын тұғырға қондырғаннан кейінгі саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың бірі ғана емес, бірегейі. Ол қай өңірге де сол жердің әл-ауқаты мен қордаланған түйінді мәселелерін шешуге, үзілген үміттерін жалғауға барды. Бекең – Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі болған жалғыз ғана тұлға. Осы аймақтардың әкімі болған кезде аянбай еңбек етіп, соның бәріне абыроймен барып, халықтың зор құрметіне бөленді. Сондай-ақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметтерін де жоғары жауапкершілікпен атқарды.
Қазақша кестелесек, жарты Қазақстанды басқарған Бердібек Машбекұлының осы жылдар ішінде елімізге қанша инвестиция тартылуына, қаншама өндірістік және әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, алыстағы ондаған ауылға «көгілдір отынның» жеткізілуіне, мыңдаған шақырым жолдың салынуына бастамашы болғанын, қандай ірі жобалар, идеялар мен бағдарламаларды іске асырғанын тізіп жазу әсте мүмкін емес.
2024 жылдың ақпанында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Бердібек Сапарбаев туралы «Ерен де берен Бердібек» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Тағылымды шарада Президенттің сол кездегі ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Дальтонқызы Закария сөз сөйледі. Бүкіл әлемді пандемия жайлаған күрделі кезеңде Бердібек Машбекұлы Жамбыл облысының әкімі ретінде Мемлекет басшысының бастамасымен Отарда отандық вакцина шығаратын ТМД-да теңдесі жоқ биофарм зауытының құрылысын қолға алып, дер кезінде іске қосылуына үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өткен еді.
Ендігі кезекте Бекеңнің өзінің туған топырағы – Сыр еліне сіңірген өлшеусіз еңбегіне, соның ішінде аймағымыз үшін ең маңызды деген екі-үш қана игілікті ісіне тоқталып өтсем.
Біріншіден, Бекеңнің сонау 90-жылдардың тоқырауында Қызылорда облысын жойылудан сақтап қалғанын біреу білсе, біреу білмейді. Дәл осындай сындарлы сәтте ол білек сыбана кірісіп, экономикалық аймақ ашып, Қызылорданың басқа өңірлерден кем емес екенін, салықтық базасы, оның перспективасы бар тиімді облыс екенін Үкімет алдында дәлелдеп, аймақты сақтап қалды.
Екіншіден, Бердібек Машбекұлы – «Көкарал» бөгетін салу арқылы Кіші Арал теңізін сақтап қалу мүмкіндігін тәжірибе жүзінде дәлелдеген азамат. Теңіз тартылып бара жатты, Кеңес одағы және шетел ғалымдары арасында теңізді бөлу мүмкін емес деген екі жақты пікірлер қызу талқыда болды. Сол уақыттары облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен және халықтың қолдауымен бүгінгі «Көкарал» бөгетінің қазығы қағылып, жергілікті құрылыс материалдарымен бөгет соғылып шықты. Кіші Арал теңізі жағына су жиналып, су деңгейі 42,0 метр абсолютті деңгейді ұстады. Иә, өкініштісі табиғаттың, желдің жылдамдығының әсерінен су толқынының қуатын топырақтан соққан бөгет ұстап тұра алмай бұзылды. Бірақ Арал теңізін «Көкарал» бөгеті арқылы екіге бөліп, Кіші Арал теңізі арқылы аймақтың экологиялық-экономикалық жағдайын қалыпты ұстап қалуға болатыны дәлелденді, осы арқылы САРАТС жобасы сәтті жүзеге асты.
Бердібек Машбекұлы өмірде байсалды мінезімен өзінен кейінгі буынға ізгілікті жол көрсетіп, пайымды пікірлері мен ақыл-кеңестерін әрдайым айта жүретін. Парасат биігіндегі мемлекетшіл тұлғамен өзім өте жақсы сыйластықта болдым. Ағалық қамқорлығын көрсетіп, бағыт-бағдар берді.
Сыр өңірінен шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел ағалары Бекмырза Еламанов, Шәкизат Төребаев, Бақберген Досманбетов, Алмагүл Божанова, Қожахмет Баймаханов, Нажмадин Мұсабаев, Биғали Қаюпов, Болатбек Пұсырманов, Айтбай Көшербаев, Салхадин Мырзабеков, Қылышбай Бисенов, Бақыт Нұртазаев, Болатбек Қуандықов, Нұрлыбек Жолдасбаев, Темірхан Кенжебаев және тағы басқа жергілікті жердің азаматтарын Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қызметке тартып, сол кездегі әкімшілік мемлекеттік басқару институтының дамуына зор үлес қосты.
Бүгінгі күні Қызылорда облысының әкімі, туған інісін бизнес саласында қызмет атқарып жүрген жерінен оның болым-болмыс табиғатын танып, болжай біліп, мемлекеттік қызметке алып келген осы Бекең еді. Нұрлыбек Машбекұлының аймақтың экономикалық-экологиялық, мәдени дамуына жасап жатқан ерен еңбегін әрбір қызылордалық сезінуде. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың тарихи маңызды, қорытынды бесінші отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі» деген болатын. Елдік мүдде жолындағы қарымды қызметі үшін елдің алдында Мемлекет басшысынан мұндай жоғары бағаны бұған дейін ешқандай облыс әкімі алған емес. Оған мына халқымыз куә! Бекеңнің адамды табиғатынан тани білу қасиетінің өте жоғары деңгейде қалыптасқанын бүгінгі күні өмір дәлелдеуде.
Мен туған топырағым Сыр елінде 53 жыл бойы сан алуан салаларда еңбек етіп, ел-халықтың еңсесін тіктеуге өз үлесімді қосумен келемін десем, асыра айтқандығым болмас. Еңбек жолымда жоғары оқу орнының екі ректорымен және алты облыс әкімімен қызметтес болдым. Олармен тонның ішкі бауындай аралас-құраласта жүргенмін. Ал Бердібек Машбекұлымен қызметтес болған емеспін, десе де онымен керемет қарым-қатынаста, яғни түсіністік пен жақсы сыйластықта болдым.
Әлі есімде, Бердібек Машбекұлымен арадағы айшықты қарым-қатынасымыз оның Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметінде, ал мен Жаңақорған ауданының әкімі болған жылдары басталған еді.
Өздеріңізге мәлім, еліміздің сан алуан аймақтарында басшылықта жүрсе де, туған жеріне деген сағынышы мен шапағаты ерекше болатын. Мен Бекеңнің осы бір жүрек қалауы мен ілтипатын оның туған жерінде қызметте жүргенде сезініп, осының арқасында бірге тумасақ та, ағалы-інілі қарым-қатынаста болдық.
Бекең туған жеріне жылына бір рет, болмаса екі рет арнайы ат басын бұратын. Аудан аумағында өтіп жататын іс-шараларға қатысып, жерлестерімен жүрек түйістіре амандасып, олардың жай-күйін сұрайтын. Осындай кездесулерде Бекең: «Сұлтеке, ауданды айшықтауға не жетіспей жатыр, қандай да бір көмек керек болар, қолдан келер көмегімді берейін» деп, ағынан жарылатын. Осыған қатысты бір ғана деректі айтайын.
Жаңақорған кентінде бір емес, үш бірдей мешіт бар болатын. Жасыратыны жоқ, әр ағайын мешітке руларының атауын беріп, өз ағайындарына ғана ілтипат жасап жүретін. Ал жалпы халық пен сырттан келген қонақтар барып, тағзым жасайтын орталық мешіт жоқ еді.
Кезекті бір іссапарға келгенінде көп көкейінде жүрген осы бір толғақты мәселені айтып, көмек беруіне өтініш жасадым. Сол сәтте Бекең бір топ аудан тұрғындарының көзінше Амангелді Абдуллаев ағайға бұл мәселені жедел түрде шешу қажеттігін шегелеп тұрып тапсырған-ды. Содан көп ұзамай орталық мешіт болып қайтадан атау беріп іргетасы қаланды, бүгінде осы мешіт жалпы халық пен сырттан келген қонақтарға қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Тағы бір айтпағым, Бекеңнің жаратылысы, бітім-болмысы өте қарапайым болатын. Ол әлдебір әкімдер тәрізді кеудесін кергенін мен ғана емес, бүкіл қызылордалықтар көрген емес. Қайсыбір адамды болмасын өзінің ағайынындай құшақ жая қабылдап, жай-жапсарын сұраушы еді. Қолдан келер көмегін де аямайтын. Осындай жаратылысына байланысты мына бір деректі айтайын.
Ұмытпасам, 2013 жыл болуы керек. Біздер, яғни Бекмырза Еламанов, Бекеңнің інісі Нұрлыбек Нәлібаев үшеуміз кезекті еңбек демалысын пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысына сапарлап барғанбыз. Мақсатымыз Бекеңе сәлем беру және Қатон-Қарағайда демалып қайту болатын.
Ұшақтан түскен бізді Бекеңнің өзі құшақ жая күтіп алды. Мұндай жағдай болады деп ойлаған да емеспіз. Осы жерде тамақтандырып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып, жанымызға жауапты азаматтарды қосып, бізді Қатон-Қарағай ауданына шығарып салды.
Демалыс орнында он күн болып, қайтар жолда Бекең бізді тағы да кең құшағын жайып күтіп алды.Туған жерден келген бауырларына зор құрметпен жайылған кең дастарқан басында керемет отырыс жасады. Кешке ас мәзірі дайындалып, қызу әңгімелесіп, бір үйдің баласындай қызықты кеш өткізгеніміз бар. Ертеңіне Бекең қоярда-қоймай үйіне шақырып, Ғайша жеңгеміздің күрең шайын құмарлана ішіп, рахат сезімінде отырдық. Бекеңнің осы бір қабылдауы мен шығарып салуынан оның туған жерге деген махаббаты мен ағайынға деген көңіл-күйінің ерекше екендігін аңғардым.
Ұзын сөздің қысқасы сол, Алматыға ұшуға шықтық. Бізді күтіп алған Бекең шығарып салуға да келді. Сонда Бекеңнің күлімсіреп тұрып: «Туған жерімнің әкімі іздеп келіп тұрғанда мен неге күтіп алып, шығарып салмауым керек» деп айтқан жылы сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
Иә, ұлтына шын жаны ашитын тұлға халыққа қалтқысыз қызмет етуден бір шаршаған жоқ. Елі үшін жүрегін суырып беруге дайын екенін дәлелдеген Бердібек Машбекұлы секілді қашанда қазақы қалпынан айнымайтын көрнекті мемлекет қайраткерлерін шынайы сыйлағың келіп тұратыны да сондықтан. Ғибратты өмір жолымда осындай асыл азаматпен аға-іні ретінде сыйлас болғанымды әрдайым мақтан етемін.
Ендігіде ағамыз көре алмай кеткен өмірдің бар қызығын артында қалған Ғайша жеңгем ұрпағымен бірге көруін тілеймін. Бекеңнің әулетінде тек жақсылық, қуаныш көп болсын. Ардақты, асыл азаматтың жарқын бейнесі, парасатты болмысы жадымызда мәңгі сақталады.
Әр адам білім мен ұлттық қасиеттің біртұтас үйлесімділігіне жеткен тұста ғана біз ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасатынымыз ақиқат. Біз осындай тумысы бөлек тұлғаларымызды, яғни алты Алаштың ардақты азаматы атанған Бердібек Машбекұлының өнегелі де өркенді өмір жолын бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі етуіміз керек.
Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ,
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы,
техника ғылымдарының докторы





