Алты асуға аяғын тұр нық тіреп

1911

2

Әр адамның өмірінде қастерлеп, қадір тұтатын ұғым түсініктері болады. Солардың бірі – «сыныптас», «курстас» деген ұғымдар. Көпшілік секілді мен де оларға ерекше құрметпен қараймын.

Себебі, олар – енді қайтып оралмайтын жастық, алғаусыз, кіршіксіз таза армандардың, бүгінгі күн өлшемімен қарағанда сәл күлкілеу болып көрінетін қызық-шыжықтарымыздың алтын дәуірі. Сол дәуірді бірге өткізген, кейін өмір, қызмет жолдарымыздың сипаты мен мазмұны ұқсас болған курстасым Өлмесхан Болатбеков бүгінде 60-тың асуын еңсерді.

Кейде қаламы құрғырдың кібіртіктеп жүрмей қоятыны бар. Неден бастарымды білмей қиналдым. Қиналғаным – бір қа­­расам, ол туралы біршама бі­ле­тін сияқтымын, екінші қы­рынан келсем, ештеңе біл­мейтін секілдімін. Тағы бір қи­налғаным, екеуміз де сезім­нің адамымыз. Көңілі «бір атым насыбайдан» қалатын адам­дардың сортынанбыз. Бірақ тағы білетінім, Өлмесханда әр қазақтың бойынан табы­ла бермейтін жақсы қасиет­тер бар. Кек сақтауды, жек­көрудің не екенін біле бер­мейді, ұнатпағандарын сыр білдірмей сыйлай білетін дипло­матшылдығы, «шәйі орамал кепкеннен» әріге ұзамайтын ашуы, ақкөңілдігі, «адам алдай білетін» қасиеті және бар. Келте қайырғанда, сол курстасым Өлмесхан Мәтенұлы мерейлі жасына осылайша еркін ойлы, оң-солын ажырата білетін, ақыл тоқтатқан азамат ретінде жығылмай жетті.


Өлмесханның тағдыры, оған ат қойылуының өзі қызық. Бұл туралы атақты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының айтқаны есіме оралады. «Ер балаларға ат қою бұрынғы өткен ата-бабаларының, батырлар мен билердің баласы тұрмай жүрсе ешкім ескеріп көзге түспейтін жұпыны аттарды – Көтібар, Бүйен, Ұлтарақ, Малбасар, Боқ­басар, тағы сол сияқтыларды қоя салған…». Мәшһүр Жүсіп айтпақшы, Өлмесхан атының қойылу сыры да бөлек. «Нанасың ба, менің есімім өзімнен бұрын дүниеге келген екен. Шешеміз екі құрсақ көтеріп, екі бала да шетінеп кетіп әбден қиналады. Сөйтіп үшінші баланы кө­тергенде Ишан Мағзым деген қожа кісі келіп, анам Әмилаға: «Кеше құран түсіріп, болашақ балаңның есімін қойдым. Алла жазса, ұл дүниеге келеді, есімі оның – Өлмесхан» деп бата беріп кетіпті. Міне, сол батамен дүниеге келгенмін. Әсіресе, студенттік күндерде түрлі шараларға, кездесулерге барып, танысып жатсақ атымды айтуға ұялушы едім. Достарым кеудесін кере дауыстап «Мұрат», «Ғабит», «Сәбит» десіп жатқанда мен ақырын ғана басымды төмен салып «Өлмесхан» деуші едім. Мұндайда, әсіресе, қыздар жағы жымиып «қалай-қалай» деп одан әрі жер ететін. Содан апама ренжимін кеп. Сөйтсем, адам есімінде тұрған ештеңе жоқ екен. Бар мәселе сол адамның болмысында, ішкі жан дүниесінде жатыр екен ғой…».
Бұл – Өлмесханның өз есімі туралы айтқан сыры.


Өлмесхан КазГУ-дың жур­налистика факультетін бітірген соң туған ауылына келді. Ау­дандық деңгейдегі тым тәуір қызмет са­тыларынан өтті. Әкім­шілік, кино­лан­дыру, білім қоғамы жүйесінде бастық болды, аудандық комсомол ко­­ми­тетінің екінші хатшысы болып сайланды. Көп ұзамай Кеңес әлемі тарап, Қазақстан тәуелсіздігін алды. Нарық­тың тұрпайылау ауыр кезең­дері басталды. Аласапыран ке­зеңде аудандық газеттің бас редакторлығынан облыстық деңгейдегі әкімшіліктің үлкен бөліміне басшылық қызметке ауысты. Сол уақыттың өл­шемі­мен алғанда, бұл үлкен қызмет еді. Ауданнан келген провинциал жігітке алғашқыда көпшілігі таңырқай қарады. Біреулер «қимылы шалт, орнықты жігіт» екен десе, күмәні сейілмегендер «соңында тұрған кім бар екен?» деп бір даурығысып алды. Өмір ғой, мұндайда сөз, әдетте, әр қырынан, әр сипатынан айтыла береді. Бірақ кеңестік номенклатуралық қызметте кездейсоқтық бола бермейді. Ал, бұл сол дәуірдің дәстүрі, тәртібі, заңмен бекітілмесе де ауызекі арада сөз болатын ережесі бұзылмаған уақыт еді. Барлығы сатылайды, ауыр соқпақтардан өтеді. Дегенмен, аудан көп, облыс жалғыз. Сәті түспесе, жоғарыдан қызмет оңайлықпен бұйыра қоймайды.


«Ақылды адам – өзінің шамасын білетін адам» депті бір ойшыл. Ақылы көп болған сайын өмір сүру қиындай түсетінін бұрынғылар әлдеқашан айтып кеткен. «Ақылдың азабы қар­ғыспен тең» депті ұлы Абай.
Мен танитын Өлмесханның қаншалықты ақылды болғанын топшылай алмаймын, бірақ бір білетінім, ол өз орнына өз уақытында дөп келген сыңайлы, осыны іштей сез­ген­дей сыры көмескілене бас­таған көптеген қасаң қағидалар мен ұстанымдардан бойын аулақ ұстады. Орынсыз көл­гірсімеді. Жаңа уақыттың ағы­мын түсінді. Шамасына қарай ел түсінетіндей деңгейде қыз­мет жасады. Орынсыз жерге килікпеді, баяғының базбір комсомолдары секілді бейнелі тіркестерге, әдемі сөздерге тұнып тұрған қадау-қадау баян­даманың текстін дайындап, арамтер болуды қаламады. Бәл­кім, осының әсерінен болар, ол тез арада провинциалдық шенеуніктен облыс деңгейіндегі басшылардың қатарына қо­сылды. Меніңше, ол тағ­дырдың өзіне берген сирек сыйын ба­ғалай білді. Бір қызығы, қазір сәл-пәл табиғатынан арыла бастағанымыз болмаса о кезде қоғам кеңестік-большевиктік, басқаша айтқанда, жылдар бойы қалыптасқан лениндік-сталиндік бюрократизм құрсауынан ары­ла қоймаған еді. Себебі біз­дің бұрынғы мектебіміз сол дәуір­мен байланысты болды. Кімнен үйренесің, кімнен үлгі аласың, бұл жағы дүдәмалдау еді.


Кейде қызмет бабында кездесіп қаламыз, курстас болған соң жай ғана адами сыйластық тұрғыда араласамыз. Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып тегеу­рінді басшы, ел алдында, өз қыз­метінен үлкендердің алдында тайсалмайтын Қожахмет Байма­хановпен түсінісіп, қызмет атқарды.


Саясаттың үлкен-кішісі бол­майды, оның мазмұны ұқсас, қай жерде кімге не айту керек – бәрін білген, ұқыпты болған абзал, абайламай жеңіл сөйлесең, көп ұзатпай сөз иесін табады, интрига, яғни шырғалаңы молдау тірліктен қашық жүрсең де, ол сені іздеп табады. Өлмесхан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы негізін қалаған партияның Қы­­зылорда облыстық фи­лиа­лы төрағасының бірінші орын­басары қызметін 10 жыл атқарды. Партия жетекшісінің бірінші орынбасары болғандар – Бақытжан Жұмағұлов, Дархан Қалетаев, Нұрлан Нығматуллин, Әділбек Жақсыбеков, Бауыр­жан Байбек, Бақытжан Сағын­таев сияқты белгілі саяси тұлғалармен түсінісіп қызмет істеді. Интрига да болды, сы­байлас жемқорлықпен күресті, жоғарыға соңынан әңгіме де әр қырынан жеткізіліп жатты, бірақ осының барлығы оны жасыта, сағын сындыра алмады. Қайта жігерлене түсті, тіпті сол жылдары Елбасы жарлығымен «Құрмет» орденімен марапат­талды.


Осы орайда курстас досы Мақ­­сат Тәжімұратовтың жаз­ға­­ны есіме түсе кеткені. «…Ал­ма­тыдан шығарда тілі ащы бі­­реу­лер: «Әй, қыр астынан тезек теріп кетесің-ау» – деп қа­лып еді, жоқ, Өлмесхан Бо­лат­беков мұратына беріктігін та­нытып, көпті мойындатты. Пен­де атаулыға сауаптан бас­қа ештеңе істемейтін, ісіне тиянақты, ағайынға қайырымды ол азаматтық, жігіттік сапа қа­сиеттерін еш өзгертпеді. Ең бас­тысы, достыққа адалдығы біз көре қалған бәз баяғы қал­пында…» деп жазды ол. Өз басым бұған қоспасам, аларым жоқ. Өйткені мен соңғы 20 жыл бойы оның қасында тым жақын жүрдім. Бір-бірімізге тілеуқор, тілектес болдық.


Өлмесханға кейде балалық дәурені өткен Бөріойнақтың адыр-адыр белдері, Жетітөбенің қыз­ғалдақ теретін көкмайса баурайы, разъездегі қым-қуыт тіршілік, тарсыл-дүрсілі байыз таппайтын поездар қозғалысы еске түседі. Алақандай ауылдың ешкіммен шатағы жоқ, тәулік бойы темір жолдың жұмысымен біте қайнасқан жұмысшылардың әрбір сағаты санаулы. Жүйткіген поезбен жанасып өркениет лебі соғатын секілді.


– Бәлкім сағынышым ба, әлде заманның тегеурінді тау­қыметіне төтеп беріп, әрі ана­лық мейіріммен айналасын нұр­ландырған қасиеттілігі ме, мен темір жол бойына жиі бара­тынды шығардым. Басқан ізін көргім келеді, еңселі балғасы тиген рельсті сипағым келеді. Әйтеуір артында іздеуші ұрпақ қалдырған аналық адал үмітін ақтағым келеді, – дейді Өлмесхан сезімге беріліп.

Жаңақорғанға жол түскенде Құмсаба бейітіндегі ата-ана­сының қабіріне аялдап, бейіттің айналасын тазартып, шырақшы бар, өзі бар, әйтеуір аруақтарға дұға оқиды.
Бір заманда Әмила анамызды Жетітөбе мен Қостөбе орта­сындағы темір жол көпіріне күзетші етіп қойыпты. Көпір үйден екі-үш шақырым алшақ жатыр. Күндіз қарасы бар, әйт десе, естиді. Қиыны түн ғой, жападан-жалғыз тұрасың. Ең құрығанда, қолына қару ұстатса қайтеді, сес болады. Ол да жоқ. Бір қолында Мәтеннің жиде талынан шауып берген шоқпары, екіншісінде ондық шам. Күзетші анасының бес қаруы – осы. Қас қылғанда сол жылдары ашқұрсақ жыртқыш аң да көбейіп кеткен. Малды былай қойып, адамға бас салудан жасқанбайтын. «Сонда деймін-ау, қорқыныштан тайсал­маған шешемнің де жүрегінде түгі бар екен ғой, айналайын анам-ай, қиналған сәттерін тіс жарып айтпағаны ғой. Әкем Мәтен көзін ашқаннан темір­жолда қызмет етті. Маңдай тер, адал бейнетімен омырауына орден таққан бірегей бригадир болды, қазір разъезде оның ескерткіш тақтасы ілулі тұр». Бұл – Өлмесханның бізге айтқан тағы бір сыры.


Ертеректе сұхбат алған жас журналист Өлмесханға: «Сізге күш беретін не құдірет?» депті. «Маған күш сыйлайтын отбасым, аяулы жарым Мән­шүгім, балаларым» деп жауап беріпті курстасым. Сол балалар бүгінде есейді. Олармен лайық­ты мақтануға болады. Ұлдары Дархан, Нұрасыл, қызы Райхан абыройлы қызметте. Айтпақшы, Райхан медицина ғылымының докторы, шетелде білім алды.

Гинекология сала­сының білікті хирургі, қазір оған білімі мен біліктілігі үшін ота жасауға ке­зекке тұратындар көп. Әке қуа­нышы, мерейі, міне, осыны айт!
Өлмесхан туралы айтқанда біз, әлбетте, Би апа, Бибігүл Мәтенованы айналып өте ал­маймыз. Ол – кейіпкеріміздің туған бауыры. Журналистиканың те­мір деканы Темірбек Қоже­кеев­тің өзі сыйлап, сөзін жер­ге тастамайтын Би апа КазГу-дың түлегі. Өмірден ерте кетті. Соңында жақсы із қал­дырды.

Курстасы жазушы Мылтықбай Ерімбетовтің есте­лігінен оқыдым. Қазақтың бұлбұлы Б.Төлегенованың Би апаны еске ала отырып, қатты толқып, көзіне жас алғанын айтып еді. «Аппақ сазандай болып, жарқылдап, аңқылдап жүрген адам, аяқ-астынан кетті де қалды. Ұшып жүріп, ұшты да кетті. Тыным таппай жүгіріп жүргенде: «Бір уақыт жаныңды күтсейші» десем, «отырсам ойлап уайымдай бастаймын, қи­мылдай берсем тірлікке айна­лып, ауруымды ұмытқандай боламын» дегеніне де аса мән бермеппін. Төсек тартып жатқаны есімде жоқ. Ең үлкен қасиеті – ешкім туралы бір ауыз жаман сөз айтпайтын. Жақсы адам арада қанша жыл өтсе де ұмытылмайды екен. Сондай жақсының бірі аяулы сіңілім, сырласым Бибігүл еді ғой» дейді КСРО халық артисі, Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова».


Өлмесханның да болмысы ел есінде қалған Би апасының бейнесіне тым ұқсас. Өйткені, екеуі де ата қанын, ана сүтін бір арнадан алған текті әулеттен.
Ол – бақытты жан.


Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<