Баяғыда бір бай «Алтыным көп, ендеше менде неге шаттық жоқ, мен шаттықты іздеп табамын, алтынға бәрі сатылады» деп күндердің күнінде қоржынын алтынға толтырып жолға шығыпты. Тау асып, тас басса да өзі іздеген дүниесін таба алмапты. Оның үстіне қоржын толы алтыны оның жолдағы әурешіліктерін барынша көбейтіп, қарға адым аттап басу мұң болады.
Бір күні алыстан көрінген шаһарға қарай келе жатып отын арқалаған бір шаруаға кездеседі. Өзі тіпті көңілді, шырайы шығып тұр.
– Әй, шаруа, сен неткен көңілдісің? Мен сол көңілді өмірді іздеп алтын толы қоржын арқалап жүрсем де, таба алмадым. Сен шаттықты көрмедің бе? – дейді оған бай ентігіп.
– Шаттықты тапқың келсе, арқаңдағы жүгіңнен құтыл, – депті сонда шаруа күліп.
***
Бірде аяқ астынан ауылды тасқын суы басып, үй-жай, қора-қопсысы жермен-жексен болған бір бай жұдырықтай алтынын қолтығына қысқан күйі ағаш басына өрмелеп шығып алыпты. Қараса, ағаштың келесі бір бұтағында қолында бір таба наны бар біреу отыр екен.
Байекең оған:
– Ей, ақымақ, аштан өлетіндей нан алғанша, үйіңдегі қолға ілінер мүлкіңді ала шықпадың ба? Бекерге бәрі ағып кетті, ертең су тартылғанда дүниесіз қаласың ғой, – деп күледі.
Ол үнсіз отыра береді. Тасқын суы екі күн бойы қайтпай қояды. Байдың қарны аша бастайды. Төртінші күн болғанда аштық меңдеткен байдың әл-дәрмені қалмайды. Ал, көршісі нанын мүжіп жеп отыра береді. Шыдамы таусылған бай:
– Алтынымның жартысын берейін, наныңнан маған да берші, – деп жалынады. Шаруа басын шайқайды. – Қолымдағының бәрін берейін, бір үзім нан берсеңші, – дейді жыламсырап. Анау оған мойнын да бұрмайды.
Аптаға жалғасқан тасқын қайтқан соң ағаш басындағы алтыны бар бай аштан өліпті.
Азығын жеп аман қалған әлгі адам байдың қолында қалған алтынды алып жолына түсіпті.
Жазып алған: Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<