Ана

1296

0

Қыратта оншақты үй жайғасқан. Терістігінде өзек жатыр. Бойында алыстан көзге түсетін биік өскен қалың қамыс. Одан әрі теміржол. Тоқсан соңы. Онсыз да қатты емес қыс жайлы көктемге жиі жалағасатын. Биыл да солай болатын түрі бар. Күн жайма-шуақ, жылымық. Түстіктен, көл аржағынан жеткен жағымды, жұмсақ ауа қойын-қонышқа кіріп, соңында мұрынды қайыл етті. Әдетте мұзы жарқырап, жалтырап, ажырамай жататын көл айдыны да бүгін бозарып, кей тұстары қарауытып, құрсаудан босапты. Қалың өскен қоға самайларын армансыз босатып, шұбатыпты. Жағалауда сиректеу біткен қамыстың дүрдиген, түлкі күшігінің құйрығындай бапанының өзі де сыр беретін емес. Арасында өлеңі мен бидайығы мол маңайдағы ала-құла өскен жыңғыл бастары да селт етпейді. Таң ата сәл құлақтанып көтерілген күн айналасы қазір мүлдем таза, ашық.

Ертемен сиырларды сауып, жағалаудағы шүйгінді жайылымға жіберу – күнделікті дағды. Күн шыға, олар да сабан төселген жылы бастырма астынан асықпай тұрып, жәймен керіліп, жапаларын тастап, бұзауларының шағын қорасына көз қиығын салып, құлақтарын түруде. Есейіп қалған балаларымен әйелдер де мал қораға кірді. Сауын басталып кетті. Біраздан соң қатын-қалаш үйлеріне, сиырлар өріске бет алды.

Қақыра іші қоңыр салқын. Жатарда жыңғыл бұталарын толтырып, үстіне күзде өртенген жағалау талдарының түбірін қоса салған темір пеш әлдеқашан мұздаған. Ана тысқа шығарда пешті отынға толтырып, тұтатқан. Жылып қапты. Темір пешке үйді жылыту сөз боп па? Гүр етсе болды, бет-аузың жіпсіп шыға келеді. Түн ұзақтығынан болар Мәди ұйқыдан ерте оянды. Ұйқысы қанған. Ол алты жаста. Үйдің еркесі. Әрдайым айтқаны болады. Анасы үйге кірді. Сүттің мол бөлігін пеш үстіндегі қазанға құйды. Қалғанын үлкен аяққа толтырып қуыстау тұсқа қойды. Ойы – біраздан соң сүттің бетіне маңызы көтеріледі, оны ағаш қасықпен жайлап жинап алып, шайға қату. Бала тыным таппай, шауып жүр. «Ойнақтаған от басар» дегендей, ақыры өкшесі тиіп кетіп, тегештегі сүт аударылды. Болды қызық! Ол шатаққа ілінгенін бірден байқады. Не істеу керек?! Еркелігі басым  ақылды бала мықты тықыр таянғанын сезді.

Анасына жалт қарады. Келе жатыр екен, ренжулі. Мәди жалаңаяқ, жалаңбас далаға ытқып шықты. Күн жылы, бірақ, қалай болғанда да қыс. Жерде кеше түскен жылы кірбік қар. Анасы: «Мәдижан, қалқам тоқта, тоқта!» деп ентігеді соңынан. Сәби одан сайын ышқына алға ұмтылады. Барар жері, басар тауы белгісіз, тек үйден алыстап, анасынан құтылса болғаны. Сол сәтте разъезден жаңа ғана қозғалып, темір көпірге тақап қапты жүк пойызы. Паровозы ышқырып, айқайлап берді. Мәди жалт қарады. Жүгі ауырлау болғасын күш-қайрат шақырғаны ма? Әлде, үйінен шығысқа бет алып, жалаңаяқ, жалаңбас ығып бара жатқан кішкентай баланы байқап, мүсіркеп аяп, болысқысы келгені ме? Мәдиге қайрат қосылғандай зулай түсті. Анасының дауысы қатқыл естіледі. Ол одан сайын аласұра зымырайды, ыстық шапалақтан құтылу керек. Мал қораға да жақындады жалаңаяқ жолменен. Баланың адымы қайбір аршынды болсын, осы уақта бір аяғында кебіс, бір аяғы мәсішең анасы да соңынан жетіп, кенжесін қолына көтеріп, айналып-толғанып, қойнына тығып үйге жылдам жетті. Бірден басы-қолын сүлгімен сүртіп, көрпеге орап, ысып тұрған пеш түбіне жатқызды.

Балалар өсті, ата-аналары саргідір тартты. Қазір бұл әулет үлкен ауылда. Ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Жастар үшін алдағы өмір жұмбақ болғанмен, ата-аналарына арттағы жол айнадай. Қиыны – ұрпақтың бірлігі. Кейде соған сызат түсіп жатады. Ата-анаға ауыры осы. Ана құдаларын ерекше сыйлайды. Әсіресе құдағиларын. Әсіресе келіндерінің аналарын. Екі келіні де қолында. Мінездері бөлек. Тәрбиелері өзгеше. Баршагүл – жылдам. Сөзі де сондай. Кеңесгүл – салмақты, бипаз. Ісі де мығым. Бір қораның ішінде тұрады. Бұл ата-ананың шешімі. Дастарқаны да бір. Бірақ, осының бәрі, әсіресе анаға, оңайға түскен жоқ.

Шатақ үлкен келіннен шықты. Ол жеңіл ауыз. Тұран – соның күйеуі. Ауылдың белді азаматтарының бірі болмаса да, өзіне лайықты орны бар білікті маман. Кейде қатарына ілесіп заманның ащы суын ішіп, көңіл көтеретіні бар. Бірақ, осыны барлығы істейді, жалғыз ол емес. Соны келін көтере алмайтын көрінеді. Бүгін ол өздігінен шабалаңдасын.

– Бұл қандай еркек өзі? Қарап отырсаң жұрттың байы қандай, ойыңнан шығады әрдайым, ел алдында абырой-атағы жетерлік. Ал мынаның ісінің құты жоқ, жүргені сүмірейіп, арақ ішіп. Мұнымен мен қалай ел болып, береке табамын?.. деді, дауысын әдейі көтере Баршагүл. Осыны ішкі бөлмеде демалып, тыныстап жатқан ана естіді. Бұл сөз ана жүрегіне түрпідей қадалды. Жатқан жерінен жайлап тұрып, отырды. Қапаланды. Келін санасының саяздығына өкінді. Ұлына да көңілі толық емес. Қанша жыл отасса да, әлі екеуінің байсалды қарым-қатынасқа келе алмағанына ренжіді. Келін әлі сайрап тұр, қояр емес. Ана ас бөлмеге енді, үстелге орнықты.

– Иә, сен, не шу шығарып жатсың?.. Осы жалғанда жалғыз сен екенсің ғой кемшіліксіз пенде? Сен екенсің ғой жұртты жөнге салатын, ә?!

– Маған не дейсіз? Балаңызға айтпайсыз ба? Кеше тағы тойып келді. Бізде береке жоқ!

– Қарай гөр, мұны! Береке жоқ деуін? Сонда береке сенің бейберекет шабалаңдағаныңмен келе ме? Ендеше, берекені алыстатып, жолатпай отқан дәл, сен!

– Барлық кінә менде болса, құриын бұл үйден онда! Көрермін балаңыздың содан кейін не болғанын?

– Оны өзің біл, балам! Бірақ, біліп қой, содан кейін мұнда оралуың оңай болмас!

– Мейлі, тағдыр басыма салса көремін де! – деп жауап қатты келін. Содан шамалы уақытта баласын жетектеген келінді автобус аялдамасынан көріпті жұрт.

Екі-үш күн өтті. Келіннен хабар жоқ. Бір жұма артта қалды. Ана амал жоқ көршілес ауылдағы құдағи үйіне келді. Амандық сұрасқаннан кейін шай ішті. Шайды бола іске кірісті.

– Сен, құдағи, қызыңа дұрыс тәрбие бер! Болмаса қызың дәл өзіңдей болғанын қалайтын шығарсың?! Күйеуің сені тастап өзге әйелмен отбасы құрып кетті. Сонда сен не ұттың, бір ұл, бір қызбен қалғанда?! Ұлыңа жөнді тәрбие, үлгі-өнеге көрсете алдың ба? Жоқ. Естіп жатырмыз, ел құлағы елу деген. Енді келіп, менің отбасыма араласасың… Жоқ, ол болмайды! Мен өз әулетімді қорғауға барымды саламын! – деді ана.

– Ау, мен не істеппін соншама? Келініңіз мұнда өзі келді. Күйеуімен екеуі ұрысып қалыпты. Бұл жерде менің кінәм жоқ!

– Кінәң болғанда қандай! «Сол сенің отбасың, бізге алаңдама, «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Сондықтан, жарың екеуіңнің бірлігіңді сақта, отбасы татулығынан артық ешнәрсе жоқ», – деп сен, құдағи, қызыңа қашан айттың осы ақылды? Қайта «Сен ешкімнен кем емессің, сондықтан өзгеге есеңді жіберме, алған бетіңнен қайтпа, сонда сені күйеуің басына алмайды» дегеніңді мен кейін естігенмін! Біле білсең, осының барлығы сенің де қамың үшін қажет. Ертең қызың: «Уақытында маған дұрыс жол көрсете алмадың» деп сені кінәламайды, құдағи!

– Астапыралла, оны қашан айтыппын? Мұны сізге кім айтты? Осы жұрт өсек тасуға мықты! Мен анамын, қай ана өз баласы жағдайын ойламайды?

– Оны өзің білесің! Осы жасқа келгенше ешкімге жала жауып көрген емеспін. Құдағи, бүгінге дейін саған салқын сөз айтқан емеспін. Ондағым, сен ұлымның Құдай қосқан жарының анасысың. Шыдадым, көндім. Өзге отбасына келін боп барған қызының сөзі мен ісіне әрдайым анасы жауапты! Жаңа сен қызым жағдайын ойладым дедің. Дұрыс. Бірақ, сенің қатең осы жерде көрінді. Сен тек қызыңның ғана жағдайын ойлайсың! Ал, мені ұлымның отбасы жағдайы толғандырады, соның ішінде сенің қызың да бар. Біле білсең, мен сенің қызың жағдайын сенен артық, сенен терең ойлаймын!

– Құдағи қатты кеттіңіз ғой! Екеуміздің құқымыз бірдей емес пе? Сіздің келініңіз мен емес, менің қызым ғой!

– Дұрыс айтасың, балаларымыздың отбасына қатысты жанашырлық пен болысушылық құқымыз бірдей! Бірақ, сол іске деген көзқарасымыз екі түрлі. Байқауымша, өркендеп, өсіп келе жатқан отбасының келешегі мен болашағы сені аз ойландырады. Сені толғандыратын – тек қызыңның бүгінгі жағдайы! Ал, менің мақсатым басқа! Ортада шауып жүрген үш-төрт жан болмағанда бүгін менің аяғым сенің табалдырығыңнан аттауы не аттамауы күмәнді еді. Мен олардың жылағанын қаламаймын! Солардың тілеуін тілеймін. Әулет ұйытқысын ешкімге бұздырмаймын! Мен енді жүремін! Қазір қызыңа бар, білген ақылыңды айтып, қасыма отырғызасың. Үйіріне қосамын! Сөйтіп, ел боламыз!

Сәлден соң Мәди айдаған жеңіл мәшинеге келіні мен немересін отырғызып, ана ауылына бет алды.

Көп жылдай көрмеген Ақан отыр ана алдында. Ол ертеде осы ауылда тұрған. Қазір қалада көрінеді. 

– Қадірлі ана, сіз болмасаңыз, сіздің үлкен жүрегіңіздің саясы мен жылуы болмаса менің өмір жолым осындай болар ма еді, болмас па еді?! Мен Тұран, Мәдиден кейінгі сіздің үшінші ұлыңызбын! Осылай деуіме әбден болады ғой деп ойлаймын. Өйткені, мен үшін сіз қатал тағдырға кезінде қалқан болып, болашағымды қорғадыңыз, арашаладыңыз! – деп, ағынан жарылды Ақан.

– Оу, айналайын-ай! Олай емес, сені Алла қолдаған шығар! Бұл жалғанда небір жақсылық Ұлы Құдіреттің еркімен болады, қарағым!

Осыдан біраз жыл бұрынғы оқиға кешегідей ана көзінің алдынан өте берді. Көрші әйелдің он сегізге және он беске келген екі ұлы бар. Әкелері соғыстан оралмаған. Сол әйел балаларын жалғыз өзі өсірді. Кейде бар, кейде жоқ. Жетіскен жағдай емес. Үлкен ұл ұрлық үстінде қолға түседі. Сот жүріп жатыр. Сол ауылда, кеңседе. Ауыл адамдары түгел. Ойлары әрқилы. Іс насырға шабатын сыңайлы. «Айығар аурудың дарушысы өзі келеді» дегендей, сол сәтте ана қиғылықты салсын кеп. «Ау, халайық! Бұ не сұмдық! Осы жетімді не үшін соттамақшысыңдар? Сотталсын делік. Сонда, он екіде бір гүлі ашылмаған бұл сорлының күні не болмақшы?! Ойпырмай, құдды түйсіксіздей неге үндемей төмен қарап қалдыңдар осы?! Білмейтін боларсыңдар түрмеге түскен адамның оңбай бұзылып шығатынын, ә-ә!.. Ж-о-о-қ! Бұған жол беруге болмайды! Осы үшін ертең Алла кешірмейді баршамызды! Сол қылмысқа бұл бейшара баланың не үшін барғанын білемісің, ағайын?! Білмесең, айтайын! Тамақ үшін! Дәл солай! Отбасыны асырайтын соғыста қаза тапқан әкенің жоқтығынан барды, – деді өжет ана.

Ананың осы жанкешті сөздерінен кейін сот барысы өзгерді, Ақанға шартты түрде жаза бұйырды. Ананың осы ерлігін жұрт көпке дейін аузынан тастамады.

– Қанша уақыт өткенмен сол сотта сіздің айтқан сөздеріңіз әлі менің құлағымда. Қай уақытта да, бас бостандығынан айырылғандарды түзейтін мекемелердегі қаталдық, әсіресе қырғын соғыстан кейінгі жылдардағы олардың ауыр жағдайы белгілі. Ауылдастар теріс айналған сотта сіздің менің болашағыма араша түскен, кімнің де болса сай-сүйегін сырқыратар жүрек түбінен шыққан мағыналы сөздеріңіз мені жаза өтеу мекемелерінің қатал, қара шеңгелінен аман алып қалды. Сөйтіп, өмірдің ашық, адал жолына түстім. Інім екеуміз де, шүкір, отбасылымыз, балаларымыз өсіп келеді. Кешеге дейін анамызды күтіп-бақтық. Өкінішке қарай, ардақты анамыз жуырда оралмас сапарға аттанды. Жақында ғана көптен ойымызда жүрген мақсатымызды орындадық, біраз іздеуден кейін алыс елдегі әкеміз жатқан қабірді таптық, туған жердің бір уыс топырағын апарып салдық. Мұны анамыз көре алмады, бірақ ол кісінің рухы сезіп-біліп жатқан болар, – деді, Ақан мұңайып.

– Анаңның иман байлығын берсін, айналайын! Алыстағы әке қабіріне барып қайтқандарың аса мол сауапты іс болған екен, шырағым! Ата-анаңды ардақтағаның биік азаматтығың! Алла жар болсын сендерге.

Шамалыдан соң Ақан рұқсат сұрап, аттанды. Кешегі баланың есейіп, шоқты азаматқа айналғанын көріп, ана өзінше марқайып қалды. Ол жай ғана: «Раббым Алла, жаңағы баланың айтқан ризашылық ықыласы мен тілегі игілігін балаларым мен ұрпағыма жұғысты ете гөр!» деп жалбарынды.

Кең қорада, дарақ талдың қою көлеңкесі аясында, зәулім сәкінің үстінде кешқұрым ана бастаған әулет шай іше бастағанына біршама уақыт болды. Мұндайда әрнәрсені қозғап әңгіме-дүкен құратын әдеттері бар. Сөз тізгіні Тұран мен Мәдиде, арасында келіндері де қосылып қояды. Ана көбінесе тыңдайды, аз сөйлейді.

– Жақында Жекенді көрдім. Мектепте қатар оқығанбыз. Аузынан сөзі түскен момын еді. Енді міне адам болып, пысықси қалыпты. Қызметін айтып бұлданды. Астында жақсы автокөлік. Ақыл-кеңес бергіш болыпты. Ретсіз сайрап басымды ауыртты, – деді Тұран.

– Иә, қазір ол жұрттың аузында. Ауылдың белді азаматы. – деді Мәди.

– Қойшы соны, көзіне шел біткен, дәлдүң немені! Негізі нашар одан не шығушы еді? Ертең-ақ, арты ашылып, сыр берер. Қашанғы жолы бола берер дейсің!

Сөзге ана араласты.

– Өзгені сыртынан жамандау жат қылық, балаларым! Мейлі, тіпті солай болғанның өзінде жұртты сыртынан балағаттау құптарлық емес. Өзіңе сенімді, шындыққа көзің жетіп тұрса, мықты болсаң, тура бетіне айт! Мен не көрмедім осы жасқа келгенше? Ендеше, айтайын! Біреуді көре алмай сыртынан жамандаған пенде мол күнәға батады. Айта берсе, тіпті сол адамның кемшілігін өз басына аударып алады. Әр адамның кепиеті, киесі болады деген. Соған ұрынбау қажет. Түсіндіңдер ме? Алланың құдіреті солай шығар. Осылай болғанын өмірден талай көрдім. Тегінде, біреуді сыртынан балағаттаушы адам игілікке жетпейді. Сендерге қайталап айтамын, ұшқарылықтан аулақ, түлен түртпей тек жүру сілет! Көңілдерің кеуім тартып күңгірттенбесін, балаларым!

Ана шулаған немерелерінің ортасында. Әжесінен сұрамайтыны болсайшы олардың… Әр нәрсенің себебін білуге ынтық. Олардың ойынша әжелерінің білмейтіні жоқ. Осындай сәттерде ұрпағының шуылымен әулетіне бақ-береке қонып жатқандай көрінеді анаға. Күтпеген жерден жеті жасар немересі, үкідей сүйкімді Айгүл сұрақ қойды.

– Әже, айтшы, сіз не істедіңіз осы?

– Оу, балапаным, қарғам-ай! Мынаны сенің аузыңа періште салып тұр-ау! Алтыным менің, әріден соң осыны мені алдын ала тексеріп алайын деп, Мүңкір-Нәңкір сыбырлады ма, саған?! Онда айтайын бар шынымды, бар сырымды! Тек жақсылық істедім адамға шамамның келгенінше, балапаным менің! Айтарым осы ғана! – деп ана қатты толқыды.  

Осыдан кейін тура класта отырғандай Дарын қолын көтерді. Ол биыл орта мектепті бітіреді.

– Не айтпақшысың, балапаным? – деді әжесі.

– Жақында мектепте бір белгілі кісімен кездесу өтті. Алдында ол өзі туралы айтты. Сосын оқушылар сұрақтарын қойды. Арасында қызық сауал қойылды. «Шындық пен өтіріктің арасы қандай? Сіз өтірік айттыңыз ба өмірде?» деген. Сол аға көп сөйледі. Шындық та жақсы, арасында өтірік те жүру керек деп екіұшты жауап қайтарды. Бірақ, сол азаматты түсіне алмадық. Өмірінде өтірік айтты ма, айтпады ма белгісіз. Ал, әже, сіз өміріңізде өтірік айттыңыз ба? – деп, сұрақты төтесінен қойды Дарын.

– Айналайын, балапаным! Дәл қазір менің есіме иманды болғыр әкем айтқан сөз түсті. «Адам өмірге бекер келмейді, балам. Тағдыр оған мол жауапкершілік артады. Сол жүкті адам абыроймен көтеруі тиіс. Ол үшін адамға алдымен ақ пейіл мен дархан көңіл керек. Пасықтық пен майда пенделік арманыңа жеткізбейді. Онда Алланың құлы шындық жағында болуы тиіс» – деп еді әке. Мен осы қағиданы ұстанған адаммын. Сондықтан, балаларым, шындықты қолдадым, қорғадым, қанша қиын болса да! Өтірік айтып, төмендеп, арымды аласартқан емеспін, қарақтарым!

– Әже, мен сені жақсы көремін! – деді ойда-жоқта бес жасар немересі Айжан.

– Алтыным, менің құлыншағым! Сен жақсы көргенді қайдан білесің, балапаным! Осы сөзді айтқызып тұрған сенің кішкентай да, үлкен жүрегіңнен айналады әжең!

Ана осыдан соң алаңсыз жайбарақат күйге түсіп барқадар тапты. Үрім-бұтағының бабалар өсиетіне сай өнегелі, көргенді, білімді болып келе жатқанына көзі жеткендей. Көпті көрген, ойға шомғыш, кәрия ұрпағымен пікірлесіп, сөйлескеннен соң осыны анық тұшынды. Ананың көңілін әсіресе шалқытқаны балғын жұрағаттарының алғашқыда сәл қарапайымдылау көрінгенімен, кейінгі маңызы мол сөздері еді.

Өткенде жырау қиссасынан естігені жадына орала кетті. Бір шалдан тараған мол ұрпақ өсе келе дүниенің төрт бұрышын жайлапты. Алла бұйыртқан күндерін көріпті. Бірақ, қоныс шалғай. Аралас сирек. Көп кейін бір заманда үлкен шаһарда кезігеді бейтаныс азаматтар. Сұраса келе олардың тегі бір болып шығады. Сөйтсе, олар баяғы шалдан тараған ұрпақтар екен. Осы анаға ой салды. Сонда мұның  келешек ұрпақтары да бір-бірін танымай жүре ме? Ж-о-қ, оған келісе алмас! Онда не істеу керек? Онда мына балапандардың пәруайы мен жүрегіне бауырлық пен туыстық құдіретінің қасиетті дәнегін сіңіріп, енгізу, себу міндет. Соны балалары мен немерелер зердесіне, жетесіне терең сіңіріп, құйып, олардың саналарында алаңсыз нық қалатындай етіп қанықтырып нығыздау қажет. Сөйтті де, ана іске кірісті.

– Қарақтарым менің, әлі-ақ өсесіңдер, азамат боласыңдар, заманыңа сәйкес туған жеріңнен қанаттарың қатайып ұшарсыңдар, өзге, жаңа жерге, тың мекенге қоныс теберсіңдер. Алла берген балапандарым менің, бүгінгі әжелерің айтқан сөзді сақтарсың санаңда. Небір керемет аймақта, үлкен шаһарларда боларсыңдар, бұрын-соңды көрмеген, айтарлықтай тамаша өңірлерді қызықтарсыңдар. Бірақ, сол сәттерде де шыққан жеріңді ұмытпа, қанатымның астында шүпірлеп отқан бүгінгі күнді де әсте естеріңнен шығармаңдар, осы ауылды ешуақытта ұмытпаңдар балаларым! Ауылыңды ұмытпасаң, кім екеніңді ұмытпайсың, ауылыңды ұмытпасаң оның шетінде сендердің тілеуіңді тілеп жатқан бабаларыңды ұмытпағаның. Қайда жүрсеңдер де, осы ауылда барлығың жиі бас қосып, шүйіркелесіңдер, өткен-кеткенді естеріңе алып жақындасыңдар. Осыны өз ұрпақтарыңа да өсиеттеңдер. Сонда сендерге Алла бар жақсылығын төгеді, жарылқайды, бәледен аман сақтайды, жандарым, алтындарым менің! – деді ана.

Сол сәтте барлығы жапа-тармағай таласып, ананы құшақтап, бетінен сүйіп жатты шат-шадымен шулаған ұрпақтары… Ана көңілі де тасып шалқыды.

Таңғы шай кезі. Кеңесгүл қолынан шыққан қаймағы мол қою шайды төрге жайғасқан ана жайлап сораптауда. Айналасында балалары мен немерелері. Немерелер қайбір тыныш отырсын, дастарқан үсті гу-гу, у-шу. Анадан екі-үш жас кіші көрші кәрия кірді. Амандасып болысымен, жұмсақ көрпешеге жайғаса бере: «А-а, отырсың ба, ордалы жылан!» деді сол кемпір. Олардың осылай анда-санда бірін-бірі түртіп отыратыны бар. Бір-екі кесе шай жұтып, оны-мұны айтқасын тұрып кетті. Балалары жұмыстарына, немерелері тысқа ұмтылып, ойынға бет бұрды. Ана келіні екеуі қалды. Келіні зорға шыдап отыр екен.

– Әже, ана кісі сізге неге «Ордалы жылан отырсың ба?» деді. Онысы несі, дұрыс емес қой…

– Е-е, шырағым-ай! Ордалы деген жақсы сөз, балам. Ордалы жылан өздігінен ешкімге зиян тигізбейді. Тек, кейбір залымдар тиіссе ғана, аямаған. Маған ана кемпірдің қарата айтқанында асылық жоқ, қарағым! Ол айтса – айналамда өсіп-өнген, көктеп- көгерген балаларымды, үрім-бұтағымды меңзеген болар. Жаратушы Ием тіл-көзден сақтай гөрсін әулетімді. Мың да шүкір Аллаға!

Оншақты жыл болды отағасының қайтқанына. Ана ұрпағының ортасында. Мол жасаған. Көпті көрген. Аллаға барынша шүкіршілік еткен. Бүгін мазасы пәс. Төсекте. Қасында ұлдары, қыздары, немерелері, келіндері. Сөйлеуге шамасы кем. Бірақ, бет ажары жадыраңқы. Қиналып жатқаны байқалмайды. Көзі жұмулы. Сәл күлімсірей ме, қалай? Мүмкін, отағасы екеуіне бақытты, ұзақ өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін Ұлы Құдіретке ризашылығын жеткізіп жатыр ма? Болмаса, өркендеген ұрпағы алдында, оның игілікті болашағына мол сеніммен қарап мәңгілікке аттанудың өзі ана үшін бақыттың бір шеті екенін түсінді ме екен? Балалары мен ұрпақтары көздері жасаурап, салқындай бастаған ана қолын сипалайды, құдды содан ең асыл адамның бар қадір-қасиетін жұқтырып, жалғап, аударып алатындай өздеріне. Ана еріндері жыбырлады. Алладан әулетіне игілік пен жақсылық тілеп жатқан болар… Көзін ашты. Орап отырған ұрпағына ақырғы шапақ-шырағын шашты да, жанарын жайлап жұма берді.

Серікбай ҚОШҚАРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<