Ангола соғысының сарбазы

1886

0

Африканың батысын бойлап жатқан Ангола мемлекеті 1975 жылы 11 қарашада өз тәуелсіздігін жариялаған. Ұзақ жылдар Португалияның отары болған елдің егемендік алуы оңайға түспеді. Өйткені, елдің іші үш аймаққа бөлініп, өзара билікке таласты. Бұл күрестің басында Анголаны азат ету жолындағы халықтық қозғалыс партиясы (МПЛА) тұрды. Екіншісі Анголаның толық тәуелсіздігі жолындағы ұлттық одақ  (УНИТА). Бұл ұйым Кеңес Одағының ұстанымына, коммунистерге қарсы болды. Ал үшіншісі Анголаны азат ету қозғалысының ұлттық майданы (ФНЛА) еді. Билікке өзара талас халықтың берекесін алады. Жергілікті халық үнемі отаршылдардың үстемдігіне қарсы азаттық күресін жүргізген. Осылайша, ұлтаралық қозғалыс 16 жылға созылады.  

1961 жылдың мамыр айында Кеңес үкіметі «Анголадағы жағдай туралы» арнайы мәлімдеме жасайды. Ол мәлімдемеде Португалия отаршылдары айыпталып, бүкіл дүниежүзін Ангола халқының құқығын қорғауға шақырады. 

Осы кезден бастап Кеңес үкіметі Ангола сарбаздарын оқыту үшін командирлер, нұсқаушылар мен үйретушілер жіберіп, қару-жарақ түрінде көмек көрсетіледі.  Анголаға аттанғандардың ішінде қазақстандық әскерилер де аз болмаған. Солардың бірі шиелілік Бақытжан Анафияев.  Ол бұл соғысқа 1977 жылы әскер қатарында жүргенде аттанады. Небәрі 19 жастағы жігіт алғашында қайда, не мақсатпен бара жатқанында білмеген.

–  Мен 1976 жылы Белоруссияның Гродненская облысында 11717 әскери бөлімінде әскерде болдым. Сонда жүріп 1977 жылы Анголаға аттандым. Расымен алғашында қайда баратынымызды айтпады. Аэропортқа барған кезде Анголаға ұшатынымызды білдік. Алайда, қандай мақсатпен екені белгісіз еді. Астыртын түрде елді қорғап жүрдік. Барлығы құпия түрде өтті. Белоруссиядан 18 адам бірге аттандық, арасында екі ақ қазақ болдық. Ол жақта бізден бұрын барғандар бар. Барлығы жиналғанда 300-дей болды. МПЛА-ға қолдау, көмек көрсеттік. Арасында операцияларға нұсқаушы болып қатыстым. Біздің мақсат – бұйрықты орындау. Өз борышымды қалтқысыз орындадым деп білемін.

         Бақытжан аға елге 1978 жылы желтоқсан айында  оралады. Әскерге кеткенін білген ел оның борышын Анголада жүріп қорғағанына, соғысқа қатысқанына сенбеген. Оған себепте жоқ емес. Жоғарыда айтқандай,  астыртын жүргендіктен соғыстың бағыт-бағдары  құпия болатын.

         Елге келгеннен кейін 14 жылдан соң барып 1992 жылы ғана жеңілдіктер алуға арналған куәлігіне қол жеткізеді.

         Бақытжан Қайырбекұлы әскери борышын өтеп келген соң автобазада  жұмыс атқарады. Мұнан кейін Шымкенттегі ауылшаруашылығы техникумын бітіріп түрлі жұмыстардың тізгінін ұстайды. 2001 жылдан бастап өзінің жеке кәсібімен айналысуда. Бүгінде  4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған ардақты әке ел бейбітшілігінің баянды, ауыз біршілігінің берік болғанын тілейді.

Өздеріңіз білетіндей осы уақытқа дейін елімізде 16 жылға созылған Ангола соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы ақпараттар ашық айтыла бермеді. Дегенмен, тарих өз уақытын алады. Ал, оны ашып, ақиқатын көрсету кейінгі ұрпақтың міндеті. Біз Ангола соғысының бір ғана бөлігін айттық. Қалған тарихты түгендеу алдағы уақыт еншісінде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<