Магомед Гасан Гусейнов,
авар жазушысы
Бұл әңгімені неден бастасам екен? Сосын, қалай жалғастырсам болады?
Ертеде, грузин жеріне жасалған шапқыншылық кезінде авар Хожоның қолына басқа олжалармен қоса кішкентай грузин баласы да түседі. Ол оны өзінің отаны Дағыстанға алып келеді. Хожоның баласы жоқ еді, сондықтан ол кішкентай тұтқынды өз баласындай тәрбие беріп өсірді.
Жылдар жылжып өтіп жатты.Бір кезде үстіне бурка киіп келген тұтқын бала әдемі, сымбатты болып ер жетті. Бала есейген сайын елін сағынуы күшейе түсті.Ол әкесінен күнде еліне қайтаруын сұрайтын. Бірақ Хожо рұқсат бермеді.
Бір күні тұтқын грузиннің өміріне өзгеріс әкелген бір оқиға болды. Хожоның отбасында ұл бала өмірге келіп, оған кішкентай Хожоның есімі берілді. Осы кезде әке жүрегі шыдамады, тұтқын балаға рақымы түсіп, еліне қайтуға рұқсат берді. Тек, бұның еліне кек сақтамауын қатаң ескертті.
Бірнеше жылдан кейін кәрі Хожо қайтыс болды, бірақ ол қанжарды пайдалана білу, атқа шабу сияқты өнерге ұлын баулып үлгірген еді. Кішкентай Хожо таулықтар айтқандай, ат үстінде өсіп, ата-бабаларының ерліктері туралы әңгімелерге қанып өскен болатын. Әкесі сияқты батыл, епті, қайратты болып өсті.
Міне енді, өзі де таудың арғы бетіне ұрысқа баратын күн де келіп жетті. Осындай шайқастың бірінде жас Хожо ауыр жараланып, грузиннің қолына тұтқынға түскен еді. Грузиннің назары мінсіз істелген қанжарға түсті. Бұл қанжар Дағыстанда өткен балалық шағында ойнаған қанжардан аумайды. Сондықтан ол бұл жаралы тұтқынға айрықша көңіл бөлді. Оған емдік шөптерден жасалған дәрі беріп, жарасына жүзім жапырақтарын жапсырып, қамқор болып жүрді. Ақыры тұтқын тәуір болып, жаралары жазылды, сол кезде грузин оның қай жерден екенін, әкесі кім, қанжардың мұның қолына қалай түскенін сұрады. Хожо оның авар тілінде мүлтіксіз сөйлегеніне таңғалды, сосын бұл да оның бұл тілді қайдан үйренгенін сұрады. Міне, осы жерде оның Гүржістаннан (Грузия) келген өкіл бала болғаны, оның авар отбасында өскені белгілі болды, мұны Хожоға әкесі талай айтқан.
Ағайындылар құшақтасып, көрісті, түні бойы ортақ әкелері туралы әңгіме шертті. Ертеңіне грузин Махмуд Хожоға жарамды ат, тағы басқа керек-жарақ беріп еліне қайтарды.Грузин Махмуд өзінің Дағыстанда қойылған есімін өзгертпеген болатын. Ал Хожо оған өзінің қанжарын сыйлады, сөйтіп олар мәңгі дос болып қалуға серттесті. Осы кезден бастап грузин Махмуд пен авар Хожо бір-біріне қонаққа барып, бір-біріне көмектесіп жүрді.
Бірде осылайша Хожо Гүржістанға досына келген еді. Ол кездерде грузин селоларында тыным болмайтын. Әлгінде ғана шешендердің шабуылына тойтарыс берілген болатын, ал Махмуд селоның басқа азаматтарымен үйге қайтып келе жатты. Ол Хожоның келгеніне қатты қуанды: тағы шабуыл бола қалса, бір жігіт болса да күш. Қаруларын шешпей ұйықтады, әлдеқандай жағдай болады.
Түнде Хожоны біреу түрткендей болды. Көзін ашқан кезде біреу қабырғадан түсіп келе жатты. Хожо мылтығын әлгі қарауытқан сұлбаға қарай бағыттап, атып жіберді. Хожо мерген болатын, – әлгі адам тіл тартпай кетті. Бұл жау емес, отырыстан кеш оралған қожайынның баласы болып шықты.
Қожайынның қайғысында шек болмады. Бірақ өзінің қонағына ештеңе деген жоқ. Хожо ауылына жеткесін, ол грузин досынан хат алды, хатта досы бұдан екі ұлын бірдей беруді талап етіпті. Екі ұлынан бірдей айырылу қалай болады деп ойлайсыз? Бірақ тау халқының тәртібі қатал, сондықтан екі баланы Гүржістанға жіберді.
Көп ұзамай ол жақтан да жауап келді, келген көйлектердің екеуі де қан-қан еді. Олар бұған ешқандай үміт қалдырмаған еді. Хожоның жүрегін бірдеңе тырнап жатты. Бірақ өкіл ағасын кінәлаған жоқ, әділдік оның жағында болатын. Осыдан кейін арадағы барыс-келіс үзілді. Гүржістаннан бір күні тағы хат келді. Грузин досы мұны тағы қонақ болуға шақырыпты. Жүрегіндегі ауыр қайғымен Хожо Махмудқа келді. Ол грузин селосына жақындағанда оны Махмудпен бірге екі ұлы қарсы алды. Екеуі де қайратты, сұлу, бір кездегі Хожоның өзі сияқты жігіт болыпты. Жазатайым өлген ұлына деген Махмудтың кегі осындай болып шықты. Бұрынғы достардың басы тағы да осылай қосылды. Қай жерде тұратыны туралы шешімді жігіттердің өзіне қалдырды. Үлкен ұл қалыңдығы осы жерде болғасын осында қалатын болды. Ал кіші ұл әкесімен бірге елге қайтатын болды. Кейін ол осы жерде авар қызына үйленді.
Тойлары бірге өтті: алдымен Гүржістанда, содан кейін авар жерінде. Бір қаннан тараған екі отбасы туыс болды. Жауласқан ортадан достық туды, сөйтіп, екі ел мәңгілік дос болды: грузин және авар.
Аударған: Бақтияр МЫРЗАШ,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<