Аққу көрген күн

3010

0

Елге танымал әнші теледидардан «Гауһартасты» орындап жатқан. Сол сәт өткен күндер ойына орала берді де, Әсияның есіне Асылбек түсті. Бұдан екі жас үлкендігі бар, әрдайым өзінен кішілерге қамқорлық көрсетіп жүретін, елгезек бала әнші болатын. Бір жылы жазда «Ақкешпедегі» күріштікте көрші отырғандары бар. Ол кезде диқан қауым жеңілдене көшіп, егін алқабының жағасына барып, киіз үй тігетін. Осы жердегі бес үйдің бірі – Жантас бригадирдікі. Асылбек – қырықтың қырқасынан асқан Жантастың екі қызынан кейінгі жалғыз ұлы. Қыздардың екеуі де қалада жоғары оқу орындарында оқиды. Ештеңеден таршылық көрмей өсіп келе жатса да, Асылбек барынша еңбекқор екен.

– Шаруашылық бәрібір біреулерге қаражат төлеп, күрішті арамшөптерден арылтады ғой, босқа жүргенше қолғабыс берейік, – деп үгіттеп көндірді де, күріштікке осы үйлердегі алты-жеті оқушыны бастап шықты. Ертеңгі және кешкі салқынмен ғана жұмыс істейді, қалған уақыт ойнауға да, демалуға да жетіп жатыр. Асылбек биыл оныншы, Әсия сегізінші сыныпқа барады. Асылбектің орақ орғанын көрсеңіз! Бар бала жабылып бір атызды арамшөптен тазартқанда, ол бір өзі бір атызды қағып тастайды. Сөйтіп жүріп ән салатынын қайтерсің… Әсия алғашында мән бермеген, сөйтсе дауысы барқыттай жұмсақ, ал әннің қайырмасын сызылтып қайырғанда, тыңдамасқа амалы қалмайтын, әсіресе «Гауһартасты» шырқағанда:

– Ажарың ашық екен атқан таңдай!

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай!

Анаңнан сені тапқан айналайын,

Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай, – деп баяу бастап, «Беу-беу, Гауһартас» деп көтергенде орақты қоя салып, қыз әнге бар ықыласымен құлақ түретін.

Бір күні сәскелікте егін басынан қайтып келе жатқан. Төбеде жақын ұшып бара жатқан үлкен екі ақ құсты көріп, балалар шулап қоя берді. Себебі, мұндай құсты ең алғаш көрулері еді…

– Мыналар аққулар ғой, бұл жаққа бұрын келмейтін, – деп Асылбек сәл аңырып тұрғанда құстар бірте-бірте «Мақпал» көліне қарай төмендей берді.

– Әне-әне қонды, – деп солай қарай жүгіре жөнелген. Соңынан балалар ерді. Көл жиегіне жақындай берді де, жер бауырлап жата қалды. Бір қолын төмен басып, соңындағыларға «жатыңдар» дегендей белгі берді. Біршама уақыттан соң бастарын қылтита көтеріп, көл жаққа көз тастаған балалар ақ айдынның қақ ортасында бірін-бірі жаңа көргендей тұмсықтарын түйістіріп, қыбырсыз отырған манағы екі аппақ құсты жазбай таныды. Арасында келіп, салқын суына шомылып жүрген дөңгелек көл бүгін тым жарқырап кеткендей еді…

– Құс деп аққуларды айт, бірін-бірі қалай қадір тұтады?!

Суреті болмаса, туды-бітті аққу көрмеген Әсия осылай айтып қалғанын өзі де аңғармады білем… Бір сәт жалт бұрылған Асылбек қыздың мөлдіреген жанарына көзі түсіп, кідіріңкіреп қалды да:

– Аққу жайлы әңгіме бөлек, мына алдымыздағы көлдің неге «Мақпал» аталғанын білесің бе, Әсия? – деп сұраған. Қыз үндей қоймағасын өз сұрағына өзі жауап бере бастады:

– Ертеректе осы төңіректі мекен еткен бір байдың қызының аты Мақпал екен. Көрікті, бет біткеннің ажарлысы болса керек. Бірақ, не пайда атастырылып қойған соң?! Бойжете келе әлгі жігітін ұнатпай, жалғыз атты бір серімен көңіл жарастырыпты. Азды күн кездесіп жүреді де, ақыры екеуі бір түнде қашады. Алайда көп ұзамай қолға түсіп қалады. Сүйгенінен тірідей айырылған Мақпал қыз осы көлге суға кетіп өлген дейді. Халық кейін бұл көлді «Мақпал» деп атап кетіпті…

– Шын солай болған ба? – деп жетіншіге баратын Ұлбосын көзін сулады.

– Аңыз осылай қалған, – деді Асылбек.

Келесі күні балалар қос аққуды көрмекке көлге келгенде, олар болмай шықты.

Жантас бригадир жазған еңбеккүнге біраз ақша тиіп, ата-аналарының қалтасына салмақ салмай, жаңа киімдер және оқу құрал-жабдықтарын сатып алып балалар мектепке келді. Көпке дейін Әсияның есінен аққу көрген күн шықпай қойған. Оның үстіне Асылбектің арамшөптерді орып жүріп «Ажарың ашық екен атқан таңдай, нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай. Анаңнан сені тапқан айналайын, күлімкөз, оймақ ауыз, жазық маңдай, беу-беу Гауһартас» деп созған әсем қоңыр үні құлағынан кетпеді.

…Әсиялар он бірінші сыныпты аяқтап жатқанда, Асылбек әскери борышын өтеп қайтқан. Мектеп бітіру кешіне шақырылған, сымдай тартылған ұзын бойлы, аққұба жігітке қыздар жағы көз астынан ұрлана қарай берген. Кеш өте көңілді өтіп жатты. Бір рет ол Әсиямен вальс билеген. Мектеп бітірушілер Асылбектен «Гауһартасты» орындап беруін өтінді. Ол тартынған жоқ. Ән салып тұрғанда Әсия екеуінің жанарлары бірнеше рет түйісті.

Кеш аяғында екеуі бірге шықты. Оңынан туған сүттей жарық ай ақ көйлекті жас арудың арманын алысқа жетелегендей еді. Сыныптастарына да бөгелмеді, Асылбекке ере берді.

– Мен әскерге кетіп бара жатқанда кішкентай едің, – деді Асылбек.

– Одан бері екі жыл өтті емес пе?!

Қыз кәдімгідей салмақты жауап қатқан.

– «Кішкентай қыз өспей ме, көкейіңді теспей ме?» – деген бар екен ғой.

– Шындығы солай болып тұр ма?

Жігіт жауаптан жалтарды ма:

– Қандай оқуға барасың, Әсия? – дей салды.

– Үйдегілер қыз баланың қолы мұғалімдік ғой деп отыр. Ал өзің ше?

– Маған әкем: «Консерватория деген не, әртіс боласың ба? Сені зоовет институтқа өзім жетектеп апарамын, ветврачтық оқу оқисың», – дейді.

Екеуара әңгіме үзіліп кетті. Арттарынан қыздың сыныптастары жеткен. Топ-топқа бөлініп, ауыл сыртындағы «Қалғандария» өзекшесін бетке алды олар. Арайлы таңды өздерінен бұрынғы мектеп бітіргендердің әдеті бойынша бұлар да өзен жағасында қарсы алмақшы.

Ата-анасының айтқанын тыңдап, облыс орталығындағы педагогикалық институтқа келген Әсия жаратылыстану бөлімінің студенті атанды. Бес жыл оқыды. Бітіріп келіп, өзі ұшқан білім ұясына мұғалім болды. Көп ұзамай Асылбектің құрдасы, автомеханик Бектемірге тұрмысқа шыққан. Бүгінде үш баланың анасы, ұлағатты ұстаз.

Әкесінің дегені болып, Асылбек Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсті. Студенттік жылдарында институттың көркемөнерпаздар үйірмесін басқарады. Өнерден қол үзбей, бірнеше рет ән байқауларының жүлдегері атанған. Оқуын аяқтап, жолдамамен Жезқазғанның бір ауылына барған ол сол ауылдың Меңтай деген бір сұлуымен шаңырақ көтерген. Бертінірек елге оралып, аудан, облыс көлемінде басшы қызметтерде болды.

Бір жылы ауылға жолы түсіп, өзі оқыған мектебіне кіріп шыққан. Ол сонау жылғы аққу көрген күнді де, «Гауһартасты» да ұмытпаған екен. Әсиядан «Мақпалдың» табанында су бар ма?» деп сұрапты.

 Темірбек ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<