Ақсақ күшік

2362

0

Калифорния штатының орталық көшесінде дүкен көп. Бір күні көшенің аяқ жағында орналасқан дүкен иесі есігіне «Күшіктер сатылады» деген жазуы бар тақтайша іліп қойды. Ересектер мән бермегенімен, мұндай хабарландырулар балаларды қызықтырары сөзсіз. Расында, көп ұзамай мұнда кішкентай балалар жинала бастады.

– Күшіктеріңізді неге сатып жатсыз? – деп сұрады біреуі. Сатушы баланың сөзін дұрыстап тыңдамастан:

– Күшіктің құны – 30 бен 50 доллардың арасында, – деді. Бала қалтасына қолын салып, азын-аулақ ақша шығарып:

– Менде бар болғаны 2 доллар, 37 цент қана. Тым болмаса, күшікке қарасам бола ма? – деді көңілі түсіп.

Сатушы күлімсіреді де, ит жатқан күркеге қарап бір ысқырды. Осы кезде «Леди» деп аталатын ит жанына жетіп келді. Ал оның артында бес кішкентай күшігі еріп келе жатты. Бірақ бір күшік ағайындылардан айтарлықтай артта қалды. Бала сол артта қалған ақсақ күшікті қолына алып, сұраққа көшті:

– Мына күшікке не болған?

Дүкен иесі күшікті мал дәрігеріне көрсеткенін және тексеріс барысында жамбас буынынан ақау табылғанын айтты. Ол үнемі ақсап, баяу жүреді. Бала қуанып:

– Мен бұл күшікті сатып алғым келеді, – деді ойланбастан.

Дүкен иесі кемшілігін айтып тұрса да ақсақ күшікті таңдаған балаға таңырқап:

– Егер сіз осы күшікті алғыңыз келсе, оны тегін алыңыз, – деп еді. Бала ашуланған кейіпте дүкен иесінің көзіне қарап:

– Оны маған тегін бергеніңізді қаламаймын. Басқалары қанша тұрса, бұл күшік те сонша тұрады. Өзгелерімен бірдей. Мен сізге толық құнын төлеймін. Дәлірек айтсам, қазір қолымда барын беремін. Ал қалғанын төлеп біткенше айына 50 центтен беріп тұрамын.

Дүкен иесі қарсы жауап беріп:

– Рас айтам, саған бұл күшікті сатып алудың қажеті жоқ. Ол ешқашан жүгіре алмайды, секіре алмайды және сенімен ойнай алмайды. Бұл күшік – ақсақ.

Осы кезде бала еңкейді де шалбарының балағын қайырып, темірге бекітілген сол жақ аяғын көрсетті. Сосын дүкен иесіне қарады да:

– Амал не, мына күшік екеуміздің ортақ тұсымыз көп екен, – деді әлдебір күрсініспен.

СЫЙЛЫҚ

Бұл оқиға оңтүстіктегі ой-шұңқырлы даламен сырғып бара жатқан ескі автобуста болған. Алдыңғы жақтағы орындыққа қолына әдемі гүл шоқтарын ұстаған бір қария отырды. Ал оған қарама- қарсы жүзіне жарты әлемнің сұлулығы сыйған жас қыз жайғасты. Айналдырған бірнеше минутта әлгі жас арудың көзі шоқ гүлге бірнеше рет түсті. Бірақ автобустағы үнсіздік сол қалпы қалған еді.

Біршама уақыттан соң қарт межелі жеріне жетіп, түсуге ыңғайланды. Ол осы кезде гүл шоғын қыздың тізесіне қойып:

– Сізге гүлдер ұнайтынын көзіңізден байқап тұрмын, – деп бастады сөзін. – Мен оларды саған берсем, әйелім бұл ісіме қарсы болмайды деп ойлаймын, – деді тағы.

Қыз гүлді алып, алғысын айтты. Содан соң өзі отырған беттегі терезеден қарияның автобустан түсіп, шағын зираттың қақпасына кіріп бара жатқанын көрді.

Дэн КЛАРК

Chiсken Soup for the Soul («Жан дертіне арналған тауық сорпасы» )

кітабынан аударған Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<