Ақын жырымен сусындаған

1600

6

Айдынды Аралдың айбынды перзенті, арқалы ақын, драматург Жарасқан Әбдірашевтің өлеңдері теңіздің көкке шапшыған тол­қы­нындай адуын, өрлікке толы. Аудандағы іргелі білім ор­да­сының бірі №62 мектеп-лицей Жарасқан Әбдірашевтің атымен аталады. Мұнда ақын жырларын жатқа оқитын жырқұмар жандардың қарасы қалың. Өлеңге құмар үлкен-кішіні көріп, поэзия деп аталатын құдіреттің қадір-қасиетін мойындайсың.

Ақын есімін иеленген №62 мектеп-лицейдің тарихына қыс­қаша тоқтала кетсек. 1986 жылы ашылған мектепте ал­ғаш­қыда 1007 оқушы болды. Білім ордасының білікті бас­шылары мен педагог қызмет­кер­ле­рінің қажырлы еңбегі, үйле­сімді қыз­­метінің арқа­сында осынау іргелі ұжым талай асуларды алды. Биік белес­терді бағындырды. Төгілген тер, жалықпай іздену ізсіз кетпеді. 2016 жылы аудан­дағы  инновациялық мектеп-лицей дәрежесіне көтерілді. 2017 жылғы қаңтарда Жарасқан Әбдірашевтің аты берілді.

Мұнда 1-11 сыныптар ара­лы­ғында 1234 оқушы білім алуда. Мек­тепке дейінгі тәрбиеге бау­литын 4 МАД тобында 90 оқушы, мектеп жанынан құрылған шағын орталықта 75 бүлдіршін тәрбиеленіп келеді. Шығармашыл ұстаздардың арқасында жылда «Алтын белгі» және «Үздік аттес­тат» иегері шығып отыр. Ұжымда педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модератор, І санатты, ІІ санатты мұғалімдер және 1 магистр білім беруде.

Іргелі білім ұясы жаратылыс­тану бағытында білім беретін тірек мектеп болып саналады. Соңғы үш жылда 13 «Алтын белгі» иегері шыққан. Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде аудан бойынша ең жоғары балды мектеп-лицей түлегі Қайырла Ранай иеленді. Аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадалар, ғылыми жұмыстар сайысында да оқушылар жүлделі орындарға ие болуда. 2017 жылдан бері мектеп-лицей директоры қызметін Жасұлан Айтжанов атқарып келеді.

Мектепте ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім беру ісінің құр­метті қызметкері атағын, минис­трліктің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының мара­паттарын, республикалық «Үздік педагог», Халықаралық Қазақстан таланттары шығармашылық орталы­ғы­ның «Мәдениет майталманы», өзге де  төсбелгілер иеленіп, Арал ауданы әкімінің пәндік олимпиадасында жеңімпаз атанған ұстаздар жұмыс істейді.

Мектеп-лицейде тәрбиелік іс-шаралар мен сынып сағаттары, ата-аналар жиналысы, мұғалім шығар­машы­лығын дамытатын ве­бинар, семи­нар-тренингтер «ZOOM» платформасымен өт­кізілуде. Мектеп оқу­­шылары ау­дан­дық оқушылар үйі, ба­ла­­лар өнер мектебі мен спорт мек­те­біндегі түрлі үйірмелерге қа­ты­сады. Қашықтан оқу ке­зінде А.Құнанбайұлының 175 жыл­ды­ғына орай «Ұлттың ұлы мұрасы» атты республикалық байқауда және «Ұлы дала ұрпағымыз» атты респуб­ликалық байқауда Санжар Улияев «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ мектеп оқушыларының ой-өрісін дамыту, спорттық шеберліктері мен зияткерлік қабілеттерін арттыру, спортпен шұғылдануға үндеу мақсатында шахматтан өткен об­лыс­тық жарыста мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Сабина Кішібай ІІ орынды иеленді. Ал бокстан 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 46 келі салмақ дәрежесінде 9-сынып оқушысы Данияр Кеңесханов ІІІ орынды иеленіп, теңіз төскейінің мерейін асырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жол­дауында білім саласын дамы­туға байланыс­ты маңызды міндеттер жүктеді. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия білім беру саласына да айтарлықтай әсер етті. Білім жүйесінде жаппай қашықтан оқыту форматы енгізіліп, бұл педагогтармен қатар оқушыларға үлкен жауапкершілік артты. Соған қарамастан, мұғалім­дердің жаңа­лықты жатсынбай қабыл­дауының арқасында өткен оқу жылы сәтті аяқталды. Ең бастысы – қашықтан оқытуды дұрыс жағынан пайдаланып, қиындыққа мойымай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірге әрекет жасасақ, бағындырар биігіміз бен алынбайтын қамалымыз болмайды. Қай кезеңде болсын, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру – қоғам алдындағы ең маңызды, жауапты іс, – дейді Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицей директоры  Жасұлан Маханбетұлы.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<