Ардагерлермен оффлайн кездесу

1313

0

17 сәуір күні Қызылорда қаласындағы Достық үйінде 24 сәуірде өтетін MEDIA LitFEST-ке (онлайн-фестиваль) қатысуға ниет білдірген ардагерлермен оффлайн кездесу ұйымдастырылды.

Онлайн-фестивальдің Қызылорда өңіріндегі үйлестірушілері журналист,медиатренер Дина Ысқақова мен Қызылорда облыстық телеарнасының продюсері Альбина Байдүйсенова ардагерлерді   фестиваль бағдарламасымен таныстырды. Фестиваль сессиялары туралы қажетті ақпаратты іздеп табуды, онлайн-өтінім мен кері байланыс анкетасын қалай толтыруды көрсетті.

Қызылордалық ардагерлер медиасауат көтеруге мүдделі екенін білдірді.  Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішев осы жобаға қатысу туралы ұсыныс түскенде, бірден келісім бергенін айтады:

«Жобаны қолдадым, себебі бұл  қазіргі кезде біздің қоғам үшін, кез келген орта үшін қажет жоба. Шығып жатқан ақпараттық өнімдердің шындығына көз жеткізу біз үшін қиын болып жүр. Үлкендеріміз болсын, кішілеріміз болсын, белгілі бір дәрежеде қызмет атқарып жүрген азаматтар болсын, елдің ортасында естігендерін анықтамай, тексермей сол күйінше жеткізуге  әуестеніп кеткені байқалады», – деді ол кездесуде.

Фестиваль спикері –  «Бизнес-Старт» жастар кәсіпкерлігі орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев егде кісілерді алдағы сенбіге жоспарланған онлайн-фестивальге ZOOM платформасы арқылы қосылудың тәртібін түсіндірді.  Ардагерлердің қызығушылығы жоғары болды. Олар білмегенін сұрап, бір мезетте барлығы ZOOM платформасына қосылып, әңгіме-дүкен құрып көрді.

Кезінде облыста лауазымды қызметтер атқарған қоғам қайраткері,ардагер Ержан Уәйіс медиасауаттың аса қажет екенін айтты. Себебі  қарапайым халық  ақпараттың шынайы немесе жалған екенін айыра  алмайтындай дәрежеде, өйткені ақпарат көзі де, ақпарат құралы да көп. 

«Бұл бүгіндері көкейкесті мәселе. Цифрландыру, ақпараттандыру дәуірінде ел өміріндегі оқиғаны, қандай да бір мәліметті халыққа бұрмалаусыз жеткізу өте өзекті. Сондықтан  бүгінгі жиынды ұйымдастырушыларға  алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мұндай басқосуды жиі өткізуді қалар едім», – деді ол. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<