Адамның өмірге келуі, өмірден өтуі табиғи заңдылық деп жатамыз. Уақыт шіркін пырақтай жүйткіп барады. Сөзі сенімді, ісі бекем, шапағатын ел көрген ерлер аз ба? «Өлім барда өмір бар, өлмес өмір жоқ, тозбайтын үзеңгі, сынбайтын темір жоқ, бәрі өтеді. Өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның істеген игілікті ісінің нәтижесі» деген екен Қорқыт бабамыз.
Асқар тау әке, шаңырақтың тірегі, қамқоршысы, ағайынның ардақтысы, ұйтқысы бола білген, үлкенді құрметтеп, кішіге ізетті болған Сапарәлі Сақтағанұлы Майлыбаевтың бақилық өмірге кеткеніне 10 жылдың жүзі болыпты.
Сапарәлі Сақтағанұлы Шымкент қаласына қарасты Киров ауылында қарапайым отбасында 1949 жылы дүние есігін ашқан. Отбасының тұңғышы болғасын ата-анасына қамқоршы, бауырларына бас-көз болып ерте есейді. Өзі де білімге құштар, алғыр еді және әкесі «балам, дәрігер бол, халықтың алғысына бөленесің, барлығы сені құрметтейді» дейтін. Жанашыр әкенің арманы жетелеп, Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсті. Оны үздік бітіріп, үш жылдық әскери борышын өтеп келгесін, Алматы медицина институтына оқуға түсіп, емдеу факультетін 1978 жылы бітірді. Қызылорда облыстық ауруханасында дәрігер-анестезиолог болып еңбек жолын бастады. Ауыр науқастардың өміріне араша болды. Кейіннен хирург мамандығы бойынша Мәскеу, Санк-Петербург, Тбилиси, Белгия, Австрия, т.б. мемлекеттердің үздік клиникаларында жинақтаған білімін, тәжірибесін өңір халқының денсаулығын жақсартуға жұмсады.
1991 жылы облыстық ауруханада бас дәрігердің ұйымдастыру-әдістеме жөніндегі орынбасары қызметінде көптеген жаңашылдық енгізді. Емдеу ұйымдарынан статистикалық мәліметтерді жинақтап, облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы сараптаудан кейін Денсаулық сақтау министрлігіне алғашқылардың бірі болып тапсыратын. Ұйымдастырушылық қабілетіне, ойының ұшқырлығына, цифрларды дәлелді, нақты сөйлетіп анализ жасауына қарап басшылар «Мозговой центр» дейтін.
«Ықылым заманнан бері қасиетті, киелі саналатын екі кәсіп бар. Бірі – адам тәрбиелеу, екіншісі – адам жанына араша түсу. Онсыз жер бетіндегі жұмыр басты пенделердің рухы ортайып, қуаты азайып, тәні қартайып кеткен болар еді. Сондықтан қай қоғамда да ұстаз бен дәрігердің орны бөлек. Себебі, бірі адам баласының тән саулығының, екіншісі жан саулығының сақшысы» депті бір ғұлама.
Сапарәлі Сақтағанұлы өзінің күнделікті жауапты жұмысына қоса, облыстық аурухана кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Қызметкерлер мен жұмысшылардың құқығын қорғауға, әлеуметтік жағдайына, еңбек өнімділігіне, қауіпсіздігіне қатысты шараларды ұйымдастырғаны үшін ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Құрмет грамотасымен», «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Әркім өзінің сүйген қызметінде құл, құрметінде би болса, өмірдің бақыты сол емес пе?! Марқұм Сәкең ақкөңіл, адал, адамгершілігі мол, әріптестеріне сыйлы еді. Өте сыпайы, парасатты, ыждағатты, әрбір істі ынтамен, ұқыптылықпен атқарғанды қалайтын.
Облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері мен жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы төрағасы қызметін 2004 жылдан бастап он жылдан астам абыроймен атқарды. Әріптестерінің әлеуметтік, еңбек қорғау шараларына жан-жақты мән берді, үйлестірді.
Сапарәлі Сақтағанұлы Фатима Құрманайқызымен өмірінің соңына дейін тату-тәтті ғұмыр кешіп, үш перзент сүйді. Олардан 10 немере, 1 шөбере көріп, Фатима апамыз бүгінде ұрпағының амандығын, ағайынның ауызбіршілігін сақтаған бақытты әже.
Әріптесіміздің мейірімге толы жылы жүзі, тау тұлғалы бейнесі, парасатты кеңесі, жасаған жақсы амалдары, ізгілікті істері, артында қалған жары, ұл-қыздары, ағайындары мен көзі тірісінде сыйласқан әріптестерінің жадында ұзақ жылдар сақталатыны анық.
Сәулебек ЫСҚАҚОВ,
«SENIM» денсаулық сақтау
жүйесі салалық кәсіподағы Қызылорда филиалының төрағасы





