«Асар» сөзі халқымызға кеңінен таныс. Бұл – ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлемнің бір-біріне адами тұрғыдағы қолдауы. Мысалы, үй салып немесе қысқы маусымға шөп дайындап, отын түсіріп жатқан отбасына көп болып көмек беру. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі де бөлек.
Ең алдымен ойға алған жұмыс орындалса, екіншіден, ағайынның немесе дос-жаранның арасындағы татулық арта түседі. Сонымен қатар, жақын адамдар бір-біріне сенім артып, тұрмыс-тіршіліктің қиындығына мойымайды.
Жасыратыны жоқ, қазір ауылда «асар салу» дегенді ести бермейміз. Әркім өз-өзімен, үй салатындар несие алып, алыстан ұста шақырады. Тіпті шөп ору, отын түсіру, қой кезегін бағу сияқты ұсақ-түйек жұмыстардың да белгіленген ақысы бар.
Бала күнімізде ауылда баспанасы жоқ отбасылар бола бермейтін. Өйткені жаңадан шаңырақ көтеріп, енші алғандарға ағайын-туыс, ауылдастар жиылып, шағын баспана салып беретін. Оның реті болмаған күннің өзінде жас отбасының жарасым тауып, үй болып кетуіне атасы бір ағайын қолдау көрсетуші еді. Ал ауылдағы бірлі-жарым жалғызілікті қарттарға жасөспірім балалар көмек беретін. Өзіміз де осындай жұмыстарға араласқан едік.
Үй салу, отын-шөп түсіру – қол күшін қажет ететін, яғни ер адамдар атқаратын жұмыс. Жасөспірім балалар осындай жұмыстарға араласа жүріп, шынығып, шыңдалатын. Ең болмағанда, еңбек етудің мәнісін ұғынатын. Бұдан бөлек, ауылда киіз басу, кілем тоқу жұмыстарына әжелер бастап, аналар, келіндер жиылатын. Осындай ауызбірліктің арқасында бірнеше күндік жұмысты бір-ақ күнде бітіретін. Жасыратыны жоқ, қазір бұл жұмыстардың барлығының бекітілген нарқы бар, ақылы қызметке айналып барады.
Айта кетейік, қазір әлеуметтік желі арқылы қарқын ала түскен «Харекет» қорының атқарып жатқан жұмысы осыған ұқсайды. Тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасыларға жалпы халық жұмылып, қол ұшын береді. Баспана әперіп, бір сәтте бақытқа кенелтеді. Десек те, мұның атауы – «жылу жинау». Жуырда еліміздің көп өңірі су тасқынынан зардап шеккенде ел болып жылу жинап, қиындықта қалған ағайынға қолдау көрсетті. Ал асардың бұдан айырмашылығы – туған-туыс, дос-жаран, көрші-көлем қаржылай емес, қол көмегін береді. Жақындығын білдіріп, жылылық танытады.
Үлкендердің осындай қайырымды іс-әрекетін көріп өскен жас баланың да бойында мейірімділік, бауырмалдық, адамгершілік қасиеттер қалыптасары сөзсіз. Әйтсе де бұл күні асар әдісі бірте-бірте ұмытылып барады. Атадан қалған ізгі дәстүр туралы сөз қозғап отырғанымыздың себебі де сол, жақын жандар арасын жалғап тұратын осындай жақсы амалдарымызды жоғалтып алмасақ деген ой еді…
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<