Сырдың жыр-дүлділі Нұртуған Кенжеғұлұлының «Бір кеңес» деген өсиетінде:
Асыл ер өзін биік
санамайды,
Ел үшін еңбек,
күшін аямайды.
Бір өзі білсе-дағы,
білдім демес,
Сынатып көпке салып шамалайды, – дегендей, солардың бір-жары туралы ертеректе мақалалар жазғанмын. Жыр өлкесінің нәрімен сусындаған жандардың өнер-ғылымсүйгіш болмауы мүмкін емес. Солардың бірі – Бақдәулет Кенжалыұлы Кенжалиев.
Сонау Кеңес үкіметі құрылған жылдардан бастап, соғыс, одан кейінгі ауыр жылдары ауыл ағасы болған Наурызәлі ақсақал (Кенжалының әкесі) осы немересі дүниеге келмей тұрып, есімін қалай атасам екен деп ойланыпты. Туған-туыстарын, ел-жұртын жинап, үлкендердің батасын алып, ақылды, рақымды, мейірімді, адал азамат болады, атын Бақдәулет деп қоямын деген. Бұл жайлы Кенжалы ағамыздың аузынан талай рет естігенмін. Қазақтың қағазға жазылмаған дала заңы – ақсақалдардың, үлкендердің батасын алу. Болашаққа жақсылық тілеу – адамзат баласының ежелден асыл мұраты. Сол дуалы ауыз үлкендердің батасын алған кешегі жас жігіт Бақдәулет Кенжалыұлы – бүгінде Металлургия және кен байыту институтының бас директоры, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің ғылым жөніндегі проректоры.
«Білім қайда болса, биіктік сонда, парасат қайда болса, ұлылық сонда» дейді дана халқымыз. Атақ-абыройға ілігіп, ие болып, дүйім жұрттың шексіз құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленудің өзі – үлкен мәртебе. Бақдәулеттің еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі телегей-теңіз. Еңбегі бағаланбай қалған жоқ.
Бақдәулет Кенжалиев – Қазақстан Республикасының әл Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2019 жылғы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор. Осындай қыруар жұмыстың басында жүрсе де, туған жері – алтын бесігінен қол үзген емес. Ол Қызылорда өңіріндегі «Шалқия» кен орнынан жаңадан негізделген өндіріс ашуды ұсынғандардың бірі болды. Бұл ұсыныс кезінде Үкімет отырысында қаралып, ұқыпты, тиімді екені аталып өтіп, шешім қабылданды.
Бақдәулет Кенжалыұлының сан-қырлы қызметі туралы замандастары айтатын, жазатын болар. Жақсының жақсылығын айтып, оның еңбегін жас ұрпаққа, әсіресе жерлестерге таныстыру біздің міндетіміз емес пе?! Олай болса, өзім алпыс жылға жуық араласып, ағайын болып кеткен інім туралы көпшілікке танымал деректерді қайталамай-ақ, оның тынымсыз еңбекқорлығына, өзімше баға беріп, балықшы қауымының тегінен шыққан дарынды ғалым туралы сыр шерткенді жөн көрдім.
Бақдаулет Кенжалыұлы Кенжалиев 1948 жылы 15 тамызда Қызылорда облысы Арал ауданы Аманөткел ауылдық кеңесінің Ақшатау ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Ақшатау бастауыш мектебінің бірінші сыныбына барды, одан кейін Аманөткел мен Шөмішкөл ауылдарындағы сегізжылдық мектептерде оқыды. 10-сыныпты 1967 жылы Жаңа Қазалы станциясындағы № 421 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте бітірді. 1967-1969 жылдары Кеңес Армиясы қатарында қызмет етті. 1970 жылы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1975 жылы осы жоғары оқу орнының химия факультетін инженер-химик және химия пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын Шымкент қорғасын зауытында бастап, өндірістік қызметтегі алғашқы тәжірибесін алды. 1975 жылдың қараша айында Металлургия және кен байыту институтына қабылданып, онда 2009 жылға дейін жұмыс істеп, қарапайым инженерден институттың бас директоры лауазымына дейін көтерілді. 1983 жылы «Ақтоғай кен орнының баланстан тыс кендерінен мысты үймелеп ерітінділеу» тақырыбы бойынша кандидаттық, 1998 жылы «Баланстан тыс мыс және құрамында алтыны бар кендердің геотехнологиялық өңдеуін әзірлеу және енгізу, олардың теориялық негіздері» тақырыбы бойынша докторлық диссертацияларын ойдағыдай қорғап шықты.
2009 жылы «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ-ға ауысты. Осы жылдан 2017 жылдар арасында зертхана жетекшісі, басқарушы директор, проректор лауазымдарында университеттің инновациялық қызметіне басшылық жасады.
Б.Кенжалиев – түсті және асыл металдар гидрометаллургиясы саласындағы отандық ғылыми мектепті құрушылардың бірі. Ол металлургия және кен байыту институтын басқарғалы бері республика кәсіпорындарында мыс, алтын, осмий, рений және басқа металдарды алу технологиялары жасалды және өндіріске енгізілді. Тікелей басшылығымен Ақтоғай, Айдарлы және Васильковск кен орындарында жаңа технологиялар өндіріске енгізілді.
Ғалым университет пен институттың ғылыми-зерттеу базасын дамыту үшін инвестиция тарту бойынша жұмыстарды үйлестіреді, тиісті жобалар мен бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша жұмыстарды басқарады, ғылыми-техникалық әзірлемелерді іске асыруды ұйымдастырады және «Көмірсутегі және тау-кен металлургия секторлары және олармен байланысты сервистік салалар үшін технологиялар», «Нанотехнологиялар және жаңа материалдар», «Ақпараттық және ғарыштық технологиялар» бағыттары бойынша қаржыландырылатын бағдарламалар мен жобаларға енгізу бойынша ұсыныстар дайындайды. Атап айтқанда, «Ақтоғай» кен орнында (экономикалық тиімділігі – 1981 ж. бағасы бойынша 1 миллион 043 мың рубль), «Айдарлы» кен орнында (экономикалық тиімділігі – 360 мың рубль) мыс алудың геотехнологиясы әзірленіп, енгізілді. ТМД тәжірибесінде алғаш рет құрамында алтын бар шикізатты үймелеп ерітінділеудің экологиялық таза технологиясы енгізілді (экономикалық әсері – 1992-2002 жылдар кезеңінде 35 миллион АҚШ доллар болды). Кондициялық емес концентраттар мен кендерден бағалы металдарды алудың биохимиялық технологиясы әзірленді және енгізуге дайындалды (ҚР, ҚХР, Үндістан, Египет, Канада және т.б. компаниялары мүдделі). Іргелі, қолданбалы зерттеулерді, ҒЗТКЖ мен инновациялық технологияларды өнеркәсіптік практикаға енгізу бойынша үлкен тәжірибесі бар. 2000-2010 жылдары металлургия және кен байыту саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер бағдарламалары мен жобаларының жетекшісі, 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін мұнай-газ саласындағы ақпараттық технологиялар жөніндегі бағдарламаның жауапты орындаушысы болды. Металлургиялық кешенде 4 және 5 шектік өндірістерді құруды ғылыми-техникалық қамтамасыз ету тұжырымдамасының авторы. Бұл концепция Үкімет отырысында баяндалып, қолдау тапты.
Профессор Б.Кенжалиев институт қызметкерлеріне көп қамқорлық көрсетіп келеді. 1989 жылы үйлестірушісі болған шаруашылық келісім-шарт бойынша орындалған жұмыстарға түскен қаржыға 30 пәтерлік үй салынды. Осылай көптеген қызметкерлердің тұрғын үй мәселесі шешілді. Ал 2017 жылы өзі басқарған институттағы 2 жас ғалым «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша Алматы қаласының Атлетикалық қалашығында пәтерге ие болды.
ҚБТУ басшылығы оған ҚБТУ – ЕЭА ПИТ «Алатау» көп функционалды кампустың құрылысын, оның ішінде Дриллинг орталығының, қазақстандық теңіз академиясының германиялық аналогтарынан асып түсетін ҚБТУ-дың күн батареяларының негізінде жасалған тәжірибелік шағын электр станциясының құрылыстарын үйлестіру жұмыстарын тапсырған болатын. Ол жұмыстар ойдағыдай аяқталды. Бақдаулет Кенжалиевтің тікелей басшылығымен Металлургия және кен байыту институтының Тәжірибе-эксперименталдық металлургия өндірісі қайта іске қосылды. Онда бокситтерді өңдеудің инновациялық технологиясын елімізде енгізу үшін алғаш рет тәжірибе-өнеркәсіптік қондырғы жасалды және сынақтан өткізілді.
Ол Қытайда, АҚШ-та, Канадада, Индияда, Мысырда, Ресейде өткен халықаралық конференциялардың жұмысына қатысты. Минералдық шикізатты өңдеу бойынша Дүниежүзілік конгрестің 2 бағдарламалық комитетінің мүшесі болды. Соның ішінде Австралияда өткен конгрестің сараптау кеңесін басқарды. Индияда өткен келешегі бар материалдарды алу технологиялары бойынша 11 халықаралық семинарды ұйымдастыруға қатысты.
Профессор ғылыми мамандарды дайындауға көп күш салуда. Ол басқарып отырған институттың жүздеген мамандары – ғылым кандидаттары және докторлары. Өзі байыту және түсті, асыл және сирек металдар металлургиясы, металтану және металдарды термиялық өңдеу салалары бойынша техника ғылымдарының 15 кандидатын және 2 докторын дайындады.
Ол басқарған Металлургия және кен байыту институты ірі ғылыми орталыққа айналды. Институт Ресей, Германия, Қытай, АҚШ, Түркия елдерінің зерттеу институттарымен бірге қызмет жасап келеді. Металлургия және кен байыту институты алғаш рет және бүгінгі күні Қазақстанда бірінші болып КРОССРЕФ (Crossref) нысандарды сәйкестендіру бойынша сандық кітапханаларды байланыстыратын Халықаралық ассоциацияның мүшесі болды. Профессор Б.Кенжалиевтің еңбектері Қытай, Израиль, Канада, Украина және АҚШ елдерінің ғылыми топтарында кең түрде мойындалды. Ол – 500-ден аса ғылыми еңбектің, соның ішінде 90 патенттің, оның ішінде АҚШ пен Германияның 2 патенті (2019 ж.), 7 монографияның авторы.
Бақдәулет Кенжалыұлы – үлгілі отбасының басшысы. Тағдыр оны Жаңылхан есімді арумен табыстырды. Ол – бүгінде Бақдәулеттің сансыз достары мен тума-туыстарын көл-көсір дастарқанын жайып қарсы алатын отбасының салиқалы анасы. «Жақсы әйел – жарты бақыт» дейді. Жары өмірдегі мақсаттарына және кәсіби табыстарына жетуіне бірден-бір себепші және тірегі бола білді. Ұрпақтары ғылыми жолын жалғастыруда.
Б.Кенжалиев ғылым және техника саласындағы Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының сыйлығымен және оған қоса лауреат белгісімен, халық шаруашылығын дамытуда қол жеткізген жетістіктері үшін КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен 2 рет марапатталды.
Ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісіне, «Қазақстанның еңбек сіңген қайраткері» құрметті атағына, «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының мұнай құбыры бағыттары бойынша мұнай мен мұнай қоспаларын тасымалдаудағы энергияны үнемдеуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін әл Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Адам болмысынан жұмбақ екені белгілі. Қаншама ғылыми еңбектер, философиялық шығармалар, трактаттар жазылды десеңші. Солардың барлығы, айналып келгенде, адам болмысының мәніне, рухани жан дүниесі қандай құндылықтан тұрады, өмірлік ұстанымы қандай деген сұрақтарды айналып өтпегені мәлім. Бақдәулеттің көркем мінезі мен жан дүниесі, өмірге деген дұрыс көзқарасы мен парасаттылығы, біріншіден, Жер табиғаты мен тәрбие алған ортасының нәтижесі екендігіне шүбә жоқ. Екіншіден, жанкешті еңбегінің бағалануында «үйренуден жалықпау, үйретуден аянбауды» өз алдына мақсат етіп қоя білуінде. Үшіншіден, ұлағатты ұстаз, жоғары білім саласының білгір маманы ғана емес, сонымен бірге ірі ұйымдастырушы болуында. Асқар Қонаев, Болат Бейсембаев сияқты ірі ғалымдармен қойын-қолтық жұмыс атқарып, ағаларынан мол тәжірибе алып, қатарласып үзеңгілес жүруінде. Төртіншіден, Бақдәулетке тән қасиет – оның үнемі ізденіс үстінде жүретіні. Негізінен жастайынан қалыптасқан, жаңаға құштарлығы, ізденімпаздық еңбекқорлығы. Оның іздегені мен тапқаны – өзіне ғана емес, ғалымның бүгінгі шәкірттеріне, студент жастарға таптырмайтын қазына. Бесіншіден, марапаттардың өзі-ақ оның ғылыми атақтарының ауқымды, қоғамдық өмірмен байланысы мол екенінен хабар беріп тұрған жоқ па?! Олай болса, Бақдәулет Кенжалыұлынан ғылымның күтері көп. Өз кезегінде ғалымның әлі берері мол. Ғұмырың ұзақ болғай теңіздің төл перзенті, інім.
Құдайберген САРЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы.\\
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<