Ата басылымның айнымас серігі

771

0

Жеңісбек Мақсұтұлы − біздің басылымның авторы әрі тұрақты оқырманы. Оймақтай ойын қағаз бетіне түсіріп, редакцияға жолдап отырады. Ізденімпаз жанның жазған-сызғаны сәтті шығатыны сонша, өзге оқымандар да пікір білдіріп жатады. Жиырма жылдан бері ата басылымның айнымас досына айналған ақсақал биыл сексен жасқа толды. Мерейтой иесінің жағдайын сұрап, арнайы іздеп бардық.

Расында, қария − нағыз қазынаның өзі. Газетті оқып қана қоймай, ондағы жарияланған әрбір тарихи дерек пен қызықты мәліметтерді жинақтауға әуес. Бұл әрекет қарияның хоббиіне айналып үлгерген.

− Газет − өткен шақ, бүгінгі күн, болашақ. «Сыр бойы» газетінен бастап  аймақтан шығатын бірнеше басылымды арнайы оқимын. Жинақтап жүрген деректерді бір зейінді бала кәдесіне жаратар деген сенімдемін. Себебі газетте уақыт тынысы бар. Оны бағамдау, байыптау қай кезеңде де өзекті, − дейді қария. Бір балаға емес, мың балаға рухани азық болар дүниені сақтап отыр.

Ақсақалдың үйіндегі том-том газет қиындысында бәрі бар. Бәсекеге қабілетті елдер тізімі, дүниежүзінің алтын қоры, әлемдегі байлар мен олардың табысы туралы деректер, тарихи мәліметтер, қазақты басқарған зиялылар мен кеңес министрлері, теңгенің тарихы, діни ағымдар, Сырдан шыққан ағартушылар… Бәрі сақтаулы тұр. Тіпті кешегі пандемия уақытындағы ахуалды кестелеп, диаграммасын жазған. Бірнеше қалың дәптерді толтырып қойыпты. Газетті оқып отырып, көңіліне қонған оқиғаларды түсіріп қойса керек. Қазақстан барыстары, латын әліппесі, зейнет жасы, жәрдемақылар туралы деректер де қалыс қалмапты.

Ол жиырма жасынан кітап жинауға әуестенген. Жеке кітапханасында қазақ әдебиетінен бастап, тарихи кітаптар толып тұр. Бәрін дерлік оқып тауысқан. Тек әлем классиктерінің кейінгі аударылған еңбектеріне бойлай алмағанын жасырмады.

Жеңісбек Мақсұтұлының мамандығы − гидротехник. Уақытында су шаруашылығында жемісті еңбек еткен. Қызықты хоббиі маманды білімге жақындатып, қоғамдық өзгерісті аңдауға итермелеген.

− Газеттен соңғы тағайындауларды оқып отырмын. Көбі гидротехник мамандығын бітірген азаматтар екен. Қуанып қалдым. Аймақта су мәселесі өзекті болып отыр. Қала орталығын айтпағанда, каналға жақын жатқан шет аймақтарда аяқсу жоқ. Бұл тұрғыда лауазымды қызметке келген мамандар елге жанашырлық танытады деп сенемін. Сондай-ақ бүгінде жастарды техникалық мамандықтарға оқытуға көп көңіл бөлінуде. Білім гранттары да көбейіп жатқаны қуантады. Мұның бәрі әлеуметтік ілгерлеуге әкеледі, − дейді ардагер.

Журналистика саласымен етене араласып жүрген ардагер «кезінде одаққа мүшелікке өте алмадым» деп  әңгіме арасында айтып қалды. Тұрақты автордың арманы орындалуда. Журналистердің төл мерекесі қарсаңында ол одаққа мүше болмақ.

Айта кетейік, кейіпкеріміз 1942 жылы  20 маусымда Тереңөзек ауданы, Қызылөзек ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп, екі ұл, бір қыз тәрбиелеген.  Немерелері де білімге құштар. Әсіресе, Ділназ атасына жақын. Газет оқыса да, жазу жазса да қасынан бір елі қалмайды. Атасының өсиетін тыңдап өсіп келеді. Зиялы адамның қалыптасуына отбасы, ортасы әсер ететінін ескерсек, Жеңісбек ақсақалдың шаңырағында әлі талай өнер-білімге құштар өрен өсері анық.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<