Аталы сөз айтар ақсақалдар қайда?

1282

0

Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра

Қазақ халқының осы нақы­лын «мақалдың да міні бар ғой» деп атақты Байдалы би (Уәли ханның замандасы және досы) мен данышпан Абай айтқандай («Қара сөз»: үшінші, бесінші, алтыншы сөздер), өз басым ұстаздық қызметіме байланысты бірталай уақыттан бері былайша толықтырып айтып жүрмін: «Көп жасаған білмейді, көпті көрген біледі, көпті көрген білмейді, көпті түйген біледі, көпті түйген білмейді, түйгенін өзгеге берген біледі, беріп қана қоймай, бергенін өзгеге еккен біледі». Осылай айтуыма өткен ғасырдың сексенінші жылдарында ҚазМУ-да (қазіргі Әл Фараби атындағы ҚазҰУ) оқытушылық қызмет атқарып жүрген кезімде өзім куә болған және талай рет қайталанған оқиға себеп болды.

Сол бір кездері өзімнен 3-4 жас кіші бір тарихшы доцент жігітпен жиі-жиі жұмыс бабымен кездесіп қалатынмын. Ол рес­публикалық деңгейде қоғамдық жұмыспен айналысып, сол жағынан әсіре белсенді болып көрінетін. Кездескен сайын «Не жаңалық бар?» деген сұрағыма ол  бір жолы «пәлен елде болдым», келесі жолы «түген елде болдым» деп, әр кездескен сайын қай континентке, оның қай еліне барғанын, ұмытпасам, жер шарының 50 шақты елінде болғанын айрықша мақтанышпен айтатын.

Ең қызығы, «ал енді сол ел туралы айтып берші, не көрдің, не түйдің?» деген сұрағыма ол әрдайым ет пен балықтың, колбаса мен сырдың қаншама түрлері (еліміздегі 80-ші жылдарды еске түсіріңіз), автокөліктің соншама түрлері (маркалары), зәулім-зәулім үй-ғимараттары, тақтайдай тегіс жолдары мен көшелері, делегацияны кім, қалай қабылдап, қандай тағамдар мен сусындар ішкені, өздерінің жүріп-тұрғаны, т.с.с., яғни тек қана не көргені туралы айтатын. Ал қоғамтану ғылымдарының өкілі ретінде маған керегі – оның не көргені емес (оның көргенін мен саяси экономия маманы ретінде онсыз да білем), оның көңіліне түйгені, яғни сол барған елінің (халқының) өркениеті мен мәдениеті, дүниетанымы мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы, білімі мен ғылымы, саяси, әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі. Бірақ күткенім болмады.

Мұндай қолайсыз жайт қайталана берген соң, бірде оған: «Сенен ғылым кандидаты, доцент деген атақ, дәрежеңе сай естігім келгені – баланың әңгімесі емес еді ғой» деп, ащы да болса, шындықты айтуыма тура келді. Ол көпке дейін ренжіп жүрді, бірақ кейінірек бұл әңгімеден дұрыс шешім шығарып, елге өзін қоғамдық мәселелерді талдай білетін әжептәуір маман ретінде таныта білді. Оған да шүкір! Ал мен болсам, «құр көпті көргеннен не пайда?» деген оймен сол кезден атам қазақтың сөз болып отыр­ған нақылын (мақалын) жоғарыдағыдай толықтырып айта бастаған болатынмын.

Енді бүгінгі күнге келейік. «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп Абай айтпақшы, көптен бері дүниенің төрт бұрышын аралап, оқып алған (елге қайтып келгені бар, келмегені бар), оқып жүрген «талай қазақ баласы» (мыңдаған) баршылық.

Менің көзімнің жеткені, ілуде біреуі болмаса, олардың барлығы дерлік (өмір бойы жастармен істес болған соң көріп жүрміз, тыңдап жүрміз, естіп жүрміз, оқып жүрміз, тіпті қайсыбіреулерімен талай қызметтес те болғанбыз)  жақындарына, әріптестеріне, замандастарына, жұмыс істеген жерлеріне, туған еліне айтарлықтай  бірдеңе бермегені былай тұрсын, тұшымды етіп ештеңе айта алмайтындығы, жеткізе алмайтындығы, яғни түйгенінің аздығы, дүниетанымының тарлығы, керек десең, дүниеқоңыздығы, мені қатты ойландырады. Олардың көңілге қонарлық бірдеңе айта алғандығының, жеткізе алғандығының, яғни  ғибратты ойларды түйгенінің өзін өз басым бізге, елімізге азды-көпті бергені деп қабылдар ем. Және болашақта солай болғай, тіпті, одан да асып түскей деп тілеймін!

Аралық түйін. Көп жасаған мен көп көргеннің, көп көрген мен көп түйгеннің, көп түйген мен көп бергеннің, көп берген мен көп еккеннің аражігін ажырата білу, сонымен қатар олардың өзара байланысын таба білу, түйсіне білу, қабылдай білу, іске асыра білу өте маңызды-ақ.

Өз басым осы уақытқа дейін бір ғана шет елде (Түркияда) болыппын, онда да демалыста (негізінен Кеңес заманының түлегі болғандықтан, қазіргі ТМД елдерін кәсіби және психология­лық тұрғыдан шетел деп қарау маған қиындау). Меніңше, жалпы бұрында да, әсіресе қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда, жақсы маман болу үшін бас жоқ, көз жоқ, яғни міндетті түрде шет елдерге барып білім алуға құмар болудың қажеті аз. Бұл  – ішінара жаратылыстану және техникалық, ал негізінен, гуманитарлық сала мамандарына қатысты тұжырым.

Менің пайымдауымша, кәсіби мұқтаждықпен шет елдерде оқудың екі ғана себебі бар, біріншісі – егер де қайсыбір болашақ маман өзі кейін айналысатын саласына қатысты елде бар мамандықтар бо­йынша барлық қажетті ақпарат көздерімен (олар қандай түрде, қандай тілде болса да) толық танысып, игеріп, оларды тақияма тар келді деп есептеп, азсынған жағдайда, екіншісі – елде жоқ жоғары технологиялық мамандықтар бойынша білім алу қажеттігі туғанда. Сонымен қатар, өз елімізде бар мамандықтар бойынша негізгі де іргелі (базалық) білім (бакалавриат, магистратура, докторантура) алғаннан кейін, шет елдерде қысқа мерзімдік білім көтеру курстарынан өту қисынды да орынды.

Басқаша айтсам, елде қолда бар кәсіби ақпараттық және басқа да ресурстарды толық игермей, еңсермей жатып, шет жаққа шапқылай берудің реті жоқ. Керек десең, жалпы және кәсіби этикалық тұрғыдан бұл – оғаш, ал кейде, айталық, гуманитарлық салада, тіпті зиян нәрсе. Мысалы, өте жоғары деңгейлі кәсіби экономист болу үшін шетел асып, орыс халқы айтқандай, «Үш теңізден әрі ұшып, ақылсыз боп оралудың» («За три моря летал, умней не стал») еш кажеті жоқ.

Адами да ұлттық тәрбие – білім – ғылымға жаңғырушылдық – жаңашылдық – жасампаздыққа деген мемлекеттік идеология, саясатты қазақ халқының төл өркениетінің (культура) және әлемдік мәдениеттің (цивилизация)  озық үлгілерін «әділеттілік» деген қасиетті де киелі ұғымға (Президент Қ.Тоқаевтың қолданысындағы маған ұнайтын басты термині) негіздей және басшылыққа ала отырып сөз жүзінде емес, іс жүзінде 180 градусқа қайта бұру керек.

Осыдан туындайтын қорытынды ғибрат: көп жасағаннан да, көпті көргеннен де, көпті түйгеннен де,  көпті бергеннен де,  көпті еккеннен де ала біл, ондайлар ел ішінде қай сала болмасын, әзірше (үлкендер, орта жастағылар, тіпті жастар арасында да) баршылық. Тек оларды таба біл, табу үшін көзіңді аша біл, оларға көңіліңді сала біл, оларды тыңдай біл, орынды ақыл-кеңесін алып, кәдеңе жарата біл, ал оларға іліге алмасаң, амал жоқ, артқы шепте қала бер.

Шіркін-ай, осы көкейкесті де көкейтесті арман-ойым мен арман-тілегімді тыңдар құйма­құлақ, қабылдайтын есті ми мен жылы да қайсар жүрек, жүзеге асырар қайтпас жігер болса ғой. Қалай болғанда да, осы ой-толғауымды «ақылды алғанға, үгітті ұққанға айт», «айтушыдан тыңдау­шы зор болсын» деген халқымыздың аталы сөздеріне ілестіре отыра, айтушы мен тыңдаушыға, басшы мен қосшыға теліп, оны еш естен шығармай және «болмасаң да ұқсап бақ» қағидасына сәйкес тағы да ұлы Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген ғибрат іспеттес тәмсілімен аяқтағым келеді.

Орақ АЛИЕВ,

«Тұран-Астана» университетінің профессоры.

(Басы өткен санда.

Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<