Ақиқат адам санасында тура жолды бейнелейтін таным екені рас, бірақ оны дөп басып, тура табу да оңай емес. Себебі туралық тұңғиық тереңде жатады ґрі ґр қоғамның өз ақиқаты, кейін оның өз іздеушісі болады. Қазір ел ағасы жасындағы мен өткен мен бүгінгі күнді жиі салыстырып отырамын. Мына өмір күрделі, көп түрлі, көп түсті. Уақыттың ұтқырлығы сондай, кейде заман ағымына ілесе де алмай қаласың. Ғұламалардың сұңғылалығы неде? Олар өткенді өшірмей, жадында сақтап, салыстыру, бағамдау арқылы болашақты болжаған. Біз де өмірімізді өткенмен өлшейміз, онда үзілмей келе жатқан тарихи дґстүр де, ұрпақ сабақтастығы да бар.
Өткен ғасырдың үшінші ширегі Қазақстан қоғамы үшін теңдесі жоқ уақыт болды. Соғыс жылдарында қираған халық шаруашылығы қалпына келіп қана қойған жоқ, интеллектуалдық, білім-ғылым, техникалық тұрғыда еліміз қарыштап дамыды. Міне, осынау өсіп-өркендеуге ақыл-ойын, қажыр-қайратын, бар саналы ғұмырын жұмсаған азаматтар бар. Олардың атын бүгінгі ұрпақтың санасына алтын әріппен жазу керек.
Қызылорда облысының экономикалық нығаюына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосқан бірнеше совхоз директорларын білемін, соның алдыңғы шебінде бір кездері өзім қызмет еткен Жаңақорған ауданындағы белгілі тұлға Әбдіғаппар Нұртазаев тұрды деп айтуға толық негіз бар. Бұл жалпылама сөз емес, себебі мен ауыл шаруашылығы қызметкері ретінде де, кешегі облыстық партия комитетінің салалық хатшысы ретінде де бұл жайды көп зерттедім әрі бағамдадым.
Өткен ғасырдың 80-жылдары облыста 90 совхоз, 10 колхоз, 5 арнайы мал бордақылау бірлестігі болды. Совхоз директорлары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінде есепке алынып, ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен тағайындалатын. Қажетті құжат облыстық партия комитетінде дайындалып, оларды тағайындау, ауыстыру, қызметінен босату қатаң бақылауда болатын.
Жалпы ат арқасындағы ер-азаматтың бір бақыты қызмет барысында ел көреді, жер көреді, көп адаммен араласады, талай оқиғаға куә болады. Мен 1979 жылдың желтоқсан айында Жаңақорған аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалдым. Шүкір, жаман болғаным жоқ, оңтүстіктегі елді таныдым, басшы ретінде өзім де танылдым. Содан беріде талай қызмет баспалдағынан өткеніммен, Жаңақорған жері маған ыстық. Біріншіден, жұмысым нәтижелі болды, екіншіден, адамдармен араласуда көп жайды түсіндім және ол өміріме сабақ болды.
Маған ерекше әсер қалдырған, қызмет барысындағы араластық сыйластыққа ұласқан адамдардың бірі Әбдіғаппар аға еді. Задария совхозы – аудандағы іргелі шаруашылық. Түгіскен тыңы көтерілген жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев осы совхозда болып, жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірген. Әбекең өз қолымен құрған шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, аз уақытта облыстың алдыңғы қатарына шығарды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде өлкенің тарихына, өткен өмір жолына, шаруашылықтағы жетістіктер мен шешімін таппаған мәселелерге тереңірек үңілуге тура келді. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығында да, егін шаруашылығында да Әбдіғаппар Нұртазаевтың үлкен еңбегі бар екенін байқадым. 1967 жылы Задария совхозы мемлекетке жоспардағы 34 мың центнер орнына 90 мың центнер күріш берген және 3 жыл қатарынан ауданның, тіпті облыстың алдында болған. Бұл дерек мені қызықтырды әрі дәйегін іздедім. Әбекеңнің ұжымдық жемісті еңбегін, жетістігін, ғылымға негізделген іс-тәжірибесін зерттеу барысында өмірден көргені көп, түйгені мол екенін байқадым.
Әбдіғаппар Нұртазаев 1930 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының қазіргі Ақүйік ауылдық кеңесіне қарасты Қызылмақташы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы нәубетті жылдарға, қиын кезеңге тура келді. Байларды тәркілеу саясатының шолақ белсенділікпен жүргізілуінің нәтижесінде ел берісі Мырзашөл, әрісі Өзбекстан мен Тәжікстанға қарай үдере көшті. Қызылмақташыда жақын ағайындардан Әбдіғаппардың әкесі Нұртаза мен Мәнтайдың үйі ғана қалады. Кейін заман түзелген соң сол ағайын туған жерге қайта оралады, оған Әбдіғаппардың көп еңбегі сіңді.
Қарап отырсаңыз, соғыс жылдарындағы балалардың тағдыры ұқсас, оны менің өзім де бастан кешірдім. Есімде қалғаны – жан-дүниеңді жаншыған ауыртпалық. Бірақ ауыртпалық біреулерінің еңсесін көтертпесе, екіншілерін жани түсті. Өмірге құштарлығымыз артық еді. Білімге ұмтылдық.
Әбдіғаппар Нұртазаев 1937 жылы «Қызылмақташы» бастауыш мектебіне барып, 1944 жылы Бірлік сегізжылдық мектебін үздік бітіреді. Кластасы Әбдіқалық Әйтілеуов екеуі Түркістан қаласындағы бастауыш кластар мұғалімін дайындайтын училищеге оқуға түседі. Бірақ көп ұзамай Әбдіғаппар Шымкент ауыл шаруашылығы техникумына ауысады.
1947 жылы техникумды үздік дипломмен бітіреді. Алматы ауыл шаруашылығы институтына, Москвадағы Тимирязов атындағы академияға оқуға жолдама ұсынылады. Бірақ отбасы жағдайына байланысты Түркістан ауданындағы «Майдантал» колхозына агроном болып келеді. Қызметке араласып, мамандықтың қыр-сырын осы жерде меңгереді.
1948 жылы Жаңақорған МТС-не учаскелік агроном болып ауысады. Арада көп уақыт өтпей аға агроном болады. Ол кезде майда колхоздардың техника сатып алуға күші жетпейтін де, егінді егу, жинау жұмыстары МТС-тің күшімен атқарылатын. Мамандардың да жоқ екенін ескерсек, агроном ретінде Әбдіғаппар Нұртазаев көп жұмыс атқарған. Жаңақорған ауданында күрішпен қатар бидай дақылына қатты мән береді. Осы игі істің бастауында Әбекең тұрған сияқты.
1952-1957 жылдары бірнеше қосалқы шаруашылықтардан құрылған «Политотдел» колхозының төрағасы болып, «бала басқарма» атанады. Әбекең барғаннан кейін ол жерде жұмыс жолға қойылып, «Политотдел» колхозының жылдың кірісі 170 мың рубльдің үстінде болып, еңбеккерлер 40 рубльдің үстінде жалақы алған. Сол кездегі өлшеммен алғанда, бұл – жақсы көрсеткіш.
Өткен ғасырдың 50-жылдары колхоздардың ірілендіріліп, мемлекеттік шаруашылық (совхоз) құру саясаты жүргізілді. 1955 жылы бес колхоздың негізінде «Бірлік» қаракөл қой совхозы құрылып, білікті маман ретінде Әбдіғаппар Нұртазаев бас агроном болып тағайындалады. Оның жоғары ұйымдастырушылық қасиеті, іскерлігі, міне, осы кезден бастап кеңінен танылады.
МТС-та жүрген кезінде-ақ бидайдың нанға жарамды сорттарын егуді қолға алған Әбдіғаппар аға жаңа жұмысында осы ісін тереңдете түседі. Бидайдың «Саратов» тұқымын алдырып, оны тау бөктеріндегі жонға жерсіндірді. Алғашқы жылдардың өзінде совхоз 800 гектар бидай, 500 гектар жүгері, 1000 гектар жоңышқа егіпті.
1960 жылы совхоз республикада ауызға ілініп, облыстағы жүгері өсіретін тәжірибе шаруашылығына айналған. Озат жүгеріші Әбдірахман Ақбалаев 200 гектар жүгерінің әр гектарынан 60-80 центнер дән жинайды. Осы жылы жүгерішілер Ергешбай Үсенов, Шәкі Баймұрзаев, Егізбай Божбанбаев, Қыздарай Әлжігітова, Ұлбөпеш Кәренова бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің күміс медалімен марапатталды. Жүгері өсірушілердің майталман шеберлерін шығарған Әбдіғаппар Нұртазаевқа тән қасиеттің бірі барға мастанбау, үнемі іздену, еңбекті өмірдің мәні, тірегі деп білу еді. Облыстық партия комитетіне ұсыныспен шығып, Талдықорған облысы Жаркент ауданындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Никита Никитич Головацский басқаратын «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхозға қызылордалықтар делегациясын бастап барады. Осы сапардан кейін жүгеріні шахматтық ұялы әдіспен егуді Сыр елінде бірінші болып бастайды. Жүгерінің мол өнімді «ВИР-156» сортын әкеліп, жерсіндіреді.
Мәселе – бір шаруашылықтың елдің алдына шығуында емес, оның үлгі тәжірибесінің кеңінен пайдалануында. Жапондарда «Бір фирма жүз қадам алға басқаннан, жүз фирма бір қадам алға басқаны жақсы» деген мәтел бар. 1961 жылы мамыр айында Қызылорда облысында 8 үлгі-тәжірибе шаруашылықтың басшылары мен мамандарының «Бірлік» совхозында ғылыми-техникалық кеңесі болып, жүгері дақылын өсірудің қыр-сырымен танысады. Содан кейін ғана шашақты дақылды өсіру Сыр елінде белең алады. Осы жылдардағы озық бастамасы мен еңбегі, нәтижелі жұмысы үшін Әбдіғаппар Нұртазаевқа «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген агроном» атағын, сыйлыққа «Газ-24» Волга көлігін береді.
1963 жылдың тамыз айында Әбдіғаппар Нұртазаевты осы аудандағы 4 кеңестік шаруашылықтың бірі Талап совхозына директор етіп тағайындайды. Шаруаның көзін танитын жаңа басшы мал азығының жеткіліксіз екенін біліп, қара күзде Төменарық совхозының «Байкенже» алқабынан шөп дайындатады.
1964 жылдың қысы қатты болғанын тарихтан білеміз. Әбекең бір ферманың қойын түгелдей Төменарық совхозының «Байкенже» жеріне жайғастырады, себебі Талаптың жері кең болғанмен, жұтаң келетін. Сол қатал қыста Әбекең облыстық партия комиетінің бірінші хатшысы Мұстақым Ықсановқа тікелей шығып, малға көрші аудандардан жем-шөп, адамдарға облыстық қордан ұн, басқа да азық-түлік алдырып, малды да, жанды да табиғи апаттан аман алып шығады.
Мал азығының сырттан дайындалуы шаруашылыққа қымбатқа түсетін. Әбдіғаппар Нұртазаев Сырдарияның ұрынды жерлерінен сағасын алып, канал қаздырады. «СНП-500» насостарымен су шығарып, жүгері, жоңышқа, басқа да мал азығындық дақылдар егеді. Чех насосы келгеннен кейін қуарып жатқан өңірге жан бітеді. Қазақбай өңірінен ферма ашып, мал басын көбейтуге жағдай жасайды. Осы жылдары облыстық партия комитетінің мүшесі болған ағамыз Қызылқұмды игеру, Бесарық плотинасының жұмысын жақсарту, іріленген шопандар бригадасын құру мәселесін көтеріп, бұның соңғысының жүзеге асуына өзі бастамашы болады. Шаруашылықты қой санын 50 мыңнан асырып, 1 центнер еттің өзіндік құнын 45 сом 32 тиынға, 1 центнер жүнді 112 сомға, 1 қаракөлдің өзіндік құнын 8 сом 26 тиынға түсіреді.
Жаңақорған өңіріндегі 60-жылдардағы мықты азаматтардың тағдыр-талайымын Түгіскен тыңын игерумен байланыстыруға болады. Ұзындығы 80 шақырымдық «Келінтөбе» каналы қазылып, әуелі Келінтөбе, ал 1966 жылы Түгіскен, Задария, КПСС-тің ХХІІІ съезі атындағы совхоздар құрылады. Кейін Өзгент совхозы Задариядан енші алып шығады. Бір айта кететін жай Келінтөбе, Түгіскен совхоздары Әбдіғаппар Нұртазаев басқарып тұрған жылдары Талап совхозынан бөлініп шыққан.
1966 жылы Задария совхозы ұйымдастырылғанда оның директоры болып Әбекең тағайындалып, құла түзде шаруашылықты өз қолымен құрады. Ашаршылық және тәркілеу жылдары Өзбекстан мен Тәжікстанға еріксіз қоныс аударған ағайындардан 500 отбасын көшіріп алып келіп, кішігірім «Қыркеңсені» үлкен кентке айналдырады. Бұл айтуға ғана оңай, жазуға ғана жеңіл. Шындап келгенде, әрбір үйді, мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік, денсаулық ғимараттарын салу қаржысын, құрылыс материалдарын, жұмыс күшін ғана емес, ең бастысы, үлкен ұйымдастырушылық қасиетті қажет етті.
Әбдіғаппар ағамыз осы жолда аянған жоқ, ешнәрседен де тайынбады. Сондай жанқияр еңбектің арқасында күріштен мол өнім де болды, адамдардың жағдайы да жақсарды.
1967 жылы Задария совхозы, жоғарыда тілге тиек еткенімдей, жоспардағы 34000 центнердің орнына 90000 центнер күріш өткізіп, тапсырманы 3 еседей артығымен орындады. Әр гектардан 48 центнерден орташа өнім алынды.
Шаруашылық 3 жыл қатарынан мол өнім жинап, облыстың алдыңғы қатарында болды. Әбекеңнің алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайтпас қайсарлығының арқасында Задария совхозы «Главриссовхозстрой» басқармасының құрамына алынды. Шаруашылықтың бас жобасына 1 Май бөлімшесін қоса кіргізіп, кентке айналдырды.
Айырықша бөліп айтатын жай Әбдіғаппар Нұртазаевтың қоғамшылдығы, мемлекетшілдігі, ұлтжандылығы және адамдарға деген қамқорлығы еді. Совхоз директоры кезінде, тіпті бас агроном болып жүріп Бірлік совхозы директорының міндетін атқарған шағында да Әбдіғаппар Нұртазаев көп адамға жол сілтеген, көмектескен. Талапты жастарға институтқа оқуға жолдама берген. Тіпті оларға моральдық қана емес, қаржы, материалдық жағынан да көмектескен.
Кезінде ізбасарлары мен шәкірттерінен «Нұртазаев мектебі» қалыптасты, демек ол кісінің еңбегі біз білетіннен бес-он есе көп. Ең бастысы, ол кісінің ойлау жүйесінің тереңдігінде, пайымының кеңдігінде, ақыл-парасатының молдығында.
Адамның бағасын беретін қызметі емес, қайта сол қызметтің беделін арттыратын аты үлкен әріппен жазылатын сол адамның өзі. Әбдіғаппар Нұртазаев 1977-1979 жылдары «Бесарық» су қоймасының бастығы болды. 1979 жылы «Казсельхозтехника» мекемесінен бөлініп шығып, шаруашылықтарды минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін «Сельхозхимия» мекемесі ашылды. Жаңа істі бастауға ұйымдастыру қасиеті мол, іскер ғана емес, қажыр-қайратты адам керек болды. Таңдау тағы да Нұртазаевқа түсті. Ол өзінің табиғи әдетінше жаңа іске жан-тәнімен кірісті. Мекеменің базасын соқты, шаруашылықтарда дәрі шашатын ұшаққа арнап арнайы қону алаңдарын салдырды. Не керек, егісті тыңайтқышпен қамтамасыз етуде мәселенің бәрі шешілді.
Ағамызбен шаруашылықта аға агроном болып жүрген кезінде де бірнеше рет кездескен едім, бір қызығы, соның бәрі егіс басында болыпты. Директор Нұртазаев пен агроном Нұртазаевта еш айырмашылық жоқ. Сол іскер, талапшыл, мемлекетшіл қалпы, сонда барып мен ағаның тектілігінің негізінде қарапайымдылық жатқанын түсіндім. Даналық дегеніміздің өзі – сол қазақы қарапайымдылық.
Ол қай жерде де таза, адал, бар күшімен жұмыс істеді. Соны көрген адамдардың оған деген құрметі ешқашан кеміген жоқ, қайта арта түсті. Талант деген ескі Рим сөзі, оның дәл аудармасы «мың жыл су астында жатса да тат баспайды» дегенге келеді. Уақыт өткен сайын Әбекеңдей алтын адамның аты жаңғыра түседі. Ол кезінде «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Жоғарыда айтылған «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген агрономы» атағы бар. Ал ең бастысы, оның бүкіл саналы ғұмырын арнаған еңбегінің өз жемісін беруінде. Қазақстанның өткен ғасырдың екінші жартысында керемет өсіп-өркендеуінде қоғам, мемлекет қайраткерлерінің үлкен үлесі бар десек, содан Әбекеңнің де еңбегін көреміз.
Ойшыл адам өткінші саясатқа емес, парасатқа жүгінеді, іргелі баянды ұғыммен өмір сүреді, оның өресі басқаның ой-өрісінен биік.
Жұбайы Ұлташ Махамбетқызы екеуі 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді, балалары да әке жолын жалғастырып, қатарының алды болды, енді немерелері үлкен биіктен көрінуде. Бұл – адамның бақыты, қоғамның болашағы. Пәлсапашыл қазақ «Ақырын берсін», «Арты жақсы болсын» дейді. Әбекең басқалардан көп білді, көп жұмыс істеді, бұл – бір жағынан ерекшелік, екіншіден, тағдыр. Кезінде бәрі оп-оңай болмады, күресуге тура келді. Күшін сарқа жұмыс істеді, күшін сарқа өмір сүрді. Ештеңеден қаймықпады, қызылға қызықпады. Сондықтан да оның аты тарихта алтын әріппен жазылды.
Қазір сыртқа көп шыға бермегенмен, туып-өскен, қызмет еткен жерлерден хабар алып тұрамын. Биыл Әбдіғаппар Нұртазаевтың туғанына 90 жыл толады, осыған орай көп жұмыс жасалып жатқанын байқадым. Қазір бұрынғы Задария совхозының орталығы «Әбдіғаппар ауылы» деп аталады және осындағы орта мектепте алғашқы директордың музейі бар. Иә, жақсының аты ғана емес, өзі де өлмейді.
Сәмит ДАЛДАБАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш аудандарының
«Құрметті азаматы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<