Бабалар  рухына жүгіну

1704

0

Арал теңізінің жағалауында орналасқан Ақбасты елді мекенінің маңынан ХVІІІ ғасырда ғұмыр кешкен атақты батыр, би, кіші жүз Әлім, Төртқараның Сексені Кенжесұлы Тұғыр бабамыздың балаларымен бірге жатқан қорымы табылды. Бабаның бүгінгі ұрпақтары қасиетті мекенді қоршап, басына кесене тұрғызып, ұрпаққа ұлағатты, сауапты іс жасады.

ТҰҒЫРТӨБЕ

Сартабан боп сан ғасырдың іздері,

Тіршіліктің өткен талай жолдары.

Дерегіңді сан тараптан іздедім,

Қыдыр баба қолдады.

Келіп тұрмын киелі бұл мекенге,

«Сайы, – депті ел, – Тұғырдың».

Зиратыңда  ұрпақтарың көтерген,

Кесенең тұр!

                      Қасиетіңді ұғындым.

Аруақтардың топырағын киелі,

Басып тұрып, көкжиекке қарадым.

Алланы кім сүйсе, Алла да сүйеді,

Пендем деген адамын.

Тұғыр баба – Қарамашақ Әлімнен,

Жаншүкір боп…

                Торым болып тараған.

Шежіремді тәпсірлеймін тағы мен,

Сан ғасырға сәуле салып санадан.

Көкірегінен қоңыр үйрек ұшқан топ,

Кенжес бабам Қыдыр көрген үш мәрте.

Сол бабадан  Тұғыр батыр көшелі,

Дуалы ауыз абыз бопты деседі.

Мұнар тарих соқпағында адасып,

Қате бассам, қасиетіңмен демегін!

О, киелім, кесенең тұр  жарасып,

Жыр ғып шертіп, әулеттің бұл дерегін.

Арпалысып, өткен талан-тағдырмен,

Көп жүрдім бе, келер жолды таба алмай.

Мәңгүрт болып кете жаздап қалдым мен,

Бабаға арнап жыр шырағын жаға алмай.

Тұғыр ата, тұрағыңда мәңгілік,

Ата жұрттың  мекенінде киелі.

Кесенең тұр арты – тарих, алды – үміт,

Үрім-бұтақ өткенге бас иеді.

Жаңа ғасыр шапағымен түрлендің,

Тарихымның ашып бетін көне бір.

Әулиелер мекеніндей бұл жердің,

Топырағына тәу етуге келер ұл.

Келіп саған, өткенді еске ап күрсінер,

Келіп сенен қуат алып, сілкінер.

Тұғыртөбе, Тұғыр атам жатқан жер,

Тұғырым боп тұрғандайсың ту тігер!

ТӘУБА

Ерек төбе қырқарланып тұр биік,

Көкке ұмтылып, тәу еткендей Тәңірге.

Дүниядан бір сиқырлы нұр жиып,

Себезгілеп бабам жатқан қабірге.

Ұққан жанға тегін төбе емес бұл,

Ордаланып жатқан оба-обалар.

Түмен тарих түкпірінен көмескі,

Сыр тартқандай сан тараулы жорамал.

Жақпар тастар – баба үйінің ауқымын,

Қорғап жатқан сан ықылым заманнан.

Тарам-тарам ойларымның тамтығын,

Тамызықтап тартады кеп тағы алдан.

Тізе бүктім, би-исмила Алла деп,

«О, Тәңірім, тәубә, – дедім, – бұған да!»

Күн туғаны өзіңе деп арнап кеп,

Дұға оқитын, көңіл беріп Құранға.

Ата-бабам жатқан мынау шығанда.

О, киелім, тізе бүктім алдыңда,

«Лә Иллаһа илә Алла», – деп күбірлеп.

Нығметі болар Алла-Жардың да

Нәсіп еткен күндердің бұл күнінде.

Сонау жақтан етегіңді аймақтап,

Көлбеңдейді көкорайлы сай құлап.

Батыр баба, сол бір көркем сай жақтан,

Елеңдейді тағы бір ой айқұлақ.

Егеленіп, елдік құрып, еншілеп,

Орын тепкен сенің құтты күлдігің.

Осы өңірдің тау-тасымен қоңсы боп,

Осы аспанның ашып-жауып түндігін.

Тірлік кешіп өткен сол бір заманаң,

Қыр астынан күмбірлейтін тәрізді.

Ұрпағыңа тү-у алыстан қараған,

Ықыласыңды білдім  дейтін тәрізді.

Жарандарым, жар басында жалпыңа,

Тілектес боп жаттым дейтін сияқты.

Тіршіліктің қаратпаған артыңа,

Байырқасын бақтым дейтін сияқты.

Ата жұрттың – Ақбастының  төрінде,

Өздеріңді күттім дейтін сияқты.

Енді бүгін медет қылып көңілге,

Іззетіңді ұқтым дейтін сияқты.

Лә Иллаһа илаллаһ!

КӨКШЕ ТЕҢІЗ

Баба, мынау нұрлы әлемді сен де өткен,

Тұғыртөбе биігінен шолсам бұл.

Таңдап алған сияқтысың жер-көктен,

Дүниенің төріндей ғып аңсаулы.

Назар салып, мынау жатқан сай жаққа,

Құмбыл көңіл көне жұртты көрсе игі.

Анадайдан айналаңды аймақтап,

Көкше теңіз көк, жасыл боп көлкиді.

Көкше теңіз! Тау толқыны аспандап,

Бабалардың тербетті ме қиялын.

Тіршілік бұл – толқын қуған қасқалдақ,

Бүгін мынау қанағат қып қияғын.

Кіші теңіз… дейміз, қалған Ұлыдан,

Түмен жұрттың көз қуаныш тамшысы.

Біздің көңіл осыған да жылыған,

Тақ түскендей асығының алшысы.

Сен көргенде қандай-ды бұл «жырашық»,

Салқар суы шалқыды ма шығанға?

Бұл күндерде тағдырмен тұр сынасып,

Көкше теңіз – тұмар болған Тұранға!

Теңіз десем, түмен сезім дүр ойнап,

Толқын-толқын ойларыма қамалдым.

Ұшандағы үрейлерім былай қап,

Қиырына қиял салдым Аралдың.

Буырқанған мейірімін төгіп тым,

Бала кезден бауыр басқан көріктім.

О, көк теңіз! Бабамның да мұратын,

Сен тербеткен екенсің ғой деп ұқтым.

Теңіз, теңіз! Қайран теңіз, мына мен,

Айдыныма аруағыңды ап шығар ем.

Музам болып, күмбірлетіп кеудемді,

Санамда сен ұрандатып тұрар ең…

Қиыр асып, қиян қонып, қиялмен,

Дария боп арнаңа кеп құяр ма ем.

Тұғыр баба тұқымымен жатқан жер,

Көшірсем кеп, көкірегіме сыяр ма ең…

Сағынышты сазы болар бұл да бір,

Баба, сені көп іздеген ұлыңның.

Кеудемде бір көтеріліп жыр-дауыл,

Тағы да кеп, құдыретіңе жүгіндім.

Қарғадайын бала кезден желігіп,

Жаныма кеп жарқын-жарқын толып ән.

Теңіз үнін тыңдаушы едім елігіп,

Сенің даусың шығар бәлкім, сол ұран…

Тұғыр баба, жаным жырға құмар, шын,

Теңіздейін толқысам ғой қаһарлы.

Бәлкім, бір кез сен жырлаған шығарсың,

Бүгін мынау мен сап жүрген мақамды…

ҚҰЛПЫТАСТАР

Қайран мекен, ата-бабам орыны,

Саф ауаңды құштарлана жұтамын.

Қайран ата-бабалардың қорымы,

Қоршап жатқан  қара жердің тұтамын.

Қанша заман дерегіңнен жаңылып,

Есеңгіреп естеліктің сиқынан.

Жер қадірін, ел қадірін жаңа ұғып,

Енді ес жиып тұрғандаймын ұйқыдан.

Бейіт сырын, қорым сырын ұқпадым,

Өткен жанға белгі  ғой деп білсем де.

Күлтегін мен Тоныкөктің ықпалын,

Құлпытасқа қарап танып жүрсем де.

Құлпы қойып, көктас ойып бәдізбен,

Аспан-Жердің арасында күн кешіп.

Желдей болып көшкен тарих аңызбен,

Тұрмыз бүгін тірі адамдай тілдесіп.

Тіршілікте көп нәрседен түңілдім,

Қателестім, бәлкім, қанша от бастым.

Әр харпіне аялаумен үңілдім,

Қадірін де енді ұққандай көктастың.

Пәниліктің сансыз күйі сыңсыған,

Көшіп-қонып өтер тарих ғұмыр бұл.

Кездеріңде  ертең тірлік тыншыған,

Уақыт бәрін  перделейді бұлыңғыр.

Деп тұрғандай бұл даланың сабағы,

Ұға білсең, өмір деген деп осы.

Әр пенденің жабылады жанары,

Ашылады деп есігің келесі.

Тек артыңда Жерің қалар мәңгілік,

Жоғалмайтын дүниенің жұрнағы.

Жұтпасаң да сиқырымен таң қылып,

Жусан иісі әлемді алып тұрғаны.

Көкіректе қалар мәңгі өзіңмен,

Тербеп сені Дала аталған бұл бесік.

Міне, солай кезіңде де көз ілген,

Туған жермен жатардайсың тілдесіп.

Шіркін өмір, бабалардан жалғасқан,

Керемет ең, неткен, шіркін, тәтті едің!

Құлпытастар тарихтың алмасқан,

Парақтап тұр қашалған тас дәптерін.

Осы ойлармен қаузап келем дерегін,

Шіркін, мынау ата-баба жұртының.

Көктей өткен сан ғасырдың бедерін,

Қасиетін тастан құйған құлпының.

Иә, кеудемде бір сезім бар түлеген,

Аршып айтар көңілдің көп даттарын.

Сен болмасаң, қайдан ғана білер ем,

Мынау тұста Тұғыр бабам жатқанын.

Көне тарих сенің ғана есіңде,

Нені қосып, нені аламын түзетіп.

Құлпытастар, үнсіз дала төсінде,

Тұрдыңдар-ау, баба аруағын  күзетіп.

БАБА БЕЙНЕСІ

Пенде басы – добы,  – дейді,  – Алланың,

Күмән айтып, күпір болар жоқ жайым.

Көтере алман ауыр сөздің салмағын,

Асылыққа бармайын.

Бас дегенің бейнесі ғой Ғаламның,

Домаланған қауақ емес бас деген.

Маңдайында тағдыры тұр адамның,

Бірге біткен баспенен.

Адам – Ғалам бас арқылы байланып,

Тіршілігін кешеді екен бұйырған.

Дүниенің өзегінде айналып,

Бір Жаратқан қисын жасап қиыннан.

Пешене деп құпиялап, нықтады,

Маңдайдағы жазуыңды көрешек.

Пенделікпен көп нәрсені ұқпадық,

Өзгермейтін көрінеді ол есеп.

Бейнең де тұр бедерінде басыңның,

Бейнесізден, бедерсізден сақтағай.

О, Тәңірім, хан Кенедей асылдың,

Қайран басын күте алмадық, масқара-ай! 

Басында ердің атағы да, аты да,

Басыңда бар тірліктегі арманды ой.

Дұшпандары хас батырдың қапыда,

Басын шауып алған ғой.

Махамбеттер, марқасқалар, марайма,

Хан-сұлтанның қабағына қарай ма!

Әлгі есерсоқ қапияда келді де,

Қайсар басты шауып алды, алайда.

Қайран бабам, батыр бабам, би бабам,

Болашаққа, бізге тірлік  сыйлаған.

Елестете алмай сенің бейнеңді,

Тұман ойдың тұтқынында қиналам.

Мен білгенде, дидарыңда сенің бұл,

Қайраттың тас қайрағы бар деуші едім.

Нұрлы ақылдың қайнары бар деуші едім,

Қас дұшпанға қабыландай атылар,

Асаулықтың айбары бар деуші едім.

Қайран басың қарқаралы, қабақты,

Қыр мұрынды, от жанарлы деуші едім.

Өткір жүзі өткізбес жау жарақты,

Мысы мықты, оқ қағарлы деуші едім.

Сөзбен өзім салып алған бейнеңді,

Көзбен өзім тауып алған бейнеңді.

Ойлап-ойлап, ойып алған бейнеңді,

Көз алдыма келтірем де, о, баба!

Жабырқаумен отырамын кейде енді.

Шанжархан Бекмағамбетов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<