«Қайырбек аға! Айып етпеңіз, сізге арнайы хат жазуға тура келді. Мен әкеден жас қалдым. Әкем ізін басар бір еркек кіндікті армандады. Менің атымды ырым етіп атам Ұлдана қойса керек. Колхозда бригадир, одан соң колхоз төрағасы болғанын білесіз. Елді еңбекке шақырып, сол кездегі Сталин атындағы колхозды биікке көтерген, жеңісті жақындатуға көп күш жұмсаған еді.
Әкем Қайназар Темірбаев сұрапыл соғыс кезінде колхозды басқарып, елдің қиындықтан шығуына еңбек сіңіргені ақиқат. Оның еңбегі ескерілмей ұмыт қалуға айналды. Ауылдан бір көшеге есімі берілсе деймін. Әкем жайында әңгіме айтар көзкөргендер азайды. Сіз отырған жерде әкем туралы жиі әңгіме қозғайсыз. Сол сәтте көзіме жас талай төгілді. Сол бір әңгімеңіздің тиегін тағы бір ағытсаңыз. Бар өтінішім – осы» деп хат жолдапты.
Ұлдананың хатын алып, өткеннің естеліктерін тағы бір еске түсірдік. Рас, ол кісінің көзін көрдім, қолына су құйдым. Атасы Темірбай, әжесі Айымкүл, анасы Балапанмен іргелес, қоныстас отырдық. Ауыл аралас, қой қоралас болды. Ата-аналарымыз сырлас еді.
Біздің ауыл о кезде Сталин атындағы колхоз деп аталатын. Колхозды соғыс кезінде қала іргесіндегі Абай ауылының тумасы Әукен Байжанов басқарды. Кейін ол кісі қызмет ауыстырып, туған ауылына қоныс аударды.
Әлі есімде, 1942 жылдың қыркүйек айында ауыл тұсындағы «Аманәжі» деген жерге 23 үй көшіп келді. Байқаймыз, олар Жезқазған жақтан қоныс аударған. Келген бойда ескі қыстауларды жөндеп, топтарын жазбай жайғаса бастады. Орталарында көш бастап келген Беген, Шортанбай, Көшекбай, Кәкімжан, Әкімжандар болды. Ауылға келе олар шаруашылыққа араласып, егін екті, мал өсірді. Хамитбек аға мектепке мұғалім, Рақымбек есепші болды. Ал Қайназар бірден колхоздың бір бригадасына жетекшілік жасап, жұмысты ә дегеннен дөңгелентіп әкетті. Алғашқы жылы бригада ауылдан 40 шақырым жердегі «Қырық жігіт» деген жерге 20 гектар бидай егіп, сол жылы өнім молайып, ауылдың аузы аққа тиді. Тары, жүгері егуге бетбұрыс басталды. Бригадир Қайназардың даңқы асқақтап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бас қолбасшыдан марапат, алғыс хаттар алды. Көшпелі ту бригада қырманында желбіреді.
Бригадирлікті үш жыл атқарған Қайназар Темірбаев колхоз төрағасына ұсынылды. Сонымен, Сталин атындағы колхозды ұзақ жыл басқарды. Қой саны 13 мыңға, ірі қара үш мыңға, егіс көлемі 400 гектарға ұлғайды. Жәркен Ысмайханов, Нұрбай Рзаевтардың мал басын өсірудегі еңбектері насихаттала бастады. Астықты арбамен тасыған Әдікен, Шәріпбай, колхоз ұсталары Әбді, Қожағұл, Тілеу, Жағыпар еңбектің тамаша үлгісін көрсетті. Бұлардың еңбегін Қайназар аға жоғары бағалап, көпке үлгі етумен болды.
Колхоз төрағасы «Сарысуға» қой көшіру кезінде өзі бас болып, шопандармен қойын-қолтық бірге жүрді. Жағдайларын жасады.
Бірде қатты жауын болып, шопандар жайылымға жете алмай жолда тұрақтап, апталап жатып қалды. Қайназар аға суық тиіп, сырқаттанды. Сол сырқаттан айықпады, ұйқысыздыққа тап болды. Емші-дәрігерлердің есігін тоздырды. Ақыры дауасыз дерт жеңді. Колхозды ұзақ жыл басқарған Қайназар аға бар-жоғы 54 жасында бақи дүниеге аттанғаны есімде. Бүкіл ауыл аяғынан тік тұрып, мәңгілік сапарға аттандырғаны, сол бір сәтте Сражаддин, Әжмағанбет, Бәлке, Қилыбай, Хамитбек, Рақымбек ағалар егіле сөз сөйлеген еді.
Қайназар аға дүниеден өткен соң колхоз тізгінін Нұрыш Жұдабаев ұстады. Ауылдың тынысы кеңейді. Кейін ағалар салған жолды Ибрагим, Нартай, Жұмабайлар одан әрі биікке көтеріп, миллион пұт астық өндіретін, іргелі Жамбыл кеңшарына айналды. Қазір «Қоғалы» атанды.
Елдің біртуар перзенті Қайназар Темірбаев есімін есте сақтау, ардагер азаматқа лайықты құрмет қажеті ақиқат. Қазіргі «Қоғалы» ауылының әкімдігі ұйтқы болып, бір көшеге есімі беріліп жатса, қанекей! Енді осы үмітті күтейік, Ұлдана!
Сенің жазған хатыңа байланысты аз-кем сыр ағыттым. Аға жайында айтылар әңгіме алда. Бүгінгі әңгімеде көп жайлардың тиегі ағытылмай қалды. Неге? Өйткені, сенің әкең жайында, інісі Тамабек, сені тәрбиелеген зайыбы Зәуре жайында, апаң Ақмарал жайында кейін тағы да сөз қозғармын, айналайын Ұлдана.
Ағаңның бүгінгі бір үзік сырына, есімде қалған сәттерге риза болғайсың.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
ардагер-журналист.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<