Бай мен Бажақ батыр

1654

0

Бұл әңгімені Қазалы ауданының құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Нұрсұлтан Мұратбаев ағамыздан естіген едім. Жинақы тұлғасы, кескін-келбеті, білік-парасатына қарап туыстары арасында «генерал» атанып кеткен Нұрекеңді шынымен де әскери қызметте болған шығар деп ойлап қалуың ғажап емес. Сонымен…

Бірде әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы бабамыз жанына жақын серіктерін, қол бастаған батырларды ертіп ұзақ жолға шығады. Сол топтың арасында Жәкеңнің жақын туысы, ерлігімен көпшілікке жақсы мәлім Бажақ батыр да бар екен. Жанқожа бабамызбен бірге сан мәрте жау шебін бұзған Бажақ батыр шақтас тұлғалы, сырткөзге аса ерекшелігі байқалмайтын адам болыпты. Ұзақ жол жүрген жолаушылар үлкен көлдің жанында жайлауда отырған атақты байдың үйіне аялдапты. Әлгі байдың малының көптігі соншалықты, үйір-үйір жылқысы теңіздей тасыған көлдің жағасына зорға сыятынға ұқсайды. Сыр бойынан атақты Жанқожа батыр келгенін білген бай ту бие сойдырып, қонақтарына дастархан жайдырады. Алайда, төрт түлігі ен далада шалқып жатқан байдың көңілінде дүниесіне мастанған ірілік те қылаң береді. Қымыз ішіп отырып дәулетіне есірген бай батырға қарап:

– Жәке, жаныңдағы серіктеріңнің бәрі шетінен батыр ма? – деген құйтырқы сұрақ қояды.

Байдың не айтқысы келгенін алдын-ала сезген ол:

– Иә, бәрі батыр! – деп іркілмей жауап қайтарады.

Бай қолымен Бажақ батырды көрсетіп:

– Мына кісі де батыр ма? – депті менсінбеген кейіпте.

Жанқожа батыр болса:

– Батырдың үлкені – осы, – дейді қатулы үнмен.

Бай қарүйдің ішін басына көтере қарқылдай күліпті. Сол сәтте даладан шыңғырған адамдардың дауысы, кісінеген жылқы үні естіліп, төңірек азан-қазан болыпты. Киіз үйдің есігі көлге қарама қарсы орналасқан екен. Ашық есіктен қақ жарылған ну пішеннің ішінен екі көзі отша жанған алып жолбарыстың киіз үйге қарай беттегенін отырғандардың көзі шалыпты. Бұл көріністен маңайдағы қалың жылқы үркіп, адамдар шығынып, безіп кетіпті. Жанқожа батыр бастаған қонақтар дастархан басында қымыз ішіп, тапжылмастан отыра беріпті. Ал, үй иесі бай керегеге бірнеше қабат қылып ілінген кілемнің арасына зып беріп еніп кетіпті. Жолбарыс болса киіз үйдің есігінің алдына келіп, құйрығымен екі бүйірін сабалап, күндей күркіреп айбат шегіпті. Осы мезетте үйдің ішіндегі шыбынның ызыңы естілетін үнсіздікті бұзған Жанқожа баба:

– Бажақ, мынаны мекеніне қайтар. Жұрттың мазасын алмасын. Қайтар мекеніне, – депті сабырлы үнмен.

Бажақ батыр таудай жолбарыстың жанына барып:

– Қайт жануар, қайт. Елдің мазасын алма! Қайт мекеніңе. – деп жалынан сипапты. Қаһарынан қара жер теңселердей болған жолбарыс гүр-гүр етіп сәл тұрыпты да, маң-маң басып ну пішеннің ішіне кіріп, ғайып болыпты.

Мұнан соң, Жанқожа баба бастаған қонақтар зәресі ұшып талып қалған үй иесінің есін жиғызып алыпты. Мейманасы тасыған байдың қорқыныштан тілі байланып қалған екен. Көп ұзамай қонақтар қайтадан жолға шығыпты.

Нұрсұлтан ағамнан естіген әңгіме осылай түйінделеді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<