Бақыттың кілті – сыйластықта

1722

0

Қоғалыкөлдік Бақтияр Оспанов осыдан отыз бес жылдай бұрын Ресейден екі «диплом» алып келді. Бірі – оқу орнынан, бірі – тағдырдың сыйы, адал жары Елена  Алексеевна. Алғашқыда ата-анасы қазақтың қарадомалағының сары қызбен бас қосқанын қаламаса керек. Қабылдай алмай ұзақ жүрді. Бірақ Елена елгезектігімен қату қабақ танытқан ананың да жүрегіне жол тауып, бақытты отбасының ақ жаулықты анасына айналды. Бүгінде шаңырақта Алмас есімді азамат пен бірнеше қызды тґрбиелеп, үлкендерін үзатып та үлгерді.

– Бақыттың кілтін табу соншалықты қиын емес. Бір-бірімен табысқан екі жанның арасында сыйластық болса, ешбір келіс­пеу­шілік болмайды. Аллаға шүкір, ұл-қыз өсірдік. Үлкендеріміз батасын берді. Лена асыл дінімізді қабылдады. Ұлттық салт-дәс­түрімізді көп адамнан артық білмесе, кем түспейді, – дейді Бақтияр Мүтәнұлы.

Лена жеңгей ауылдағы кейбір қайныларына еркелетіп те ат қойып алған. Үлкендерге иіліп сәлем беріп, жолынан жығылмайтын жанның келіндері алдын кесе өткен емес. Қазақы жөн-жоралғылардан да қалыс қалып жатқан жоқ. Шаңыраққа келін болғалы туған жеріне төркіндеп барып көрмепті. Қазір заманауи технология арқылы бейнеқоңыраумен сөйлескені болмаса, ауылына ат ізін салмаған.

– Әрине, бауырларымды,  туған жерімді сағындым. Отыз жылдан бері талай нәрсе өзгерген шығар. Телефон арқылы тілдесіп тұрамыз. Бұл менің туғандарымнан безінгенім емес, осында келген соң тастай батып, судай сіңгенім. Осында күйеуімнің құрдастарының бірі «мұнда ­дос-жараның көп қой. Туысқаның жоқ. Мен осындағы ағаң болайын, бұдан кейін руың – найман» деп әзілдегені де бар. Сондай жылылық сездім, – дейді ол.

Отбасының бірлігі мен берекесін үйлестірген жанның перзенттеріне берер тәрбиесі де мол. Өйткені, Бақтияр ағамыздың сөзін айтқызбай ұғатын жан шаңырақта ер азаматтың рөлі мен маңызы туралы жете түсінген. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет қылудан жаңылмайтын балалары да осының айғағы болса керек.

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<