Барлаушы офицер

1040

0

Мәскеу қаласындағы мем­лекеттік мұрағаттағы бұл кі­сінің ерлік жолы туралы құ­жаттарды оқып, ержүректігі мен батырлығына тәнті бола­сың. Ауыл баласының ұлы Отан соғысы кезінде аға лей­тенант дәрежесінде болуы оңай шаруа емес-ті. Ендеше оның өмір жолын басынан бастайын. 

Қиын-қыстау дүрбелеңге то­лы қысылтаяң шақта дүниеге келген Махметханның балалық шағы жіптіктей болды деп айта алмаймыз. Қиыншылықты жас­тайынан басынан өткізгендігі оның қанатының ерте қатайып, ерте есеюіне тура келді. Оқуға құштарлығы мол ол 1938 жылы Ақарық ауылындағы жетіжыл­дық мектепті бітіреді. Одан кейін сол жылы Қызылорда қа­ласындағы педагогикалық училищеге түсіп, бітіргеннен кейін 1942 жылдың тамыз айында он тоғыз жасында со­ғысқа аттанады. Сауатты жі­гітті барлаушылар курсынан өткізіп, кіші лейтенант шенін береді. Содан кейінгі 1942 жылдан 1945 жылдың жеңіс күніне дейінгі барлық өмір жолы соғыстың от-жалын шар­пыған бел ортасында өтеді. Төрт рет ауыр жарақат алып гос­питальға түседі. Жазылып шығып, соғысқа қайтадан қа­тысады. 

Қолдағы құжаттарда Ұлы Отан соғысы кезіндегі Жо­ғар­ғы Бас қолбасшының бұй­рық­тары мен шешімдері көр­се­тілген. Кіші лейтенант, жау­ынгер барлаушы Махмет­хан Әбішевтің кеудесін оққа тосып, жаудың жойқын сұра­пыл соғысына беріспей қарсы тұрып, өліммен бетпе-бет кел­гені баяндалған. Отан үшін от кешіп, батылдық пен тапқырлықтың үлгісін қан май­данда талай рет көрсеткен. Нағыз батырға тән ерлік жасап көзге түскендігін, командир­лер­дің үнемі алғысын алып, абыройға бөленгендігін, Ота­нын қорғаудағы ерлігі мемле­кет тарапынан үнемі бағасын алғанын көреміз.  

Ол Белору­ссияны, Латвия мен Литваны, Украинаны, Поль­шаны азат етуге, Берлинді алуға қатысып, өзінің әскери боры­шын адал атқарған май­дангер болды. Оның ерлік жолын жіктеп ай­татын болсақ, 1943 жылдың шілде айында Белоруссияның орталығы – Минс­кіні азат ету­ге қатысады. Осы жылдың қыр­күйек айында советтік Ук­раинаны гитлершіл басқыншы­лардан азат ету үшін төрт май­данның әскерлері оның ішін­де Днепрді кешіп өтіп, де­гендеріне жеткен кезде сол майдангерлердің арасында Мах­метхан ағамыз да болған-ды. 1944 жылы Польшаның орталығы – Варшаваны жау қолынан құтқаруға қатысып, ерлік ісі үшін кеудесіне «За освобождение Варшавы» меда­лі тағылады. 

1945 жылдың мамыр айын­да болған Берлинді алу жо­лын­дағы қанды соғыстың же­ңіспен аяқталуына қатысқан Махметхан 1946 жылы кеу­десінде «Красная звезда», «Оте­чественная война второй степени» ордендері мен «За освобождение Варшавы» және «За победу над Германией» медальдарымен елге аға лей­тенант болып оралады. 

Осы тұста тарихтан дерек­тер келтірсек. Мұны да бі­ліп қойғанның зияны бола қой­мас. Бұл алапат басқын­шы­лық соғысқа кең-байтақ Қа­зақстаннан 1 млн 366 мың адам қатысып, оның 410 мыңнан астамы соғыс даласында қа­за тапқан. Сыр жерінен 70 мың­нан астам адам Отан қорғауға қатысып, 30 мыңнан астам адам елге оралмаған. Ал, Жа­лағаш ауданынан бұл қанды қырғынға 3 мыңдай адам аттан­ған. Одан 694-і ғана елге аман-есен оралған. Солардың бірі майдангер офицер М.Әбішев болатын.

1946 жылы туған жері Ақ­арық ауылына келгенде бұл аймақта «Ақарық», «Көкпая» Ворошилов атындағы майда колхоздар бар-ды. Соғыстың зардабынан ауылдың әлпеті де, тіршілігі де мардымсыз, халықтың тұрмыс жағдайы да жықпа-жығылма күйде. Көп үйлер қара жамылған, енді бір үйлер «аман-сау келіп қалар» деген ойдың жетегінде сияқты. Колхозшылардың қатары жасы келген ерлер мен бала-шағалы әйелдер болып қалыпты. Ауыл мектебінде білімі бар мұғалім жоқтың қасы. Мұны көрген Махметхан аға жұмысты өзі­нің мамандығы бойынша ауыл­­дағы №124 орта мектепте ұстаз­дық­тан бастайды. Арада жыл өт­пей, үш майда колхоз 1947 жылы біріктіріліп, «Ақарық» колхозы атануына байланысты оны колхозға председатель етіп сайлады.  

Жердің, судың, халықтың жағдайын жақсы білетін Мах­метхан ағамыз жұмысты көзін тауып, ұйымдастыруының ар­қасында колхозшыларды ең­бекке жұмылдыра білді. Ол кезде техника деген атауымен жоқ. Жерді жерағашты сиырға жегіп, ат соқамен жыртатын. Солай болды да. Қолда бар мүмкіндікті барынша тиімді, асқан іскерлікпен, ұтымды пайдаланудың арқасында та­лап­қа сай күріш, бау-бақша егілді, қанағаттанарлық дәре­жеде өнім де алынды. Кол­хоз­шылардың тұрмыстық жағ­дай­лары да көтеріле бастайды. 

Осы тұста колхоз тарихына қысқаша шолу жасайтын бол­сақ. Ақарықтың колхоз болып ұйымдасудан совхоз болып қалыптасып құрылғанға дейін­гі аралықта Махметхан Әбі­шевтің басшы ретіндегі қосқан үлесі айтарлықтай болғандығы әліге дейін елдің есінде. Кө­некөз қариялардың айтуына қарағанда, алғашқы майда кол­хоздар біріктірілгенде ауылда 181 үй, 1200-ге жуық халық, 201 жұмыс қолы, соншама кол­хоз­шы болыпты. 

Адам мүмкіндігі бойынша бойындағы барлық қуатын өзі­не жүктелген қызметте жауап­кершілікпен абыройлы атқа­руға жұмсайды. Осы қағи­даны берік ұстаған колхоз төр­ағасы халықпен байланы­сын ешқашан үзбеген. Ол «Жал­ғыздың үні шықпас, ме­нің бір өзімнің қолымнан не келеді?» дейді екен. Халықтың қолдауымен асарлатып, үлкен клуб, колхоз кеңсесін, дүкен, астық сақтайтын үлкен қойма салдыртыпты. 

Өмір деген қызық қой, жұ­мыс жайында кейде жақын-жуық туыстармен ренжісіп қа­латын жағдайлар да болады. Ал, колхоз басшысының бір ерек­шелігі сол, ешкімді бөліп жар­майтын, барлық колхоз­шы­ларды бірдей көретін. Содан болар, Мәкеңнің тапсырмасы десе, екі айтқызбай-ақ орын­дайды екен. 

Колхоз басшылығынан кейін 1961-1967 жылдары «Ала­месек» ауылдық советінің пред­седателі, 1967-1969 жыл­да­ры Ақарық совхозы дирек­то­рының орынбасары қыз­метін абыроймен атқарып, ең­бек демалысына шығады. 

Жоғарыда аталған қызметті атқарған кезде «Аламесек» ауыл­дық және Жалағаш аудан­дық советіне депутат болып сайланады. 1966 жылы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің «Құр­мет грамотасымен» марапат­талады. 

Қай салада еңбек етсе де, өзінен кейінгілер айтып жү­ретіндей із қалдырған ағаның ауылының экономикасы мен мәдениетін көтерудегі жар­қын істері – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жалпы рухани тәрбие, тұрмыстық-туыстық қатынастар ауыл адамдарының арасында, күнделікті өмірде көзге көрінбей жүріп жатады. «Адамның күні адаммен» деген ұғым осыдан бастау алса керек. Өмір бойы еңбек еткен адам өзінің бойындағы барлық күш-қуатын, сол қолға алған жұмысына жұмсайды. Соны нәтижелі етуді ойынан шығармайды, еңбекке үйреніп алған адам тыныш отыра алмайды. Өйткені еңбек – қолдаушысы, қорғаушысы. Жал­пы адам – өз өмірінің су­ретшісі деген теңеу осын­дайда айтылса керек-ті. 

Оны білетін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ор­денінің иегері Сырдария ауда­нының ардагер азаматы Ширек Ысқақов:

– Халықтың құрметіне бө­ленген білікті басшы, үлкенді құрметтейтін, кішіге қамқор, әлсіздерге, жетім-жесірлерге көмектесетін, ­айналасына ме­й­ірімді басшы болатын. Қо­лында билік тұр­са да, өзін таза ұстайтын, дүние­ге қызықпайтын, қолын былға­майтын, адал азамат еді. «Ме­нің байлығым – отбасым, іні-қарындастарым, балаларым дей­тін». Отбасында өте жайлы кісі болатын. Әке-шешесі, өзі жеті ағайынды, он баласы болып, бір дастарханның басында жиыр­мадай кісі отыратын. Жолдасы Гүлбаһрам бір мың болғыр кісі еді, – деп еске алады. 

Атам қазақ қай кезде де аты шыққан азаматты естісе болды «Кімнің ұрпағы екен?» деп сұрайтыны – ежелден келе жатқан үрдіс. Осы мақаланы жазуда менің де ойыма осын­дай сұрақтар келіп, сұрас­тырғанымда білгенім:

Махметханның төртінші ата­сы Қисық ата заманында Сыр бойындағы атақты байлар­дың бірі, халқына сыйлы, өзі би, өзі шешен «40 мың қой айдаған мәрт кісі» атаныпты. Ол жайлы айтылатын әңгі­ме көп. Бірде малын ара­лап жүріп қақпан құрып жат­қан кісіге кезігеді. Сонда одан жөн сұрасып, не кәсіп жа­сап жатқанын әңгіме етеді. Сол кезде әлгі адам қақпан құрып, сонымен отбасын асырайтын­дығын білдіреді. 

Сонда Қисық ата:

– Ей, шырағым, мына тос­тағандай затпен отбасын асы­рағаның болмас деп, жақын маң­дағы қойшысына ертіп ке­ліп, алдына жүз қаралы қой­ды салып беріпті. 

Халық арасында Қисық ата екі рет Қыдыр көріпті деген аңыз бар. Арал ауданының бұрынғы «Қарақұм» совхозы­ның орталығы – Тоқабай елді мекенінің түстік жағында 50-60 шақырым жерде Қисық ата қорымына қойылған белгі бар. Сол жерде Қисық ата шегені деген құдық бар. Бұларды айта отырып, Махметхан аға туралы «адам да табиғатына тартып туа­ды-ау» деген тоқтамға кел­дік. 

Есет батыр ауылында «Қи­сық әулеті» деген әулет бар. Сол әулеттің ұрпағы Мах­метхан мен оның жұбайы Гүл­баһрамнан дүниеге кел­ген сегіз бала олардың өмі­рін жал­ғастыруда. Мұны «Орны бар оңалар» деген халқымыздың ежелден айтып келе жатқан ұлағатты сөзінің көрінісі деуге болар. 

Осы ойымызды қағаз бе­тіне түсірген кезімізде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына да санаулы күндердің қалғаны санамызға еріксіз ой қосады. Ол ойдың бастаушысы көп­шілік «Ойдың шырайын шы­ғарғың келсе, орнын та­уып айта біл» демекші, «Алам­е­сек» ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы мен жергілікті қоғамдастық жиыны Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында Жалағаш кентінің бір көшесіне барлау­шы офицер Махметхан Әбі­шевтің атын беру жөнінде құжаттар дайындап, оны құ­зырлы орындарға табыстады. Айтатынымызды айттық, енді оның нәтижесін күтейік.  

Өткенді қастерлеу, еске алу, оны орнымен пайдалана білу арқылы ғана, біз бүгінгі күн­нің қадір-қасиетін тиісінше дәрежеде бағалай алатын боламыз. 

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының және

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, 

«Жалағаш ауданның Құрметі азаматы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<