Батыр атағына ұсынылған Мұса

977

0

– Жоқтап жатты халқың да,

Қиылып түсті қияғың.

Ең болмаса артыңда,

Қалмады жалғыз тұя­ғың!

…Бұл мұңлы өлең Үміт Мұрат­бай­қызының жоқ­та­уы­нан алынды. Үміт ана мен Тоқтар ата 7 ұл мен 3 қызды балиғатқа жеткізген үлкен шаңырақтың иесі еді. Жаңақорған ауданында тұратын Үміт анаға тұңғыш рет КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Батыр Ана» атағы берілген. Ұлы Отан соғысы басталғанда 6 ұлын соғысқа аттандырып, тек біреуі – Мәрсәлісі ғана елге оралған.

Иә, балаларын Отан қор­ғауға шығарып салған аналар қаншама?! Әкесінен айырылып жетім, жарынан айырылып жесір қалғандары өмір бойы ұмытылмайтын қайғы-қасіретке айналды.

Бір ғана Жаңақорған ауданынан соғысқа кеткен 4949 адамнан 2289 майдангер қайта оралмаған. Ал Жаңаарық ауылынан әскерге алынған 81 адамнан 66-сы ұрыс даласында қалған. Солардың ішінде ағайынды, әкелі-балалы Райымқұл ата ұр­пақтары да бар. Мұса Рыс­келдіұлы Жаңаарық ауылында 1927 жылы дүниеге келген. Әкесі Райымқұлұлы Рыскелді колхозда егіс бригадирі болып істеген. Мұса екі жасын үлкейтіп, аудандық әскери комиссариат арқылы 1943 жылы соғысқа шақырылған.

1967 жылы «Лениншіл жас» газетіне гвардия подполковнигі Петр Иванович Серовтың «Батыр Мұса» деген шағын мақаласы шыққан. Мақалада «Құрметті дос­тар, Мұса Рыскелдиев біздің Отанымыздың – Қазақ халқының нағыз ұлы бола білді. Ол Отан үшін, оның азаттығы мен келешегі үшін жаумен батырларша соғысты және батырға тән ерлік үстінде мерт болды. Мұсаға батырдың «Алтын Жұлдызы» беріл­месе де, оның ерлігі нағыз батыр­лыққа тән еді. Мұсаның қарын­дастарына ыстық жү­ректен шық­қан сәлемімді жет­кізулеріңізді сұраймын. Олар өзінің батыр ағасын мәңгі мақтан етуге құқылы. Бүкіл ауыл, аудан жұртшылығы, облыс еңбеккерлері өз жер­лестерін мақтан етсін. Мұса жарық дүниеде аз ғұмыр кешсе де, нағыз алтын әріппен аты жазылатын азамат еді».

Запастағы гвардия пол­ковнигі Беларусь ССР, Бара­нович қаласы Брестская қөшесі №24 үйдегі 27 пәтер тұрғыны Петр Иванович Серов және рота командирі сер­жант Федор Баевтің «За победу» газетінің 1945 жылғы 1 мамырдағы №63 нө­мірінде басылған әңгі­ме­сінің үзіндісінде: «Корольков басқаратын ротаға Одер өзенінің жағасындағы биіктікті алу тапсырылған еді. Осыған байланыс­ты рота парторгы старшина Журавлев жауынгерлердің шабуылға да­­йындығын, көңіл-күйін тек­­серіп, траншеяларды аралап жүрген еді. Осы кезде оның алдынан бұрынғы талай шай­­қаста болған, тәжірибесі молайған жас пулеметші Мұса Рыс­келдиев ұшыраса кетті. «Жолдас, старшина, мен сізге әдейі арыз әкелдім» деп төрт бүктелген қағазды ұсынды. Журавлев сол сәтте қағазды жазып жіберіп оқи бастады. Мені партия ұйымына ұлы лениндік партия мүшелігіне кандидат етіп қабылдауын өтінемін. Шабуылға коммунист болып кіріп, толық жауды жеңгенше шайқаса бергім келеді. Мұса Рыскелдиев».

– Жақсы Мұса, шын жү­ректен жазыпсың! Кепіл­демені Комсомол ұйымы береді. Екіншісіне рота коман­дирі келісім берді, бірақ үшін­шісі жоқ болып тұр?! Саспа, Мұса, үшіншісін мен беремін. Мен сенің нағыз коммунистік партия ісі жолында тапжылмайтын жауынгер болатыныңа сенемін! – деді.

– Рахмет старшина жолдас, бар күш-жігерімді ұлы мақсат – жауды талқандауға жұмсауға әзірмін. Енді маған коммунист ретінде партиялық тапсырма беруіңізді өтінемін.

– Тапсырма дейсің бе? Несі бар, тапсырма беруге де болады, – деді де старшина сәл кідіріңкіреп, қазір мынау биіктікті басып алуға шыққалы тұрмыз. Сенің взводың жаудың тура қарсы алдынан шабуылға шығуға тиіс. Міндет оңай емес. Міне, саған бірінші партиялық тапсырма, – деді.

Өзеннің екінші жағына алдың­ғы­лардың бірі болып өтіп алған Мұса да ыңғайлы жерді бірінен соң бірін бетке алып, алға қарай ұмтылып келеді. Жау кеңірдегінен бірінші болып алғандардың бірі Мұса болды. Ол бұл жолы да қайсарлық таныта білді. Түні бойы болған ұрыстың нәтижесінде жауынгерлер Одер өзенінің немістер орналасқан жағалауындағы траншеяларды басып алды. Алдағы биіктіктен өзенге қарай беттеп келе жатқан неміс танкілері жақындап та қалды. Жау танктерінің алды шамасы 30 метр­ге келе бергенде оларға оқ атуға берілген команда сол-ақ екен, Мұса дәл атқан оғы фауст пронын жұлып түсті. Екінші танкті Баевтың өзі жайратты. Бүкіл бөлімше шабуылдап келе жатқан жау автомашиналарына оқты қарша боратты. Мұса бір өзі осы жолы 20-30-ға тарта немісті жайратты. Екінші, үшінші күнде де жау совет жауынгерлерін өзенге қарай ысырып тастауға әрекет етті, бірақ онысынан ештеңе шығара алмады. Мұса осы күндердің бірінде де пулеметімен гранаталарды қатар пайдаланып жаумен шайқастағы әрбір тар кезеңде жеңіске жете білді.

Біздің полктағылар шабуылынан кейін биіктегі жау бекінісіндегі бірнеше атыс ұясының үні өшкен еді. Бірақ, бірқатары әлі жойылмапты. Олар біздің жауынгерлерге аса қатерлі қауіп төндірді. Мұсаның екінші нөмірі жара­қаттанып қалды. Ондағы барлық гранаталарды, оқтаулы дискаларды қапшығына салып алған Мұса жан-жағына  бағдарлап қарады. Әне, екінші және үшінші взводтар солға қарай айналып өтіп жай жылжып бара жатыр. Кенет жау оғы оларды жерге жабыстыра түсті. Мұса тісін шықырлатып жау жағына пулемет оғын жаңбырша жаудырды, ол кенет сол жақтан күшті атыс ұясын байқап қалды. Бетондалған пулемет ұясы болса керек, осы байқағанын дереу Федор Баевқа хабарлады. Сол кезде оң жақ қанатта да сондай күшті атыс ұясы көзге шалынды.

– Аналарды құртуға әрекет етсек қайтеді? – деді Мұса рота командиріне.

– Әйтпесе олар бізді құртады ғой, – деп мақұлдады командир Баев та.

– Сол кезде биіктікті алуы­мыз оңайға түседі, – деп келісті Мұса.

Баев бөлімше жауынгер­ле­ріне өздерін оқпен қорғауды тапсырып, өзі оң жақ қанат­тағы, ал Мұса сол жақ қанаттағы атыс ұяларын бетке ала еңбектей жөнелді. Фашистер осы батыл жауынгерлерді байқап қалып, оқты бораған қарша жаудырды, олар бірер минут үнсіз, қимылсыз жатып, тағы да алға жылжи жөнелді. Барлық рота өз батырларын бағып жатыр. Командир барлық атыс құралдары мен оларды қорғауды бұйырды.

Жаудың атыс ұясына 20-25 метрдей қалғанда Мұса жаудың бетондалған пулемет ұясына екі гранатаны лақтырып үлгерді, граната сәл жетпей жарылды да, жау пулеметі бірнеше секундқа кідіріс тапты. Мұсаға осы да жеткілікті еді. Соны пайдаланып тағы да төрт-бес метр жақындап барады. Тағы екі гранатаны лақтырып, олар дәл атыс ұясына барып гүрс етті. Атыс ұясының бірден үні өшті. Сол жарылыстың ізін ала Мұса да траншеяға қарғып түсіп, тағы да бір атыс ұясын жайратты. Өзіне автомат кезеген  фашисті одан бұрын атып салды. Траншеяның бұрылыс жолынан өзіне қарай жүгіріп келе жатқан  оншақты фашисті көрді де, өзіне тақалып келуін күтіп қимылсыз тұрып қалды. Олар өзін бас салған әзірде аяғының астына соңғы гранатасын тастап жіберді. Атыс біткен. Сержант Баев Мұсаны іздеп тапты. Санитарка оның жарасын таңып жатыр екен. Бірақ қан тамыры әрең соғады.

– Мұса, қымбаттым, көзіңді ашшы. Шамалап ашты. – Мен Баевпын ғой, – деп айқайлады сержант.

Мұса болар-болмас үн қатты: – Парторгқа айт, мен партиялық тапсырманы орындадым! – деді де, мәңгілікке көз жұмды.

Мұса Рыскелдіұлы бұдан да бұрынғы қиян-кескі ұрыстарда бірнеше рет батырлығымен көзге түскен жауынгер болатын. Асқан ерлігі үшін ол II дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған».

Подполковник П.И.Серов газетке жазған бұл очеркті Жаңақорған ауданындағы №167 Жаңарық орта мектебіне де жіберген. Төртінші Бежицс­кая атқыштар дивизиялық 39-ат­қыштар полкінің командирі Киселевтың «Подвиг» клубы қызыл ізшілеріне жазған хатына сүйене отырып, Мұсаның туған еліне жіберген хатында Александра Дудина деген азаматша клубтағы бір документте Мұса Рыскелдиевке Совет Одағының Батыры атағы берілді деген сөздерді жеткізген-тін.

Бұл хабарға байланыс­ты КСРО Қорғаныс минис­трлі­гі­нің 5-басқармасы хат арқылы 1967 жылы шілде айында, осы бас­қар­­маның бастығы генерал-лей­­тенант Куп­рияновтың жауабында: «4-Бежицская атқыштар ди­ви­­зиясының 220 атқыштар пол­кының бөлімше командирі, сержант Мұса Рыс­келдиев 1945 жылы 10 наурызда ерлікпен қаза тапқан. 1945 жылы Армия қолбасшысының сол жылғы 17 мамырдағы №0176 бұйрығымен «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаны жө­нінде растайды. Орден иесіне табыс етілмеген. Мұса Рыскелдиевке «Батыр» атағы берілмеген». Ал, СССР Қорғаныс министрлігі ар­хивінің деректеріне сай Мұса Рыскелдиев Германияның Бран­денбург провинциясында Франк­фуртқа жақын жерде Фоль­варк­визен атты бауырластар зиратына жерленген.

Бұл деректер кезінде қа­рын­дастары Күлпән мен Гүл­нәрға жеткізілген.

Мұсаның атасы Райымқұлдан 2 ұл – Рыскелді 1904 жылы және Қыдырбай 1911 жылы туған. Рыскелді Жаңақорған АӘК арқылы 1942 жылы шілде айында майданға шақырылып, атқыш ретінде соғыс­қан. 1943 жылы ақпан айында Мәскеу маңындағы шайқаста хабарсыз кеткен. Інісі Қыдырбай 1941 жылы қараша айында майданға аттанып, ол да атқыштар сапында соғысып, 1942 жылы Украинаны жаудан азат ету қанды шайқасында хабарсыз кеткен. Сөйтіп Райымқұл атаның балалары мен немересі Ұлы Отан соғысы құрбаны болып, әулеттен тек Мұсаның қарындастары Пернеш, Күл­пән және Гүлнәр ғана қалады.

Рыскелдінің әйелі Зүлфия жарын, қайнысы Қыдырбайды, жалғыз ұлы Мұсаны соғысқа аттандырып, өзі тағдырдың салғанына көнді. Белді бекем буып кенже қызы Гүлнәрді құндақтаулы күйінде ала жүріп, колхозда бригадир болып істеген жұбайының орнында еңбек етеді. Зүлфия жарының, қайнысының қанды соғыста хабарсыз кеткені туралы «қара қағаз» алған соң, қайғыдан қан жұтып жүргенде 1945 жылы наурыз айы соңында жалғыз ұлы Мұсаның қаза болғанын естиді. Қайран ана жүрегі ауыр қайғыны көтере алмай бір аптадан соң соғуын тоқтатты. Мұсаның қарындастары Пернеш, Күлпән және Гүлнәр қартайған әжесі Күміс­бикенің (Рыскелдінің ше­шесі) қамқорлығында қа­лады. Соғыста екі баласы мен немересінен айырылып, қайғы-қасірет шеккен Күмісбике әже де бір жылдан соң дүние салған.

Сұрапыл соғыстың зардабын, жетімдіктің тауқыметін шегіп, әр­кім­нің босағасынан сығалап жүріп, маңдайларынан сипаған жандарды жақын-туыс тұтып, әйтеуір үш қыз күндерін көреді. Қыздардың үлкені Пернеш Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат Әметжан Бай­ниязовқа тұрмысқа шығып Нәзира, Бибізада сынды қыздарды, Фазылбек есімді ұлды дүниеге әкеліп өсірді. Бүгінде олар өмірде өз орнын тапқан, тұрмыс құрып, үйленіп, құдандалы-жекжатты болып, өсіп-өнген бақытты жандар. Тағдырдың жазуы шығар, Пернеш Рыскелдіқызы 1957 жылы қайтыс болды. Ортаншы қызы Күлпән Смайыл Әйтеновке тұрмысқа шығып, дүниеге Жанат, Орынкүл есімді қыздарды, Бақыт деген ұлды әкелді. Қазіргі кезде олар өсіп-өнген жандар, өздері балалы-шағалы болып, немере сүйіп отыр. Алланың жазуы шығар, Күлпән Рыскелдіқызы 1992 жылы қайтыс болды.

Кіші қызы Гүлнәр Ләйіс Ібеновке тұрмысқа шығып, 7 қыз, 1 ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Қыздары жан-жаққа тұрмысқа шығып, ұлы Талғат үйленіп, үйлі-баранды, балалы-шағалы болып өмірде өз орындарын тауып тіршілік кешуде. Гүлнәр көзі тірісінде қыз­дарынан неме­релер көрсе де, ұлы Талғаттан немерелерін армандап отырушы еді. Қайтыс болардан екі апта бұрын, аяғы ауыр келініне «Сен қызды боласың, есімін Гүлжазира қоярсың!» деген екен. Айтқанындай келіні Бақыткүл қыз туыпты, сонан  2006 жылы Мұхамедәлі, 2011 жылы Аян есімді қыз дүниеге келіпті.

Ұлы Отан соғысында Отан, ел үшін, оның болашағы, азат­тығы, егемендігі үшін опат болған Райымқұл ұлдары Рыскелді мен Қыдырбай және сұрапыл да сұм соғыста тең­десі жоқ, батырларға ғана тән ерлікпен мерт болған Мұса Рыскелдіұлын іздестіруде, ерліктің анық-қанығына же­туде белгілі журналист, «Боз­­дақтар» кітабының авторы Мырқы Исаұлы көп еңбек сіңірді. Балалық шағы 2-дүниежүзілік соғысқа тұспа-тұс келген, тыл ардагері, майданда хат-хабарсыз кеткен ел азаматтарын іздестіріп бірнеше мақала жазған, бүгінде жастардың ақылшы атасы, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер Сүлеймен қажы Мырзаұлын атап көрсетіп, ағайын-туыстарының атынан алғыс білдіргенді жөн көрдім.

«Өткенін түгендеу – өскендіктің белгісі» деп біз­ден бұрынғылардың айт­қаны бар. Егемен ел болып, өсіп-өркендеп дамыған кезде мұндай бақытты бейбіт өмір біз­ге қалай, кімдердің арқасында кел­генін өскелең жас ұрпақтың біле жүргенін қалар едім. Тағы айта кетейін дегенім, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу үшін зиялы қауымнан, тұрғындардан бірнеше рет ұсыныс-пікірлер түскен сияқты (Ф.П.Сахи «Келешегі кемел аудан» Қызылорда «ТҰМАР» баспасы 2003 жыл, 284-285 бет). Бірақ ол орындалмай, іске аспай келеді. Осының себебі неде екенін түсінбеймін.

Мұса Рыскелдіұлына туған ауы­лы Жаңаарықта көше аты берілсе де, ол жеткіліксіз деп ойлаймын. Оған өзі оқыған орта мектебінің аты беріліп, аудан, облыс көлемінде құр­мет­телсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Мұса Рыскелдіұлының жас кезінде түскен фотосуреттері сақ­талмапты. Оған мүмкіндік болмаған да шығар. Әскер қатарында жүргенде (соғысып жүріп суретке де түсе алмады ма, ал түсіп жібергені болса елге жетпеді ме, әйтеуір сурет жоқ) бір-екі хаттан басқа ештеңе келмеген. Олар да қарындастарының көзі кеткен соң, жоғалды. Оған қарамастан тынбай іздестіру нәтижесінде жақында республикалық мұ­рағаттан «Лениншіл жас» газетіне жарияланған екі мақаланы тауып алдым. Олар мыналар «Ер Мұса» («ЛЖ» газеті 14 май 1959 ж.) және «Белгісіз батыр» («ЛЖ» газеті 9 май 1967 ж.) осы мақаланың қасына белгісіз жауынгердің суреті қоса басылыпты. Мен суретті үлкейтіп алдым да, Райымқұл атаны және оның туыстарын соғыстан бұрын көрген, көрші-қолаң болған жандардың ұрпақтарына көр­сеттім. Олардың біразы бұл суреттің Мәуленқұл баласы Асан (Әшекей) қарияға (1950 жылдардың басына таман қайтыс болған) және бүгінде көзі тірі Мәуленқұл немересі Нұридінұлы Сү­йін­дікке ұқсайтынын, басқа Мәуленқұл ата ұрпақтарына түр-түсінің, бет-әлпетінің сәй­кес келе­тіндігін айтты. Мен оныменен шектелмей, Мұсаның қарындастарының суреттерімен (олар туралы еш мәлімет бермей, құпия түрде) қоса өзім бұрыннан танитын, айтқандары әрдайым айдай келетін көріпкел Гүлмираға (менің үлкен қызым Айсұлумен ҚАЗҰУ-да бірге оқыған) көр­сеттім. Сонда Гүлмира бұл жауын­гер үлкен қарындасы Пернешке өте жақын туыс деді де, қалған екеуіне былайырақ дегенді айтты. Сонан соң көп ойланып, Райымқұлұлы Рыскелдінің ­жақын-жуық­та­ры­ның ұрпақтарымен ойым­мен бөліс­кенімде мынаны анықтадым. Мәулен­құлдың неме­ресі 1942 жылы дүниеге келген Нұридінұлы Сүйіндік былай деді: – Менің 10-11 жасар кезімде біз ауыл­да ет жақын туыстарымызбен қа­тарлас отыратынбыз, бой­жетіп қалған бір қызы және оның екі кішкентай сіңлісі бар егде тартып қалған әйелдер болатын. Оларды көршілер «қос кемпір» деп атайтын. Кейін есейген соң білдік қой, олар Рыскелдінің әйелдері екен. Сөйтіп Рыскелді атамыз екі некелі болған екен. Бірінші әйелінен әлгі бойжеткен қыз Патыма, сонан соң Мұса және Пернеш туады екен. Патыманы Сунақатаның Сиық аталығының Әйтен есімді жігітіне тұрмысқа береді, кейін Смайыл есімді баласы ержеткен соң, қазақтың «сүйек жаңғырту» дәстүрімен Патыма өзінің сіңлісі әкесінің екінші әйелінің қызы Күлпәнды алып береді. Ол туралы мақаламның ішінде жазып өттім. Міне, әлгі көріпкелдің белгісіз жауынгердің Пернешке өте жақын деген себебі де содан болар деп тұжырымдадым.

Жақында Ресейдегі Қор­ғаныс министрлігінің мұ­ра­­ғатынан Мұса Рыскелді­ұлының КСРО Батыр атағына ұсынылғанын растайтын құ­жаттар табылған. Сол құжат­тардың көшірмесін тіркеп отырмын.

Тауасар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<