Білім нәрін, тәрбие дәнін еккен

1913

0

«Алты Алаштың баласы бас қосса төр – мұғалімдікі». Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев ұстазға осылай баға берген. Болашақ ұрпақты, ертеңгі елді қалыптастыруда мұғалімнің еңбегі ерекше.


Жаңақорған ауданындағы №125 С.Сапарбеков атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмира Айтжанова жиырма жылдан бері ұлағатты мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып келеді. Ол мектепті де, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесін де үздіктер қатарында бітірді.


Шымкент университетінде сырттай білім алып, еңбек жолын аудан орталығындағы №3 мектеп-интернатта тәрбиеші болып бастады. Кейін Шалқия кентіне қоныс аударып, сондағы №2 «Ұлан» балабақшасының әдіскері ретінде жұмысын жалғастырды. 2005 жылдан бері №125 мектепте балаларды сөз құдіреті арқылы тәрбиелеп, мәнерлеп оқуға, көркем сөйлеуге талпындырып келеді.


«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» дегенді қаперге алған кейіпкеріміз білім беруден ешқашан аянып қалған емес.
– Бәсекеге қабілеттілік көсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан саналы ұрпақ тәрбиелеу тетіктерінің толықтай іске асуына үлес қосу – міндет, – дейді ол.

Г.Айтжанова – облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) жанынан құрылған бастауыш сыныптар пән бірлестігінің мүшесі. Оның бәсекеге қабілетті, кәсіби маман ретінде қалыптасуына білім мен шеберлікті шыңдауға бағытталған педагогикалық курстар мен ғылыми-практикалық, теориялық конференциялардың маңызы зор болды.


Жас ұрпақтың санасына білім нәрін егуде аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаз еңбегі елеусіз қалған емес. Отандық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен, пәндік олимпиадалар арқылы дарынды оқушыларды анықтаудағы жоғарғы көрсеткіштері үшін мақтау қағазымен, саладағы қажырлы еңбегі, шығармашылық ізденісі және белсенді қызметі үшін облыстық білім басқармасы және Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің құрмет грамотасымен марапатталған.


Шәкірт жетістігі – ұстаз мақтанышы. Осы орайда кейіпкеріміз Еркеназ Камал, Нұрай, Тұрсынай, Әсемай Бақыт, Балнұр Әбілашова сынды дарынды да талантты оқушыларымен мақтанады. Олар түрлі деңгейдегі білім додаларында топ жарып, мұғалім мен мектептің атын шығарып жүр.


Г.Айтжанова – ұлағатты ұстаз ғана емес, асыл жар, аяулы ана. Жолдасы Арапбай Сопыбеков екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.


– Баланың тұлғалық қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдап, талантын ұштап, олардан келешектің тізгінін ұстайтын сауатты, білімді азамат қалыптастыруға тырысамын. Әрине, бұл – әр ұстаздың парызы, – дейді кейіпкеріміз.

Н. Қазыбайқызы,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<