сурет ашық дереккөзден
Қаңтар айының басындағы демалыс күндерінің бірінде жаңа жылға құтты болсын айтып қызын алып отырған Бекболат құдамның үйіне бара қалдық. Құда-құдағайлардың шағын отбасылық отырысы болғандықтан көп адам болған жоқ. Ауыл-аймақтың амандық-саулығы, ел арасындағы тұрмыс-тіршіліктің түйткілдері, дастарқан басында өзімізбен қатар отырған, ойнап жүрген немерелердің қылықтарын қызықтаған әңгіме-дүкен қазіргі балалардың ішіп-жейтін қытырлақ-пытырлағы, тағам-тәттілері туралы тақырыпқа ойысты. Негізінде тақырыпқа тамызық тастаған өзім. Оған себеп, жанымызда бір отырып, бір тұрып ойнап жүрген немерелеріміздің ара-тұра дастарқандағы тәттілерден сұрап, қалағандарын алып беріп отырғанымыздан басталған еді.
– Қараңызшы, құдеке! – дедім, өзімнен бір-екі жас қана кішілігі бар Бекболат құдама қарап. – Мына балақайлардың қолдарында тәттінің түр-түрі жүр. Үйде де, түзде де, мейлі ол сапасыз болсын, сапалы болсын, қалаған тәтті-дәмдісіне қол жеткізе алады. Сіздің кіндік қаныңыз тамып, туып-өскен жеріңіз – «Қызылжар» ауылы, ал мен №94-ші Рзаев разъезі, қазақша «Андабай» бекетінде дүниеге келдім. Замандас болған соң осыдан 50-60 жыл бұрынғы балалық шағымыздың да бір-біріне ұқсас болуы табиғи заңдылық. Есіңізде ме, күн жылығаннан бастап жаз бойы қозы-лақ бағудан босай қалсақ, далада алаңсыз ойын қуып жүретініміз. Күн шыққаннан көзді тырнап ашып, шай ішсек ішкеніміз, ішпесек бір кесе айранды басымызға көтере салып, оған шыдамымыз жетпесе тапа наннан бір омырып, шүберек қалтадағы жұдырықтай шақпақ қантты ала сала безе жөнелетінбіз. Қашан ойынның қызығына тойғанша нан, шекеріміз де түгесілетін. Мына немерелердің қолындағы көз сүрінетін тәтті-пәттіге қарап отырып, сол кездегі біздің санаулы тәттілеріміз анда-санда бір келетін пряник, конфет пен әлгі жұдырықтай шақпақ қант екен-ау! Есесіне, сапасы мінсіз еді ғой.
– Әрине, әрине, – деді бір күліп алған Бекболат құдам әңгімені әрі жалғап. – Ол кезде қазіргідей толып жатқан тәттілер болмаса да, жарықтық қолдың өнімі айран, құрт, ірімшік, май, өзен-көлдің балығы – ең құнарлы тағамдар еді-ау! Құдеке, жаңағы жұдырықтай шақпақ қанттан есіме түсіп отырғаны, мен сізге бір әңгімеден айтып берейін, – деп сәл тоқтады құдам.
– Өткен жылы қайтыс болған Асылбек інімді қосқанда менің 8 ағайынды екенімді білесіз. Аралдағы балық өңдейтін трестте балық өңдеуші болып еңбек еткен әкем Сыраш өмірден ерте өтті. Атам Рсалы діни білімі болған, кеңес үкіметі орнағанша «Қызылжарда» мешіт ұстап, бала оқытқан, үкімет орнағанда мешіті жабылып, өзі қудалауға ұшыраған екен. Ол кісінің кемпірі, ауыл-аймақ «Елті ана» деп атап кеткен әжем Зибагүл он саусағынан өнері тамған тоқыма шебері болған, алыс-жақындағы атқамінерлердің кілем-қоржындары Зибагүл әжемнің қолынан өтеді екен.
Ал жылым бригадирі болған нағашы атам Әбдік – Жақайым Жылқайдар батырдың ұрпағы. Ел арасында ескіден қалған мынадай да әңгіме бар:
…Қартайғанша жылқыны таңдап мінген Жылқайдар батырдың «Аққылшық» атанған жарамды аты болыпты. Соны сырттай естіп, қызығып жүрген көршілес түркіменнің батыры бабамыздың қартайғанын пайдаланып қапысын тауып бір түнде ауылын шауып, «Аққылшықты» алып кетеді. Бұл жағдайды естіген, сол кезде бар болғаны 17 жастағы жасөспірім Жанқожа батыр терісіне сыймай ашуға булығып, атқа қоныпты. Ізінен қуып жетіп түркіменнің әлгі барымташы ерін өлтіріп, қарт батырға атын әкеліп беріпті. Ал енді сексендегі Жылқайдар батыр мен жалындаған жас Жанқожаны не байланыстырады дейсіз ғой? Жанқожа қарт батырды «бала күнімде қару-жарақ ұстап, соғыс тәсілдерін үйреткен ұстазым» деп пір тұтқан екен. Мінекей, менің нағашы атам Әбдік осы Жылқайдар батырдың тікелей ұрпағы еді.
Әңгімеміз бала күнгі тәттіміз – шақпақ қанттан басталды ғой, соған көшейін. Марқұм әкем Сыраш әлі шаңырақ көтермей тұрғанда Зибагүл әжем көрші ауылға, болашақ нағашы атам Әбдік пен әжеме қызын, яғни менің анам Гүлбаршынды сұрап, құда түсе барыпты. Астына шаңырағының бар шаруашылығына салып жүрген атанын мініп, қолына әлгінде өзіміз әңгіме қылып отырған бір қалта шақпақ қантын алып барған әжем амандық-саулық сұрасып, шай-суын ішіп болған соң келген бұйымтайына көшеді ғой.
– Замандас, – дейді әжем маңызды әңгіменің түйінін тарқатуға тікелей кірісіп, нағашы атам Әбдікке қарап: – Бұрын да ауылы аралас, қойы қоралас дегендей, жаттығы жоқ жандар едік. Өздеріңізбен сирек болса да жолығып қалып жүретін ауыл арасындағы торқалы той, топырақты қазада амандасудан әріге бара бермейтінбіз. Бүгін сәрсенбінің сәтіне өзіңізге бір салмақты бұйымтаймен келіп отырмын. Тосыннан келіп, ойға қалдырып отырсам айып етпеңіз, реті осылай болды. Сіздерде қыз бар екен, менде ұл бар. Екі бала бір-екі мәрте жүз көрісіпті, бір-біріне кетәрі емес те көрінеді. Әуелі Алланың қалауымен, сонан соң өзіңіздің рұқсатыңызбен қызыңыз Гүлбаршынға құда түсе келдім. Астыма мініп келген атаным ана сүтіне атағаным болсын, ал мына бір қалта қантым «құдалық қарым-қатынасымыз қанттай тәтті болса екен» деген ниетім еді. Мүмкін болса, оң жауабыңызды алып кетсем деп үміттеніп отырмын.
Әбдік ата ұзақ ойланып отырып қалады, тосыннан қойылған сауалға толқып отырғаны да байқалады. Іштей ақылға салып, әбден арғы-бергіні ойланып-толғанып барып әжеме: «Атаныңды мініп кет, қантыңды тастап кет» деп қысқа қайырыпты. Сөзді ұққанға, үгітті жұққанға айтады емес пе, әжем де артық сөз қайтармай, болашақ құда-құдағайының жауабына риза болып аттаныпты. Арада екі-үш ай өтіп, жер аяғы жіпсігенде жарасымды алыс-беріс кәде-қауметін жасап, әжем «Қызылжардағы» құтты шаңырағына менің анам Гүлбаршынды келін етіп түсіреді.
Осылайша, әлемді әбігерге салған екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі он-он бес жылдан соң, ел еңсесін енді ғана тіктеп жатқан елең-алаң уақытта шаңырақ көтеріп, тағдыр қосқан әкем Сыраш пен анам Гүлбаршыннан 8 ұл дүниеге келдік. Бір өкініштісі, әкем бар болғаны 42 жасында өмірден өтіп, ең үлкені өзім 18 жаста, ең кенже інім емізулі, жастай қалғанымыз болмаса, Аллаға шүкір, ешкімнен кем болғанымыз жоқ. Анамыздың қас-қабағына қарап, ширап өстік. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» деп Махамбет ақын айтпақшы, Сыраш әкемнің 8 ұлы, былтыр ғана өмірден озған марқұм Асылбек інімнен басқамыз ел қатарлы сап түзеп келеміз. Отбасының үлкені болған соң шамам жеткенше інілерімнің өмірден өз орындарын табуына көмектесіп, бағыт-бағдар бердім. Өзім театр декораторы мамандығын алып, біраз жыл сол мамандықпен жұмыс істедім, кейін теміржол саласына ауысып, биыл зейнетке шыққалы отырмын.
Өзімнен кейінгі інім Шымболат – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматыдағы КИЗ-де, Қазақ жер өңдеу институтында қызмет етеді. Одан кейінгі інім Болатбек – Жанкент ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі. «Қызылжардағы» қарашаңырақтағы Айболат інімнің кәсібі – балықшы. Атырауда тұратын Жанболат інім – әскери саланың полковнигі. Нұрлыбек інім Арал қаласында адвокат болып қызмет атқарады.
Өткен жылы ғана мезгілсіз өмірден өткен, мәдениет саласының қызметкері болған Асылбек інім Арал, Қазалыға белгілі асаба болатын. Ал ең кенже інім Аралбек – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Қазіргі күні елордамыз Астана қаласында қызметте. Інілерімнің бәрі де үйлі-жайлы, балалы-шағалы. Бірге тумақ болса да, бірге тұрмақ болмайды. Анда-санда қарашаңырақтан кейінгі үлкен шаңырақ деп, осы үйде басымыз қосылып, өткен-кеткенді еске алып, үйді басымызға көтеріп, қауқылдасып қаламыз. Мінекей құдеке, әлгінде өзіңіз әңгіме қылған шақпақ қанттың біздің әулетке қатысты хикаясы осындай.
Бекболат құдам әңгімесін аяқтады. Құдай қаласа, әне-міне зейнетке шыққалы отырған құдама абыроймен артқа тастаған кедір-бұдырлы, қиындығы мен қызығы кейін қалған өмір жолындағы бейнетінің зейнетін көруіне тілектестігімді білдіріп, қайыр-қош айтыстым.
Әлімжан ҚИЯС.
Әйтеке би кенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<