Есіктен ене бере көргеніміз 15 сарбаз. Сымдай тартылып, сірескен күйі қарсы алды. Қарсы алдында 60 жастан асты деуге қимайтын командир. Алдын ала қоңырау соғып, рұқсат алғанмен, әскери сабақты бұзғымыз келмеген. Амал жоқ, кіріп қойған соң, фототілші екеуміз бір бұрышқа үн-түнсіз тұра қалдық. Сарбаздар сабағы жалғаса берді.
Сөйлеп тұрған командир – Қайраддин Баймаханов. Бұл кісіні танымау әбестік болар. Ауған соғысының ардагері. Талай жылдан бері аймақтағы «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, біз әдейілеп келген әскери-техникалық мектеп басшысының әскери патриоттық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Айтпақшы, бұл – Қорғаныс министрлігіне қарасты мектеп. Дұрысы, республикалық «Әскери-техникалық мектебі» мемлекеттік мекемесінің Қызылордадағы филиалы.
– Әлгінде ғана қарсыласқа күректі лақтырдың, – деді Қайрекең жас сарбазға адам сұлбасы бар арнайы ағашты нұсқап. – Бірақ, әлі де жетілдіру керек. Әскери пышақ не күрек болсын, оның тілін тауып қолданбаса болмайды. Қаруды түсінбесең, өзіңді жаралайды. Барынша, қол мен қаруды үйлестіре білсек, онда қарсыласқа төтеп беруіміз оңай. Бұл барлықтарыңа да қатысты. Ұқтыңдар ма?!
Сарбаздар бір ауыздан «ұқтық» дескен. Қайраддин аға енді оқу-жаттығуға арналған мылтықпен қашықтықтан көздеу жайлы теориялық түсінік беріп жатты…
– Бұлар 40 күндік сарбаздар. Түсінікті тілмен айтсақ, 24 жастан жоғары, денсаулығы жарамды жігіттер осындай әскери оқу-жаттығудан өтеді, – деп бастады әңгімесін үзілісте Қайраддин Баймаханов.
– Арнайы комиссия шешімі керек шығар бұған, – дедім.
– Әрине, бір емес, екі рет медициналық тексерістен өтіп барып келеді. Сосын барып, осы біздің мектепте дәл әскердегідей тәртіппен қырық күндік әскери борышын өтей бастайды.
Қайраддин ағаның айтуынша, біз көрген жігіттер мылтық атып қоймай, қысқа мерзім ішінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгереді. Мектепті «атқыш» мамандығы бойынша аяқтағаннан соң арнайы әскери құжат та алады.
– Жыл басталғалы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып 15 жігітті қабылдадық. Олар 1 айдан астам уақыт жоспарға сай тиісті жауынгерлік даярлықтарын шыңдап, әскери тәртіппен танысады. Теориялық білімдерін іс-тәжірибеде қолдануға да үйретеміз. Сапалы оқытуды ұйымдастыру үшін әскери-техникалық мектеп барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндағы сабақ беретін мұғалімдердің білімі мен біліктілігі және курсанттармен жұмыс істеу тәжірибелері де жоғары, – дейді Қ.Баймаханов.
Әскери мектептің керегі не? Түсінікті тілмен айтсақ, әр мемлекеттің өзіндік ішкі әскерінен бөлек, арнайы резерв де дайындайды. Мұндағы мақсат – оқыстан қандай да бір шиеленіс болса, азаматтардың әскери қимылға дайын болуы. Біз көрген арнайы оқу мекемесі ынталы жастарды әскери өмірге осылай шыңдайды. Бұл тәсіл Кеңес заманынан бері бар.
Заңда көрсетілгендей, резерв санатындағы азаматтар әскери қызмет етуге құқылы. Айта кетсек, мұнда қырық күндік оқу ақысы – 263 мың теңге. Былтыр осы мектепті 7 кезең бойынша 210 адам бітіріп шыққан. Бұл – 210 қатардағы әскер деген сөз.
Бұған қосымша мемлекеттік әскери бөлімдердің тапсырысымен әскери көлікті тізгіндейтін жастар да оқи алады. Үш ай оқу курсынан өткен олар техникалық мамандықпен қоса жүргізуші куәлігін алып шығады. Одан бөлек, әскери тәртіппен арнайы дайындықтан өтетіні бұрыннан белгілі. Осы мектепті бітіріп шыққан жас сарбаз кез келген әскери бөлімде қызмет етеді. Қызығы сол, былайғы өмірде жүргізуші куәлігін 21 жастан асқан соң алатын болсақ, мұнда 18-ге толмаған жігіттерді мемлекет қаржысымен оқытып, куәлігін дайындайды. Әскерге техникалық мамандық алып аттанатын осындай да жастар бар. Тіпті борышын өтеген соң арнайы келісім-шартпен қалуға да мүмкіндік мол.
Қайраддин ағамен сөйлесіп отырып, Ауған жеріндегі отты жылдар жайлы да сұрап қалдық. Ащы темекіні құшырлана сорып, сәл үнсіздіктен соң ардагердің айтқаны еді бұл.
– Ауған соғысы дейсің бе? «Бұл өзі қандай соғыс болды?» деп те сұрайтындар көп менен. Жауабы қиын. Негізі бір елдің ішкі жұмысына араласып, содан туындаған. Біз тек сол кездегі сенім, бір ғана Отан, Совет үкіметі деп борышымызды өтедік. Бәріне куә болдық, қатыстық, талай маңдайы жарқыраған жігіттер қыршынынан қиылды…
Ауған соғысының алғашқы жылында, дәлірек айтсақ, 1979 жылы жас Қайраддин әскерге аттанады. Мекен-жайы Ташкент қаласы деп көрсетілгенмен, Ауған жеріне аттанатынын өзі де, ата-анасы да білмеген. Құпиясы көп Кеңес заманының соғыс саясатындағы бір көрінісі болар бұл да.
– Мен онда әскери жүк көлігін айдадым. Алдыңғы шепте жүрдік. Әскерде сондай арнайы жасақ бөлімі болады. Алдында жүріп, жаудың бар-жоғын анықтап, артыңда келе жатқан қалың солдатқа, негізгі күшке жол ашасың. Осы бөлімде қызмет еткен жылдарым әлі есте. Өте қауіпті сапар, тау мен тас арасы, әр қуыста бір қатер тұрғандай көрінетін кездер. Мысалы, алдыңнан көпір шықты дейік. Негізгі күш келмей тұрып, біз оны қоршап алып, әскери зерттеу жүргіземіз. Жарылғыш бар ма, жоқ па?! Болмаса, жау тарапынан қандай да бір қастық қылып, сол маңайдан оқ боратуы мүмкін. Өйткені көпір жанынан өткенде барлық әскер жинақтала өтетіні белгілі. Тұтқиылдан шабуыл болдырмау үшін жан-жақтың барлығын терең зерттейтініміз де сол, – дейді ардагер аға.
Ол әскерге аттанғанда Қазақстан Ауған соғысы жайлы хабарсыз болатын. Бұл туралы теледидар не БАҚ беттерінде мүлде айтылмады. Қайраддинге анасы Ташкенттегі көрсетілген мекен-жайға хат жазатын. Хат Ташкенттен соғыс даласына дейін кешігіп келетіні белгілі.
– Анам бір хатында «Ташкент жақын ғой, мен барып қайтсам ба екен?!» деп жазыпты. Әлі есімде. Қайдағы Ташкент?! Мен соғыста жүрмін ғой, апа! Бірақ мұны үйдегілерге де, жақындарыма да білдірмедім. Уайым қылмасын дегенім болу керек. Әрі ол кезгі әскери тәртіптің жөні тым басқа. Құпияны сақтамасаң, жазаға тартыласың, – дейді Қайрекең өткен кезеңді күле еске алып.
Кейін бұл соғыс жайлы айтыла бастады. Халықтан жасыру мүмкін болмай қалғаны рас.
Бүгінде облыста 600-ге жуық Ауған соғысының ардагері бар. Ай сайын Үкімет бекіткен қосымша жеңілдікпен төленетін аз-мұз қаржыға қанағат етеді. Жылына біржолғы қаржылай әлеуметтік көмек қарастырылған. Бұл қасіретті жылдардың бел ортасында жүрген азаматтардың барлық қажетін өтей алмасы белгілі. Сондай-ақ олар салықтан босатылған.
Бастысы, Ауған жерінде болған ағалар жас буынға үлгі боларлық қасиетімен ерекше. Олар құрметке лайық.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<