Біздің әкей

2430

0

Есімде, 3 сынып оқитынмын. Біз анам, екі қарындасым және әжемізбен ауылда тұрдық. Шиеліден Телікөлге көшкенбіз. Желтоқсан айы болатын. Мектепке барғанша малшы ауылда тұрдық. Сол кезге саяхаттап, естен кетпес бал-дәурен күндер қызығын бөлісейін.

Әріден…

Әкем қарулы, бойы ұзын, қияқ мұртты, биязы жан. Кісі түгілі, жәндікке зияны жоқ. Мұны маған бәрі айтатын. Есімі – Мұратбек. Малды ауылда екі қоржын там отырдық. Көрші үйде жездем мен апам бала-шағасымен тұратын. Ал біз әлгінде келтіргенімдей 7 адам болатынбыз. Әкем екі үйге де ортақ жәрдемін тигізетін. Қыстай Шиеліге көк трактордың тіркемесіне қаракүйік, тораңғыл, қураған жидені рет-ретімен тиеп сататын. Әлі есімде, бағасы – 4 мың теңге. Туыстардың балалары, атамның інісі Абылайхан көкем бірге өмір сүрді. Ол да көмектесетін. Бірақ көкемнің негізгі жұмысы қой-ешкіні бағу еді. Түнгі сағат 1-2 шамасында жолға шығатынбыз. Өйткені, жол сақшылары, орман инспекторларының көзіне түспеуіміз керек. Түссек, табыстың барлығын соларға бересіз. Көк тракторды үйдің алдындағы биік төбеге қоятын. Егер пускашпен оталмаса, артқы үлкен, бүдір-бүдір дөңгелегімен сайға итеріп оталдыратын. Кей күндері, байғұс трактор да шаршайды-ау деймін, «обарот алмайды» деп газын қайта-қайта басып сөндіретін.  Әкей, мақталы шалбар, басына бөрік, үстіне тон киетін. Жәрдемшісі көкем. Өзі орта бойлы, Қожанасыр сияқты. Екеуінің ағалы-інілі, бауырмалдығында шек жоқ еді. Көкемнің өз отбасы болмаса да, бізді өз бала-шағасындай көретін.

Қыс осылайша, ақ қар көк мұз, үскірік аязбен өтетін. Әкей екеуміз күнде таңертең суат оятынбыз. Тоғайдағы ірі қара су ішіп, орманға жайылатын. Қыс болса да, мияның басындағы сөгі (біздің өлкеде пәркі дейді) қып-қызыл күйінде қалады. Сояу-сояу сабақтарын айтсаңызшы, нағыз малға азық. Арасында қырғауыл, қоянға шығады. Қасында Рекс пен Тузик те жүреді. Ит болса да атқан аң-құсты іздеп тауып, алдыңа әкелетін. Қансонардың көкесін ақұлпа түскенде көресіз. Жалпы қысы-жазы азық-түліктен кенде болмайтынбыз.

Көктем шыға төрт түлік төлдейді. Үй-жайдың айналасын тазартатын едік. Мал қорадағы қатып қалған мұз-қарды, қи-көңді сыртқа шығарамыз. Әлгі көңді ескі арбамен, есік алдындағы сайға төгеміз. Мен де жанында мықшыңдап қоямын. Әрі аса 5-6 жас шамасында екем. Шіркін-ай, әкей тіл қатпайды, қиналдым, шаршадым дегенді білдірмейді ғой. Бір күні дарияның қасынан шағын ғана жер аштық. Қара күрекпен өзі аударып шықты, қоршады, матормен суғарды. Қара шірінді топыраққа еккен егін бітік шықты. Көк пияз, саржау, қарақауын, картоп, қарбыз, жан-жағына жеміс екті. Жыл сайын егін-тегін бітік болатын. Бәлкім тың жер болғандықтан шығар. Әлде күтімі, қопсытуы жақсы болды ма екен, кім білсін?! Бас-аяғы бақшаны 10 жылдай екті. Тіпті туыстар қыдырып келсе, ішінен шықпайтын.

Жазда Сыр өзеніне қармақ құратынбыз. Күн шыжып тұр. Оны ақ керсенге су құйып аршитын. Құрт-майды көк белесепедпен 20 шақырымдағы аудан орталығына сатып келетін. Ортақшыл деген ауыл шамамен 10 шақырым. Сондағы туыстарға атпен баратын. Қайтар жолда дүкеннен шай, қант, тіскебасар ала келетін. Кей-кейде шешейдің бала-шағадан қолы тимесе, күбі пісіп, құрт-май жасайтын. Айранды керемет ұйытатын. Оны жерқұдық қазып, соған салып қоятын. Шіркін-ай! ұйытқан айраны бал татитын еді ғой.

Күзде жұмыс қызады. Қар-жауын жауғанға дейін егін-тегін жинайтын. Ала жаздай құрылған киіз үй жиналады. Көрші жезде атаммен бірге тұзақ құратын. Қысқа қор жинайды. Өзінен кейін 5 інісі болса да, салмағын салмайды. Сондай биязы жан. Момындығы мен мейірімділігінде шек жоқ. Сол қасиетін кейбіреулер пайдаланып-ақ кететін. Күзде жан-жақтан отынға тапсырыс бере бастайды. Анамыздың Шолпан есімді жиен апасы бар. Өзі түрі суықтау, бірақ жүрегі жұмсақ. Күйеуі нағыз фольклордағы аңғал кейіпкер дерсіз. Ол кісіні Бәжок дейтін, ақкөңіл, бойшаң еді. Әкей екеуі бір-біріне өте жанашыр болатын. Қар-жаңбырда батпақтап трактормен барып тұрамыз, түннің бір уағында тұрып есік ашады. Осының бәрі сыйластықтың арқасы деп білем.

Қызыл трактор

Көзімді ашқалы қызыл тракторды көрдім. Онымен талай жерді шарладық. Ағайын-туыстың үйіне қыдырдық. Тіркемемен жүк тасыдық. Тым көп зат артылғанда мықшыңдап тартушы еді. Шамамен 7 сыныпта рөлге отыруды үйрендім. Әкей қалай айдаудың жөнін айтып-көрсетіп жүрді. Ара-арасында үйреткені бойынша қайталап қоятынмын. Бәрі өзім үшін. Бүкіл ауыл біздің тракторды «пыртылдақ» дейтін. Оған құлағымыз үйренген. Сөйтсек, даусы пырт-пырттап шығады екен.

Ауылдың жазы ерекше ғой. Шіркін, таңғы шықпен шығатын саф ауасына не жетсін! Пыртылдаққа кәселке (шөп оратын құрылғы) тіркейтін. Сонымен барша кісінің жоңышқасын, қамысын, жантағын оратын. Әкей ол үшін көп қаражат сұрамайтын. Қаншама жанға артығымен орады. Онысын кейбіреулер жасырған болады. Дегенмен, аядай өлкеде кімнің қанша шөп жиғанын біліп отыратынбыз. Сүйікті көлігіміз темір болса да, шаршайды екен. Арасында балоны жарылып, жүрмей қалатын. Қайтсін, әбден тозған. Бұлай боларының да  өз себебі жоқ емес.  Жұрт еңбақысын жарытып бере қоймайды. Түскен қаражат, отбасына бөлінеді. Ал трактордың еншісіне жарым-жартысы ғана бұйырады. Әй, дегенмен, ризамын. Далада қалдырып көрген емес. Бұзылса да, ауылға жетіп жығылатын.

Өткенде ауылға жолым түсті. Үй-жайға асығып келем. Бәрі мені күтіп тұрғандай. Ауладағы пыртылдақ көзіме оттай басылды. Көңілім елжіреп қоя берді. Жанарға жас толды. Қасында Құтжол итім байлаулы тұр. Ол да менің бұл үйге бөтен емес екенімді сезді. Құлағы қалқиып, ойнақшып, ытқып-ытқып қояды. Ертесіне әкей сол баяғы әдетінше тракторды оталдырды. 4 жасар інім үйден жүгіріп шықты. Әкемізге қарап, мен де барам деп болмай тұрып алды. Ақыры тракторға отырып, рөлін анда-мұнда қозғап, мәз. Пыртылдақ еш өзгеріссіз. Сол баяғы қалпы. Газды басқан сайын, осқырынады. Сыры кетсе де, сырын білдіргісі келмейді. Дәп бір қартайған айғырдай. Көңілі тасып тұр, сеземін. Сүйегі темір болса да, жаны жұмсақ. Бұл менің көңілімдегі айрықша сәт болды. Бұрынғыны еске алдым, сүйіндім. Ата-бала сабақтастығы бар екендігіне іштей қуандым.

Ауыл сәттері

Менің ата-анам ешқашан бізге қиналғанын білдірмейтін. Десе де, үшеуміз сезетінбіз. Әке-шешемізде жұмыс болмады. Екі қолға бір күректі өздері тапты. Егін екті. Соны аудан орталығына апарып сатты. Ақ сиыр мен қарақасқа қашарымыз болды. Соның арқасында айран-сүт үзілмейтін. Арасында шөп орып та сатты. Інісінің қоңыр «Газ-53» жүк көлігімен Мешеуілден сексеуілді қапқа реттеп салып, сатып жүрдік. Мұның жөні бір бөлек еді.

Сенбі күні малшы ауылға барамын. Қандай көлік кездеседі, сонымен жетуге тырысамын. Бірде ағаларымыз өздерінің төрт түлігін түгендеуге барады. Кейде жолы түскен жолаушыға ілесемін. Әйтеуір жетемін. Бір күні сабақтан кештеу шықтым. Әрең дегенде туыстардың қызыл Жигулиімен жеттім-ау. Мешеуілге кіріп келе жатқанда жартылай тиелген бір мәшине отынды көрдім. Көкем екеуі екі жақтап тиепті. Сол кезде Абылайхан көкемнің жасы 60-тан асқан. Інісіне адалдық танытып, барын салғаны байқалады. Жүрегім елжіреп кетті. Мені көріп қуанды. Бірақ аса білдіре қоймайды ғой. Осылайша егін ексе егінге көмектесем, отын тасыса отынға жәрдемдесем, жасым кіші болса да қолымнан келгенді жасаймын. Мойындаймын, арасында тіл алмаған кездерім де болды. Дегенмен, отбасыма жаным ашитын. Жалпы біздің отбасының балалары ата-анамыздан көп нәрсе сұрамайтынбыз.

Өзім жалғыз ұл болдым. Бала болсам да «маған бір нәрсе болса, әкеме қиын болады ғой» деп ойлаушы едім. Әкем де, мен де тағы бір атұстардың болғанын қаладық. Тілеп жүрдік. Қазір, Жаратқанға мың тәубе! 4 жасар інім бар. Өткенде, ауылға барып әкеміздің 50 жасын тойладық. Баяғы Мешеуілде тұрған кездерді, біздің балалық шағымызды, туыстары оның мейірімді адам, адал жар екенін айтты. Тілек білдірді.

Түйін

Біздің бір ғана арманымыз бар. Ол – ата-анамызға зәулім сарайдай үй тұрғызу. Еңселі, ақ түсті темір тұлпар сыйлағымыз келеді. Шіркін-ай десеңізші, қаражатын болса егер, дүниенің төрт бұрышын кездіріп, барша арман-тілектерін орындар едім. Біз үшін соншама қиыншылық көрді. Түнімен ескі трактормен мұздыаяқ болып отын тасыды. Онысы бірде өтеді, бірде өтпейді де. Бірақ сездірмейтін.

Апам мен жездем, Бәжөк те оқыстан дүние салды. Балалары жан-жаққа кетті. Әжеміз 93 жыл ғұмыр кешті. Бар мейрімін төгіп, батасын беріп өтті. Көк трактор істен шықты. Қызыл трактор шаруаға жарап-ақ келеді. Ал Мешеуіл ағаларымыздың ұйғаруымен ауқатты адамға сатылды. Көкеміз бізбен бірге тұрып жатыр. Бізді кішкентайымызда қалай бақты, інімді солай қарауда. Екеуі бір-біріне әбден бауыр басқан. Мен қолымдағы бар қаражатты жинап, Шиеліден жер телімін сатып алдым. Бұйырса, осы жазда іргетасын қалап, қабырғасын өріп, шатырын жабуды көздеп отырмын. Ойлаған ниетіме талпынып жүрмін.

Қазір барлық бала-шағасы есейді. Әке-ана біз сіздердің жасаған барша жақсылықтарыңызды білеміз. Жаратқан ие қаласа, бұл дүниеде ең тәттіні, ең мықтыны, ең жақсының жақсысын сыйлап, сіздерді аялап перзенттік борышымызды қайтарамыз.

Келеді сол күн. соны жүрегіммен сеземін. Іштей аңсаймын, тілеймін, шіркін, отбасымызда тек қуаныш, шаттық, бақыт орнаса екен деген ниеттеміз.

Олжас ЖОЛДЫБАЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<