Хабардың мынау тосыны-ай,
Сену де қиын шошымай.
Әскербек өткен өмірден,
Аяулы, асыл досым-ай.
Ажалдың алдан тосуы-ай,
Өмір дегенің осы ма-ай.
Бөлінбей сан жыл бір жүрген,
Досым-ай, мойын қосым-ай.
Осы ма өмір дегенің,
Бұл жайға қалай сенейін.
Ажалға келген не шара,
Амал жоқ, қайтем, көнейін.
Суыт та хабар сұрқын-ай,
Тояр ма ажал құлқыны-ай.
Дүниеден өтті бір ақын,
Құлады жырдың бір туы-ай.
Ажал сұм, адам таңдап па,
Көнерміз мынау салмаққа.
Аяулы, асыл досым-ай,
Болсыншы жаның жаннатта.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<