Борнмут түлегі – Бекзат

1040

0

Бекзат Ырза – «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда білім алған Сыр елінің перзенті. Бірнеше тіл меңгеріп, білім бәсекесінде бірінші болу үшін арманға деген тұрақтылық пен еселі еңбек қажет. Бүгінде ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы қызметін атқарады.

Қазалы ауданында көпбалалы отбасында өскен Бекзат бала кезден-ақ әлем елдерінің астанасын, валютасын жаттауды ұнататын. Қызықты фактілер тауып алатын. Жаһанды тануға деген ұмтылыс оның арманын айқындай түсті. Мектеп бітірген соң Еуразия ұлттық универсиетінің туризм мамандығы бойынша білім алып, кейін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасында қызмет атқарды. Елтануға бейім Бекзат үшін бұл таптырмас мүмкіндік болды. Жұмыс барысымен еліміздің барлық аймақтарына, бірнеше шет мемлекетке сапарлады. Ал, Ұлыбританияға жол түскенде, Лондонға қатты қызығып «Қалайда осы елге қайта келуім қажет» деген мақсатпен оралды. Арада екі жылдай уақыт өтті. Ағылшынша сөйлеуге әбден төселген соң, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырды. Көп ұзамай Борнмут университетінің қонақ үй бизнесі және туризм мамандығының студенті атанды.

Бекзатпен сөйлескенімізде өзге елдің тұрмысы, ерекшелігі туралы сұраған едік.

-Ағылшындардың басты ерекшелігі, білімге деген құштарлығында. Екінші, уақыттарын тиімді пайдаланып, кездесуге он бес минут ерте келеді. Үшінші, әрқашан позитивті жүретіндері бұл халықты одан әрі құрметтеп сыйлауыма ықпал етті. Олардың  ең басты қасиеті тұрақтылық дер едім. Затқа, құндылықтарына деген көзқарасы тұрақты. Мен ол жақта қонақ үй саласы бойынша жұмыс істедім. Байқағаным, ағылшындар үшін 32 жыл бойы бір қонақ үйге келіп демалу немесе әрдайым бір кафеден тамақтану қалыпты дүние. Азиялықтар мен еуропалықтардың айырмашылығы сонда, азиялықтар шешімдерін, ойларын өзгертуге бейім, – деді ол.

Жақсылық пен жаңалыққа үйір, тірлігі тиянақты қыз «Болашақ» берген білімді ел игілігі үшін пайдалануда.

-Кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен университетте жұмыс істеудің айырмашылығы үлкен. Туризм саласы сервистік қызметке кіреді, ал халықаралық байланыстар орнату – дипломатия. Екіншісі ұзақ уақыт алатын процесс. Бірақ екеуі де мен үшін маңызды. Себебі, әр таңды күлімдеп қарсы алып, жұмысқа қуана бару, қызығушылықпен іске кірісу – өміріме мән беретін құндылық. Мен екі жұмыста да осыны сезіне алдым. Алдағы жоспарым туризм саласы бойынша докторлық қорғап, жұмыс барысында қолдану. Сондай-ақ, туризм бойынша қысқамерзімді онлайн, офлайн курстар ұйымдастыру, – деді білімге құштар Бекзат. 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<