Дәмеш апаның әңгімесі

1820

0

…Әлі есімде Дәмеш Ермекова-Жүргенова апамыздың үйіне ел жақтан Темірбек Жүргеновтің інісінің жұбайы Зерхан Сақтағанқызы мен анамыз Дүйсенкүл Құтымышқызы жиі-жиі баратын

Мен Шара Жиенқұлова, Ғабит Мүсірепов пен Шолпан Байтұрсынова, Өтебай Қанахин, Бейбіт Қойшыбаевты, тағы басқа да ардақты кісілерді осы Дәмеш апамыздың үйінде көрдім. Бұл кісілердің әңгімелерін арагідік тыңдап, дастарханды жиыстырып, қонақтарды шығарып салушы едік.

Кейіннен ол үйге бауырларым Әуезхан мен Әділхан, Жағыпар мен Асылбек, Ақылбек, Әбілхан мен Бәкір де барды. Мұндайда Дәмеш апамыз дастарханды жайнатып жіберетін. Қазы-қартаға толы табақтағы етті алдымызға қойып жатып, әрбіріне теңдей бөліп:

– Мынау менің сендерге асатқаным болсын, – деп қалдырмай алғанымызды жөн көруші еді. – Мен ертең үлкен ауылға кеткен соң, әжеміз тамақты тауыспайынша орнымыздан тұрғызбаушы еді деп еске алып айтып отырсаңдар соның өзі бізге жеткілікті, сол бізге бағышталады, – деуші еді. Осындай сөздерге кезінде мән бермедік, астарында терең сырдың жатқанын кейін ұқтық.

Дәмеш апамның қызықты сәттері де көп болатын. Үйіне келген кісіге (әсіресе ол кісі ұзақ отыратын болса) амандық сұрасқан соң сүлгісін ұсынып жатып ваннаға шомылуды ескертеді. Шомылудың белгілі бір уақыты болушы еді. Егер уақытынан ертерек шығып қалатын болсаң, асығыс шомылуға болмайтынын айтып, қайтадан кіргізіп жіберетін. Мұндайда ваннадан шыға беруге болады деген белгіні іште тұрып күтуге тура келеді.

Студент бауырларым, ер балалар жағы жатақханаларына тарай бастаған соң елден келген аналарымызға Дәмеш апа әңгімесін жалғастырады.

– Темірбек ұсталған соң маған да қауіп төнді. Қолымдағы баламды ел жақтағы ағайындарға қарай пойызға салып үлгірдім, артынша өзімнің де тұтқындалғаным белгілі. Балам жас болса да елдегі ағайындарын тауып барыпты, – дейтін. Баланың сұрастырып тапқаны – менің атам мен әжемнің үйі. Бұл туралы Мәдина әжем былайша еске алушы еді:

– Түс ауып бара жатқан мезгіл болатын. Төбенің басынан көрінген бала ылдиға қарай жүгіре басып тура біздің үйге беттеп келеді. Жақындай түскен баланы киім киісінен, жүрісінен тани кеттім.

– Жұбаназарсың ба?

– Иә, – деп басын изеп тұрған баланы қолынан жетектеп үйге алып кірдім.

Үй ішіндегілер бірінен соң бірі құшақтап, амандасып жатты.

Дәмеш апам баласының алғырлығын, тазалығын, ақылдылығын айта келіп:

– Темірбекті әке, мені шеше көрді. Тек оның қоштасарда құшағымнан зорға босап, өксіп жылағаны, вагонға алдап мінгізгенім, сенсіз ешқайда бармаймын деп вагон терезесіндегі перделерді жұлқа тартып қарсылық білдіргені әлі күнге дейін көз алдыма. Көшедегі өрімдей жастарды көргенде балам есіме түсіп, көңілім босайды…

Өзінің туған жылын есейтіп жазғызып, «әке-шешемді қайтсем де ақтап аламын, олар «жау емес» деп соғысқа аттанып, оралмады. Ауыл балалары да тиісіп, мазасын үнемі алып отырған, – дейтін.

Дәмеш апамыздың осындай аяқталған әңгімесінен соң көңілсіз күйде ұйқыға кететінбіз.

Ертеңгілік асымызды ішіп алып дүкендер мен жасыл бақтарды аралауға шығатынбыз. Келесі күндері театрға ертіп барушы еді. Мен алғаш рет театрға, яғни М.Әуезов атындағы драма театрына осы кісімен бардым. Сол кезде Қ.Мұхамеджановтың «Біз періште емеспіз» атты қойылымы болды. Қойылымның орта тұсында Дәмеш апаның көздері жасқа толғанын байқадым. Кейіпкерлер де өзі тағдырлас еді. Үйге келген соң да көпке дейін үнсіз отырып, әңгімесін қайталап жалғастыратын.

Дәмеш апам ауыл жақтағы ағайындарды, сол кездегі мерт болған туыстардың жұбайларының тағдырын да сұрастырып отыратын.

…Сондай кісінің бірі – кезінде отбасымыздың бір мүшесіне айналған Күләй есімді әжеміз еді. Күләй әжемнің аяулы жары Пірназар Қарақұлов та жазықсыз жапа шекті.

Жалындап тұрған жас жігітті аудан басшылары ауыл ортасына үлкен етіп салынған, ел игілігіне пайдалануға берілгелі тұрған клубтың меңгерушісі етіп тағайындайды. Сол мәдени мекеме әлі күнге дейін жұмысын жалғастыруда. Ауыл ақсақалдарының естелігіне сүйенсек, үлкен-кішісі бар, қонақтары мен басшылары бар, 1 Мамыр мерекесімен жұртшылықты құттықтап, клубтың ашылу салтанатында сөйлеп тұрғанда кенеттен кеудесіне оқ тиіп, сол жерде жантәсілім етеді. Жары жап-жас күйінде жесір қалды.

Әжеміз өте келбетті кісі еді. Тік жүріп, нық басатын. Есімде қалғаны үнемі басындағы ақ жаулығын ауыстырып тартып, үстінен әппақ кимешегін киіп алатын.

Кимешек киген ауыл аналарының барлығы да көрікті болып көрінуші еді. Күләй әжеміз ара-тұра бізге тәтті конфеттер мен коржиктерді сатып алып үлестіретін. Тәттіні тоя жеп, конфет қағаздарын жинап, мәз болатынбыз. Қайран, қолы ашық, мейірімді аналарым-ай…

Олар жазықсыз мерт болған жұбайларының отын өшірмеді. Өздері жасағанша шаңырақты сақтай білді.

Кейіннен осы Күләй әжеміздің жұбайына арналып «Жаңаталап» ауылында ас, бір көшеге есімі беріліп, сол көшенің басталған тұсынан ескерткіш мүсіні орнатылды.

Зәмзәгүл ИБРАГИМҚЫЗЫ

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<