Дала дарабозының дауысы

1318

0

Анасынан жастай қалған Ыбырай әкесі Жақайдың тәрбиесімен жетіледі. Бала күнінен әкесіне атқосшылық жасап, еркін өскен баласы жөнінде Жақай: «Байқайсыңдар ма, біздің Ыбырай жүргенде жер дүңкілдеп дыбыс шығарады» дейді екен. Жақай ата да тегін адам болмаған секілді, сол айтқаны келіп, Ыбырай есімі әлемге танылды. Қара кетпенмен елдің тарихына еңбек дастанын жазды. 1938 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға еріксіз көшірілген корей ұлтының өкілдері Шиелінің «Авангард» және «Гигант» колхоздарына көбірек шоғырланған-ды.

Сол кезде күріштен жоғары өнім алу үлгісін ата-басынан бері күріш өсіріп келе жатқан корейлер көрсетеді. Олардың арасынан шыққан Ким Ман Сам деген қарт диқан 1942  жылы 20 гектар күріштің әр гектарынан 160 центнер өнім жинап, рекорд жасайды. Бұл кезде Ыбырай өзіне бекітілген бес гектар алқаптың әр гектарынан 43 центнерден ғана өнім алыпты.

Күріш егудің қыр-сырына қанығып, түрегеп жүріп ұйықтап, тірнектеп жүріп жинап, намысын қамшылаған диқан 1943 жылы әр гектардан 130 центнерден келтіреді. Ал, 1944 жылы 110-ға,  1945 жылы 156-ға, 1946 жылы 160 центнерге арттырып, Ким Ман Самның төрт жыл бұрынғы көрсеткішін қуып жетеді. 1946 жылы Жақаев пен Кимге сол кезде «Сталиндік сыйлық» аталатын КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріледі. Ыбырай Жақаев осы сыйлықтың қаражатын колхозға 5 трактор сатып алуға жұмсайды, Ким өз ауылына клуб соқтырады. Мұнан әрі Ыбырай ата жерді, тұқымды таңдау мен баптау, суғару әдістерін жетілдіре түседі. 1947 жылы күріштің «Қазақ салысы» аталатын сұрпын егіп, 5 гектар танаптың әр гектарынан 172 центнерден өнім алып, Ким Ман Самды басып озады. Сонан бері осы жаңа әлемдік рекордтан асып түскен ешкім болмапты. Тіпті күріш өсіру тәсіліне қазақтардан бұрын қанық болған корей диқандары да, олардың ең атақтысы Ким Ман Сам да бұл деңгейге көтеріле алмаған.

Сол Ким ақсақал 1956 жылы туған елі Кореяға көшіп кетеді. Қазір Авангард ауылындағы өзі соқтырған мәдениет үйі оның атымен аталады.

Әлем чемпионы деген атақ алған спортшылардың сол атағын қайта-қайта қорғап күреске шығатыны бар. Ал, рекорд жасаушыларға мұндай талап қойылмайды. Рекорд жасадың ба, оны біреу жаңартпаса сол атағың қала береді. Осы қағиданы негізге алғандар Ыбырай атаның көрсеткішіне сенбестік танытыпты. Ал, күріштің әр дәнін сәбиіндей сылап-сипайтын диқан осы рекордтан соң он жыл бойы, яғни, 1948-1957 жылдары 20 гектар алқаптың әр гектарынан 150-170 центнерден өнім жинап, есепшіл жандарды еңбек құдіретіне бас игізеді.

Диқан табысқа жеткен жылдары тұқымды себу алдында күнге қыздыру, көң мен суперфосфат ерітіндісіне бөктіріп, бүршіктендіріп себу, қамыс және күрмек арамшөптерімен күресу, күріш егісіне тыңайтқыш енгізу мөлшері мен мерзімін дұрыс анықтау сияқты агротехникалық шараларды өндіріске енгізеді. Бұл технологиялық әдістер «Жақаев агротехникасы» деп аталады.

Ы.Жақаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы бірінші рет 1949 жылы, екінші рет 1971 жылы диқанның 80 жылдығы қарсаңында берілген. Алайда, бұл  оның мерейтойына жасалған тарту емес-ті. Бұл осы кезде бүкіл республикада өріс алған, Одаққа таралған «жақаевшылар қозғалысы» аталатын диқандардың мол өнім үшін жорығының басында тұрып, жас диқандарға ақыл-кеңесші болған қайраткер қарттың белсенді қоғамдық қызметін бағалау болатын.

1963 жылы КПСС Орталық комитетінің Бас хатшысы Н.Хрущевтің «Правда» газетінде мынадай мәлімдемесі жарияланыпты: «Күріш туралы қысқаша айтқым келеді. Жақында мен Қазақ Республикасының «Қызыл Ту» колхозындағы Ыбырай Жақаевтың звеносы туралы басылым бетінде жарияланған мақаланы оқыдым. Менің бұл кісіні тыңдауыма тура келгені, ол – нағыз шебер. Күріштің әр гектарынан тұрақты түрде 70-90 центнер өнім алуда, мектеп ашып, күрішшілерді оқытып жатыр, қазіргі таңда 100 адам оқытып шығарды. Шәкірттерінің бәрі жас адамдар. Мысалы, колхозшы Закира Ержанова үш жыл бойы күріштен 50 центнер өнім алып келеді. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ күріш өсіруші аудандарда осындай мектептер қанша деп Қазақ Республикасының басшыларынан сұрағым келеді. Өте аз. Күріш өсіруші озаттардың тәжірибесі нашар таратылуда. Сондықтан, Қазақстанның көптеген колхоз-совхозы күріштің әр гектарынан 15-20 центнер ғана өнім алып отырғаны кездейсоқ емес».

Осы мәлімдеме Жақаев тәжірибесін жаппай таратуға сеп болған. Ол былай басталады. 1963 жылы облысқа басшы болып келген Мұстақым Ықсанов жұмысының алғашқы күні-ақ даңғайыр диқанды өзі іздеп барып, күріш егісі саласын қалай дамытуға болатынын ақылдасады.

Осы ақылдастықтан соң облыста күріш егістігін инженерлік жүйеге келтіру, Сырдың сол жағалауынан жаңа алқаптарды игеру, арналар тарту, жолдар салу жайы қолға алынады. Тәжірибелі басшы жоспарды жүзеге асыру үшін Одақ, республика тарапынан қомақты қаржының бөлінуіне күш салады. Жаңадан совхоздар ашылады. Шымкенттегі республикалық күріш ғылыми-зерттеу институты Қызылордаға көшіріледі.

1964 жылы көктемде дала академигінің «Жас ұрпаққа сәлемхат» деп аталатын жастарға арналған жолдауы баспасөзде жарияланып, радиодан беріледі. Осылайша, елін, жерін, ұрпағын сүйген асыл адам халықтық қозғалысқа көшбасшы болады.

Бүкіл облыста жақаевшылар қозғалысы белең алады. Сол жылы Шиелі ауданындағы №50 мектепті бітіруші 25 жас класс жетекшілері Мырзахан Қойлыбайұлымен бірге күріш егуге аттанады. Осы жастардың үлгісімен  сол 1964 жылы облыста 74 жас күрішшілер сапына қосылады. Осы қозғалыстың арқасында облыста күріш егісінің көлемі күрт өсіп, 29600 гектарға жетеді. Халықтың ырысы артып, елдің тұрмыс жағдайы көтеріле түседі. Бұл еңбек майданындағы жеңістің алдыңғы шебінде жүрген батыр Ыбырайдың арманы болатын.

Құжатқа қатталған есімнен халықтың қойған аты қастерлі.  Жиырмасыншы ғасырдың алып адамы, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың «Ақ күріштің атасы» атануы, сөз жоқ, халықтың махаббатынан маздаған құрмет.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, төрт мәрте «Ленин», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – мұндай марапатқа бөлену кеңес дәуірінде мыңның біріне бұйырған жоқ. Жаңа айтқанымыздай, осының бәрі мемлекет мөрлеп берген атақтар, ал, қарапайым еңбек адамының халық ішіндегі атақ-даңқы тіпті зор болды. Халық Ыбырай атаның тұлғасын әулиеге теңеді. «Жақаевтың өндірген күріші Жер шарын мекендеген барша халықты бір ай асырауға жетеді» деген сөз ел кезіп жүрді. Халық өзінің қолдаған батырын жеті қабат қорғаннан қарғытады, жаны қалаған жақсысын көкке ұшырады, Ыбырай атаға айтылған дәріптеу де сондай сүйіспеншіліктен туған.

Сыр елінің саңлақ перзенттерінің бірі, абыз ақсақал атанған тұлға Сейілбек Шаухаманов 1983 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда қызмет үстеліне Ыбрай Жақаевтың кішкене бюстін қойыпты. Мұның себебін жарықтық Сәкең: «Мен күн сайын Ыбырай атаның рухына сыйынып, атқарылар жұмысымды ақылдасып отырамын. Бұл – табысқа жетуіміздің басты сыры», – деп түсіндіріпті.

С.Шаухаманов Шиелі ауданын басқарып тұрғанда аудан орталығында дала академигінің ескерткішін орнатып, Ы.Жақаев музейін ашқан. Міне, құрмет!

Білемін деген кісі диқан атаның болмысындағы ерекше қасиеттерді ел аузынан молынан табады. Ыбырай ата туралы: «Ұзақ жиындар  президиумында қозғалмай, тік отыратын. Тосын біреу болса, тірі адам екенін көзін жыпылықтатқаннан ғана білер еді, құдды тас мүсін дерсің», – деп бас шайқағандарды өзіміз де естіп, көрдік.

Еңбек адамына жетісе бермейтін ең басты қасиеттердің бірі – осы шыдамдылық! Шыдамды адамның бойында ерік-жігер күші, ерлік сезімі жатады. Ондай жандар қайырымды, ақылды болады. Бұл – пәлсапашылар пайымы және өмірдің өзі дәлелдеген шындық. 

Ыбырай ата жайында айтылған көзкөргендердің естелігі бізге есті кісі, толық адам бейнесін елестетеді. «Ол өзінің бір басынан асып-төгіліп жатқан атақ-даңқты жеке басына пайдаланған жан емес, қарапайым ел қатарлы өмір сүрді», – дейді олар. Ал, диқанның шәкірті, Социалистік Еңбек Ері Закира Ержанованың естелігінде тамаша тәлімдік мән бар. «…Күріш себіліп жатқан кез. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін мезгілі – көктем. Жұрттың бәрі жарты құрсақ. Бір дорба күріш тұқымын, кейін көже қылып ішейік деп үйдегі жаман сандыққа тығып қойғанбыз. Түскі шайдың үстінде Ыбекеңнің көзі сандықтың тесігінен көрініп тұрған күріш дәніне түсті. Ашуланып, бәрімізді жиып алып тарыдай қуырды. «Бұл – бізге аманат етіп тапсырылған бүкіл халықтың несібесі, ырызғысы, ертеңгі азығы, өзегі, өмірі. Тұқым ұрлағанның тұқымы құриды деген, бұларың не, қарақтарым. Апарып орнына салыңдар, ендігәрі аштан өлсеңдер де бұл жаман әдетті қайталамаңдар!» деп еді. Осы әңгіме бәріміздің де бүкіл өмірімізге жетерлік сабақ болды» – дейді атақты күрішші.

Батырдың адал болмысы, көркем келбеті көрінетін мұндай әңгімелер көп. Ол әңгімелер дала дарабозының даусын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, халық жүрегінде сақтады.

Кеңес өкіметі кезінде біздің Ыбырай атамыз секілді Шығанақ Берсиев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Кәмшат Дөнентаева дейтін атақты еңбек батырлары болды. Олардың өмір өнегесі ешқашан ұмытылмайды, жылдан жылға жаңғырып, жаңарып тұрады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<