Достыққа адал жан еді

50

0

Өткен жылдың қараша айының соңында Жөкең, Жолдасбек аға Астанаға, курстасы маған екі-үш мәрте хабарласты. Әдеттегі дағдысындай тек амандық-саулық сұрасқанмен шектелмей, елге Қызылордаға қашан келесің деген сауалын жиірек қайталады. Сол уағдаласқан уақытпен желтоқсанның екінші күнінде Жөкеңе хабарласып, міне ұшақтан түсіп дария бойындағы жағалау жолмен қалаға кіріп келемін, дайын отырыңыз, үйден алып кетемін деп сөйлеп жатырмын. Дауысынан қуаныш лебі байқалып тұр. «Жарайсың» деген сөзі құлаққа жағымды естіледі. Есік алдында Қалима екеуі қатар тұр екен. Қолында газет-журнал қиындылары бар, орама қалта. Астаналыққа дайындаған тамақ, ас-суға да ғафу өтініп, жүр-жүрмен жүріп кеттік.

Екі сағаттай қаланың оң да сол жа­ғалауын көлікпен асықпай араладық. Тіптен теміржолдың күншығыс жа­ғын­дағы туып-өскен Шанхай, Ком­мунизм, КБИ, Титов, Гагарин аумағын жүріп өт­тік. Әсіресе әке-шешесінің рухы қалған Қазақстан көшесімен өт­кенімізде өзге­ше бір сезімде болды. Ғ.Мұратбаев атын­дағы Орталық ста­дион жанындағы ғи­ма­раттың төртінші қабатынан Абай – Бөкейхан көшесіне қарай Жөкең көзін тіктеп тесіле қа­рады.

«Анау медициналық диагностика жанындағы облыстық газеттердің бая­ғы ғимараты ғой. Қалай ыстық көрі­не­ді десеңізші. 1983 жылы универси­тетті бітіріп келісімен облыстық га­зетке кор­­ректор болып орналастым. Атта­рына ел-жұрт қанық, ақын-жазушы, журналист, қаламгер ағалар жандарына жайғасып, әңгіме-естеліктерін тың­даудың өзі бір ғанибет.

Нұрділда Уәлиев, Шора Ералиев, Қом­шабай Сүйеніш, Сейіл Бо­ран­баев, Әскербек Рахымбекұлы, Жақ­сылық Рах­матулла, Әділхан Бәйменов, Дар­хан Са­паров, Үсен Әбшеновтей аға­лар­дан үйренгеніме, оларға шәкірт бол­ға­­нымды бүгін көз алдыма келтіріп отыр­мын. Қазір ол кісілер туралы тек өткен шақта естелікпен ғана сөйлейтін болдық», – деді.

Осы арасы маған ауыр батады. Осыны айтқанда ағаның маңдайында қаяу әжімдері пайда болды. Үнсіз біраз уақыт отырды.

Тарих, әдебиетке құнды дүниелерді Ғұмар Қараш, Мәншүк, Димаш сияқты зерттеу еңбектерімен белгілі курстасым Мақсат Тәж-Мұраттың қа­засы маған қатты батты. Бергенінен берері көп қаламгер еді ғой. Ғұмыры қысқа, болды. Бірге оқыған Темір Хұ­сайыновты да Мақсат Ізімовті де, Мұратбек Дүй­сен­баевты да, Талғат Ормановты да қи­налыспен еске ала­мын. Ол сәтте бұл кісінің жан толғанысына онша мән бермеппін.

Достыққа адал жан еді

Бұрынырақта да мұндай сезімдерін, сөздерін көрсете де, естірте де бер­мей­тін. Бөлмені тікесінен кесіп өтіп дария жаққа, қаланың сол жағалауына қараған терезе жанына келіп, ұзақ те­сіле қарады.

«Сенің айтатының бар еді ғой. Бір кездері Қызылорда мен Атырау бір деңгейдегі қалалар қатарына жататын. Американың Шеврон, Италияның Ад­жип, тағы көптеген мұнай, газ ком­панияларының қолдауымен Атырау кө­рікті қалаға айналды. Көр де тұр, Қы­зылордамыз да осы даму қарқы­нымен Атыраудан аспаса, одан кем бол­май­ды», – деді ендігі сөзінде.

Тоқ, мейірленген көңілденген көз­бен Жөкең маған қарап тұр екен.

ҚазМУ-да 50 ұл-қыз қатар оқыдық. Оның 25-і мектептен соң, жұмыс істеп, әскер қатарынан оралғандар. Қазақтың біртуар, талантты ақыны, Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақтөбелік Ертай Ашықбаев екеуі жұбы жазылмай қа­тар оқыды, жатақханада тұрды. Ол Ақ­төбесіне, Жолдасбек аға Қызыл­ордасына оралды.

Баспасөздің пәрмені ол кезеңде бөлек еді ғой. Фельетон, сын мақала шық­са кейіпкері кім болса, ол болсын, жа­засыз қалмайтын. Мұны жазған да, жазылатын адам да жақсы түсінді. Сон­дықтан да қызметкер тура жүріп, таза жұмыс жасауға, адал болуға өзін-өзі үндейтін.

Жолдасбек Әлмаханұлы талдау, сараптау материалдары экономикалық есеп-қисаппен, логикамен өріліп оты­ратын. Бірнеше ондаған жылдарға со­зылған осы бағыттағы жазу өнері оқыр­манның көзайымына, жоғары ілтипатқа ие болды. Ешкімге тіс жар­маған, қыз­меттік өмірімде болған еді деп бір жайт­ты тілге тиек етті. Үл­кен басшы газет же­текшісіне тап­сыр­ма береді. Әрине, бұл­тартпас де­рек­термен, орынды ой-дә­йекпен жа­рияланатын сын мақала керек. Әрі-бері қашыртқаныма жетекші көнбеді. Сол тапсырмамен, облыстың бір ау­данына баруға тура келді. Өтірік көл­гірсіп не істеймін. «…Сізден ау­дан­­ның жұмысын сынауға келдім, сон­­­дай тапсырма бар» деп төтесіне көш­тім. Маған мынадай-мынадай мә­лі­меттер керек дедім. Алынды, кеш­кілік Қызылордаға пойызбен қайттым. Тәу­лік ішінде сын мақаланы жетек­шім­нің столына қойдым. Мақала шық­ты. Енді ол қызметінен, ауданынан ке­тетін шығар дедік бәріміз. Жо-жоқ, тапсырма ишарасын орындаған болып шығыппыз…

Осыны айтып Жолдасбек аға қын­жылыс жасағандай кейіп танытты. Кім­ге арналғандығын сезіп тұрмын. Жө­кеңді жан дүниеммен түсініп, се­зініп тұрмын. Мінезіміздің кейбір иірімдері ұқсас.

«Бетегеден биік, жусаннан аласа болғың келмейді», «Турасын айтып, туғаныма да жақпаймын». Осындай ой-ұшқынын айтып отырғанда селк еттім. Менде де сондай қылаң пікірлердің бойымды мазалайтыны айдан анық.

Жолдасбек аға перзенттері туралы, олардың қамқорлықтары жайында ше­шіле әңгімеледі.

– Қызымның орны бөлек. Шіркін өз жұртынан да, барған ортасынан да уақыт таба «…папа, жаныңа не қажет, айтшы» деп қиылып тұрады.

Мен де әңгімеге қосылып қоямын.

– Ұлың Еркін де қамқор бала ғой. 1998 жылы осы қалаға алғаш кө­шіп келгенде «Шұғыла» шағын ау­да­нында бір үйде тұрғанымыз есі­ңізде ме? Сонда Ер­кін келіп «…аға ав­томашинаңыз «мит­субиси галан­тыңызды» біздің авто­тұ­раққа қойы­ңыз, іші жылы» дегенде жү­регім жа­ры­лардай қуанғаным есімде. Ата-ана­сына ұқсаған ұрпақ осылай бо­лу керек қой, деп сүйсіндім.

Келесі жылы, яғни 2026-да 70 жасқа толатынын, соған естелік кітап жазуды қолға алғанын, қазір Ә.Тәжібаев кі­тап­ханасына жиі барып жүргенін, сы­нып­тас қыздарынан мектептің баста­уыш ке­зінде бірге оқығандарын тү­ген­деп жүр­генін, анасы жайлы көзкөрген­дер­дің бәрі өмірден озса да, есте­лік айтатын кейуана кісілерді іздеп жүр­генін асықпай, баппен қоңыр дауыспен әңгімелеп жатты. Көптеген бұрын ай­тылмаған жайттардың тиегін ағытты. Құрмет тұтатын, бойын түзейтін бір­қатар қайраткер, қарапайым ағалардың есімдерін аса бір ерекше ілтипатпен түгендеді.

Ұлы Еркіннің жеңіл көлігімен үйіне оралды. Тың, қунақ, ойы сергек сәтімен көз алдымда қалды. Ертеңінде таңертең қалта телефоным ұзаақ шырылдады.

Сыр елінің айтулы азаматы, респуб­ликаға танымал қаламгер, тұлға, Қа­зақ­станның құрметті журналисі, курс­­тасым Жолдасбек Ақсақаловтың жү­рек соғысы мәңгілікке тоқтапты. Бүр­сікүнгі әңгіме-дүкеніміз ағамыздың бой жа­зуы екенін енді білдім.

Ұрпақтарының, жерлестерінің жү­ректері дүрсілдеп соғып тұрғанда, Жө­ке, Жолдасбек Әлмаханұлы, сіздің есіміңіз ешқашан ұмытылмақ емес!

Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ.

Астана қаласы